Қазақстанда жеке куәлікті онлайн қайта рәсімдеу қызметін тестілеу жалғасып жатыр, алайда пайдаланушылар ақауға, атап айтқанда, суретті жүктеу кезіндегі қиындықтарға шағымданды. Цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қызметті іске қосқанда не уәде етілді?
Бұған дейін Қазақстанда құжаттарды қашықтан ресімдеуге мүмкіндік беретін цифрлық қызметтер іске қосылып, енгізіліп жатқаны хабарланған болатын.
Атап айтқанда, қазақстандықтардың жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін дайындауға ХҚКО-ға бармай-ақ өтінім беру мүмкіндігі пайда болды. Азаматтар үйінде өз бетінше суретке түсіп, оны жүйеге жүктей алады және бүкіл процесті онлайн өтеді деп жоспарланған еді.
Қызметтің басты ерекшелігі - бұрын берілген жеке куәліктегі немесе паспорттағы суретті пайдалану мүмкіндігі. Бұл ретте суреті бар құжаттың берілгеніне үш жылдан аспауы тиіс.
Алайда іс жүзінде қызмет әзірге күтілгендей тұрақты жұмыс істемей, кейбір пайдаланушылар әлі де қиындықтарға тап болып жатыр.
Сурет неге қабылданбайды?
Журналистер мысал келтірді: қазақстандық жеке куәлікті онлайн ресімдемек болған, бірақ оның суреті қабылданбай, ХҚКО-ға баруға тура келген, ал онда суретке түсу үшін де кезек бар екені анықталған.
Ростислав Коняшкин мәселе бар екенін және оның жүйені жетілдіру жұмыстарымен байланысты екенін мойындады.
"Кез келген жаңа өнімді іске қосу кезінде сынақ кезеңі болатынын растаймыз. Жеке куәлікті қайта шығару пилоттық форматта іске қосылды және біз суреттер сапасын талдайтын модельді әлі де оқытып жатырмыз", - деді ол үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, дәл осы фотоны тексеру кезеңі сервистің "осал тұсы" болып қалып отыр.
"Қазір онлайн қайта рәсімдеудің сәтті өту көрсеткіші 50 пайыздан аспайды. Сәтті және сәтсіз жағдайлар бар, біз осы деректер жиынтығы негізінде модельді қосымша оқытып жатырмыз", - деп түсіндірді вице-министр.
Ол жүйені пысықтау үшін тағы бірнеше ай қажет болатынын айтты.
Неге әлі де ХҚКО-ға баруға тура келеді?
Министрлік онлайн-қызметтердің дамып жатқанына қарамастан, офлайн форматтан толық бас тарту әзірге мүмкін емес екенін айтты.
"Жүйе қате жұмыс істейтін жағдайлар болады, біз оны түзетіп жатырмыз. Сондықтан, егер адам ХҚКО-ға келсе, біз оны кері қайтармаймыз, керісінше өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы арқылы қызмет алуға көмектесеміз", - деді Коняшкин.
Сонымен қатар кейбір орталықта құжаттарды рәсімдеуге арналған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылып қойған.
"Біз бұл тәжірибені оң деп санаймыз және оны биыл кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл қызмет алу уақытын қысқартып, кезекті азайтуға мүмкіндік береді", - деп толықтырды вице-министр.
ХҚКО қызметкерлері азая ма?
ХҚКО қызметкерлерінің ықтимал қысқаруы туралы сұраққа жауап бере отырып, Коняшкин дәл қазір мұндай міндет тұрмағанын баса айтты.
"Біз қызметкерлерді қысқартамыз деп айтқан жоқпыз. Бірақ егер келушілер ағыны азайса, уақыт өте келе бұл олардың санына әсер етуі мүмкін", - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, қазір орталықтарға түсетін жүктемеге тұрақты бағалау жүргізіліп жатыр, алайда қысқарту жүріп жатқан жоқ.
"Біздің мақсат - қызметтерді цифрландырып, ыңғайлы ету. Қалғанының бәрі - соның нәтижесі", - деп түйіндеді вице-министр.
Сондай-ақ цифрландыру министрлігі қазірдің өзінде ХҚКО-ларға түсетін жүктеме төмендегенін хабарлады, биыл бірінші тоқсанда өтініштер саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30–35 пайыз азайған.