21 сәуір 2022 10:00

Қамауға алынған блогерлер, мемлекет меншігіне қайтқан кәсіпорындар. 20 сәуірде Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бұрынғы вице-министр Ерік Байжүнісовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.   ЦентрКредит банкі Қазақстан Альфа-банкін сатып алатын болды. Мемлекет меншігіне тағы бірнеше кәсіпорын қайтарылады. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.


Бұрынғы вице-министр Ерік Байжүнісовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.   ЦентрКредит банкі Қазақстан Альфа-банкін сатып алатын болды. Мемлекет меншігіне тағы бірнеше кәсіпорын қайтарылады. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Төребаев пен Шерниязов 10 тәулікке қамалды 

Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынды. Оларға қатысты бұлтартпау шарасын кепілден 10 тәулік мерзімге күзетпен ұстауға өзгертуге санкция берілді

Мемлекетке 6 миллиард теңгеден аса шығын келтіргендер сотталды

Қаржы мониторингі агенттігінің астаналық департаменті ақша қаражатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру саласындағы қылмыстық іс-әрекеттің жолын кесу бойынша операция жүргізді. Ұсталғандар мемлекетке 6 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Сот алты кінәліге де бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Мәжіліс Ұлттық қордан түсетін трансфертті 4 триллион теңгеге дейін арттыруды мақұлдады 

Ұлттық қордан түсетін трансферттің көлемін 4 триллион 30 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, қаражат республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық қордың мақсатты көрсеткіштері фискалдық шектерде қалады. Депутаттар "Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасына дауыс берді.

Жансая Әбдімәлік Алматы шахмат федерациясының президенті болды 

Алматыда Шахмат федерациясы құрылды. Ұйымның президенті болып Жансая Әбдімәлік тағайындалды. Федерация 2024 жылға дейін төрт негізгі бағытты дамытуды жоспарлап отыр: азаматтар арасындағы бұқаралық спорт, мектептегі шахмат, элиталық спорт, сондай-ақ ардагерлерді қолдау

Фото: instagram.com/zhansaya_abdumalik

Тоқаев Amanat партиясын жаңғырту жұмыстарын жандандыруды тапсырды 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловты қабылдады. Президент Amanat партиясын жаңғырту жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кезектен тыс өткен XXII съезде партияны жаңғырту жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берілді. Мемлекет басшысы азаматтарды толғандырған мәселелерді шешу үшін Amanat партиясында барлық қажетті ресурс бар екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, партияның аймақтық филиалдары осы мәселеде негізгі рөл атқаруға тиіс және өз деңгейінде мазмұнды қоғамдық диалогты нығайтуы қажет.

Фото:akorda.kz

Бұрынғы вице-министр Ерік Байжүнісовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды  

Еске салайық, 2020 жылдың қыркүйегінде бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі, "Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы" ұлттық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ерік Байжүнісовке қатысты бірнеше рет пара алды деген күдікке байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны хабарланған болатын. 2021 жылғы 15 желтоқсанда осы қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған

Қазақстанға келетін ресейліктер саны екі есе көбейді

Биыл ақпан-сәуір аралығында Қазақстанға 128 мыңнан астам Ресей азаматы және 3 074 Украина азаматы келген. 2021 жылдың осы кезеңінде Қазақстанға 58 мыңнан астам Ресей азаматы және 2 617 Украина азаматы келген. Деректер 2021 жылмен салыстырғанда Ресейден келетін азаматтар ағыны екі есеге, ал Украинадан 15 пайызға артқанын көрсетеді.

Вице-премьер базалық мөлшерлемені төмендету қажеттігін мәлімдеді 

Премьер-министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда несиені қолжетімді ету үшін базалық мөлшерлемені төмендету қажет екенін айтты. Мәжіліс отырысында Жамаубаев базалық мөлшерлемені қалыптастыру тетіктерін қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Ұлттық банк инфляция деңгейін ұстап тұру үшін мөлшерлемені неғұрлым жоғары деңгейде ұстау керектігін айтады.

Мағзұм Мырзағалиев КҚК жөндеу жұмысы туралы есеп берді 

Президент "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады. Кездесу барысында Каспий құбыр желісі консорциумына қатысты ахуалға ерекше назар аударылды. Президентке айлақтың жылжымалы құрылғылар жүйесін жөндеу жұмыстарының жуырда аяқталатыны жөнінде баяндалды. Бұл Қазақстан мұнайын Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы тасымалдаудың бұрынғы көлемін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы еліміздің мұнай-газ химиясы саласын дамытудың аса маңызды екенін айтты.

Мемлекет меншігіне тағы бірнеше кәсіпорын қайтарылады

Көліктік сервис орталығы" акционерлік қоғамының (КСО) акциялары пакетінің 100 пайызын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы "Темір Триумф" ЖШС-нің ұсынысы қабылданады. Сондай-ақ, сыйға тарту шарты бойынша "Integrity Solutions" ЖШС ақпараттық-коммуникациялық салада қызмет көрсететін "Soft Art" ЖШС жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 50 пайызын республикалық меншікке береді. Ал "Bridge capital investments limited" жеке компаниясы мемлекетке тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін "Акмолит" ЖШС, "Мархит" ЖШС, "Топаз-НС" ЖШС жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерінің 100 пайызын береді. Одан бөлек, "КСО" АҚ акциялары және аталған серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының орналастырылатын акцияларына төлеуге берілетін болды.

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының бұрынғы басшысы ұсталды 

19 сәуірде прокуратура келісімі бойынша Жамбыл облысы Байзақ ауданы Саракемір кентіндегі өрт пен жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс аясында Қылмыстық кодекстің 453-бабы бойынша "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысы күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін Қайдар Қарақұлов "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатылған болатын.

ЦентрКредит банкі Қазақстан Альфа-банкін сатып алады 

"ЦентрКредит" банкі қаржы мекемесінің қарапайым акцияларының 100 пайызын сатып алып, "Альфа-Банк Қазақстан" жаңа акционері болады. "Альфа-Банк" АҚ акционерлер құрамынан толық шығып, директорлар кеңесінен өз өкілдерін шақырады. Мәміле заңды аяқталғаннан кейін "ЦентрКредит" Банкі ребрендингін жүргізеді. Қабылданған шаралар банктің АҚШ пен бірқатар басқа елдің санкциялар тізімінен шығуына ықпал етеді

Атырау мұнай өңдеу зауытына қарсы қылмыстық іс қозғалды 

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Атырау облысы бойынша прокуратурасының басшылығымен "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС қызметін тексеру шеңберінде 2020-2021 жылдары шикі мұнайды қайта өңдеу бойынша жұмыстарды орындауға монополиялық жоғары баға белгілеу түрінде АМӨЗ үстем жағдайын теріс пайдалану фактілерін анықтады. Монополияға қарсы департаменттің қорытындысы іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Атырау облысы бойынша прокуратурасына жіберілді.

АҚШ Украинаға 1 ай ішінде 7,6 миллиард еуро көлемінде көмек берген

Қақтығыс басталғаннан бері ақпанда АҚШ Украинаның ең ірі одақтасына айналды. Ukraine Support Tracker мәліметі бойынша, Киль әлемдік экономика институтының зерттеушілері құрастырған Украинаны мемлекеттік қолдау дерекқорында 24 ақпан мен 27 наурыз аралығында АҚШ Украинаға 7,6 миллиард еуро көлемінде көмек берген. Осылайша, Вашингтон Киевтің ең үлкен одақтасы болды. АҚШ-тың әскери көмегі гуманитарлық көмектен 1,2 миллиард еуроға асып түседі. Украинаға көмек көрсету бойынша екінші орында Польша (1 миллиард еуро), үшінші орында Ұлыбритания (0,7 миллиард еуро) тұр. Алғашқы бестікті Германия (0,5 миллиард еуро) мен Франция (0,4 миллиард еуро) түйіндейді.

Фото: ifw-kiel.de

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети