“Қарапайым мейірімді әже“. Аяусыз соққыға жығылған зейнеткердің туыстары оқиға қалай болғанын айтып берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Қарапайым мейірімді әже“. Аяусыз соққыға жығылған зейнеткердің туыстары оқиға қалай болғанын айтып берді Бейнеден алынған кадр

Алматыда зейнеткер аяусыз соққыға жығылған видео әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірді. Сол күні не болғанын және зардап шеккен әйелдің жағдайы қалай екенін Tengrinews.kz тілшісіне туысы айтып берді.


Алматыда зейнеткер аяусыз соққыға жығылған видео әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірді. Сол күні не болғанын және зардап шеккен әйелдің жағдайы қалай екенін Tengrinews.kz тілшісіне туысы айтып берді.

Туысының айтуынша, зардап шеккен әйел 66 жаста. Ол - байырғы алматылық, ғұмырының басым бөлігін бір ауданда өткізген. Мұғалім болып жұмыс істеген және жақындарының айтуынша, ешқашан агрессия немесе зорлық-зомбылық көрмеген.

"Біздің отбасымыз бұған дейін мұндай жағдайды мүлдем көрмеген. Тіпті отбасы ішінде де біреудің біреуге қол көтергенін көрген емеспіз. Біз үшін бұл - өте жабайы әрі қорқынышты жайт. Ол кісінің өзінде де бұрын-соңды мұндай оқиға болмаған. Көп жылдық еңбек өтілі бар ұстаз, өте сабырлы адам, ешкімге ескерту жасамайды. Мұндай сұмдықтың қалай болғанын өзі де түсінбей отыр", - деді туысы.

Шабуыл қалай болған?

Оқиға таңертең ерте, шамамен сағат алтыда болған. Зейнеткер әпкесіне қонаққа бару үшін үйден шыққан. Туысының айтуынша, ол ешкімді мазалағысы келмей, әдеттегідей автобуспқа шыққан.

Бейнебақылау камераларындағы жазбадан әйелдің аялдамаға келіп, сөмкелерін қасына қойып, көлікті күтіп тұрғаны көрінеді. Ол кезде қасында ер адам болған.

"Ол аялдамада жай тұрған, қарапайым мейірімді әже: пакеттерін қойып, автобус қараған. Содан кейін заттарына бұрылған сәтте ер адам оған тап берген. Ешқандай жанжал болған жоқ. Ол онымен сөйлескен де, ескерту де жасамаған. Бізде толық видео бар, онда бәрінің себепсіз болғаны анық көрінеді", - деді ол.

Оның айтуынша, отбасы шабуыл жасаған адамды танымайды - әйел оны бұрын-соңды көрмеген. Оның үстіне, видеоға қарағанда, ер адам әдейі әрекет еткен болуы мүмкін.

"Ол аялдамаға одан бұрын келген. Жазбада оның сәтті күткені көрінеді: көліктердің жоқтығын аңдып, жан-жағына қараған. Бұл кездейсоқ болған нәрсеге ұқсамайды", - деп қосты ол.

Шабуылдан кейін зейнеткер ес-түссіз қалған. Оқиға кезінде маңайда ешкім болмаған. Шабуылдаушы кетіп қалған, тек біраз уақыттан кейін ғана оқиға орнына куәгерлер келген.

Көршісі зардап шеккен әйелге қауіпсіз жерге жетуге көмектескен, содан кейін жедел жәрдем мен полиция шақырылған.

Шабуылдаған адам туралы не белгілі?

Туыстары полицияға бейнебақылау камераларының жазбаларын берді, онда ер адамның қай бағытқа кеткені көрінеді. Туысқанының айтуынша, оның жүрген жолын аудандағы бірнеше камера арқылы бақылауға болатын еді.

"Жазбаларды өзіміз таптық. Онда оның ары қарай қайда кеткені көрінеді - жақын маңда мектеп, мекемелер, жеке үйлер бар, камералар көп", - деді әйел.

Оқиға таңғы сағат 6-да болған. Шабуыл жасаған адам сол күні кешке табылды. Бұған дейін полиция ер адам ұсталғанын хабарлады.

Отбасында шабуылдаушының кім екені туралы нақты ақпарат жоқ. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол осы ауданда бірнеше рет байқалған.

"Маған өте көп адам оны көргендерін жазды. Жақын маңдағы дүкендерге жиі баратынын айтты. Кейбіреулер оның денсаулығында кінәрат болуы мүмкін дейді, бірақ бізде расталған ақпарат жоқ - мұны тиісті органдар анықтауы тиіс", - деді сұхбат беруші.

Туыстары полицияға арыз жазды және әділдікке қол жеткізуге ниетті.

"Біз бұл істің аяқсыз қалмағанын қалаймыз. Өйткені бүгін бұл жағдай біздің жақынымыздың басына түссе, ертең оның орнында кез келген адам болуы мүмкін еді. Ол бала немесе басқа да қарт адам болуы ықтимал", - деді ол.

Зардап шегушінің жағдайы

Қазір әйел жеке клиникада жатыр. Туысының айтуынша, оның жағдайы тұрақты, бірақ жарақаттары ауыр және қалпына келу үшін уақыт қажет.

"Қазір жағдайы тұрақты, бірақ алда ұзақ оңалту процесі күтіп тұр. Көптеген тігістер салынды, беті қатты зақымдалған. Кеше ол көзін де, аузын де мүлдем аша алмады - соққыдан бәрі ісіп кеткен. Бүгін жағдайы сәл жақсарды, есін біледі, сөйлеп жатыр", - деді сұхбат беруші.

Ішкі мүшелері ауыр зақымнан аман қалғанымен, салдары бәрібір ауыр. Әйелдің қан қысымы көтеріліп тұр, мұндай жағдай бұрын болмаған, ұйқысы бұзылған.

Жақындары оның физикалық жағдайынан бөлек, психологиялық күйіне де алаңдаулы.

"Ол бұл жағдайды үнемі ойлап, көз алдына елестете береді. Оның түрін өте жақсы есте сақтап қалған. Жасына қарамастан, бізге психологқа жүгінуге тура келетін шығар. Ол үшін бұл - үлкен күйзеліс, себебі өмірінде мұндай жағдай ешқашан болмаған", - деді туысы.

Дәрігерлер кем дегенде бірнеше апта бойы төсек режимін тағайындады. Отбасы әйелді интернеттегі ақпарат пен талқылаулардан аулақ ұстау үшін оның телефон пайдалануын уақытша шектеген.

"Қазір біз үшін ең бастысы - оның сауығып кетуі. Дәрігерлер қанша уақыт қажет десе, ол сонша уақыт емделеді. Ал кейін біз бұл адамның тиісті жауапқа тартылуына қол жеткіземіз", - деп түйіндеді сөзін сұхбат беруші.

Мән-жай

Әлеуметтік желілерде видео жарияланды, онда жас жігіттің аялдамада тұрған қарт әйелге жақындап келіп, оны жұдырықпен аяусыз ұра бастағаны, ал ол құлаған кезде басынан тепкені көрінеді.

Жәбірленушінің қызы әлеуметтік желіде жігіттің еш себепсіз шабуыл жасағанын жазды.

"Ол артынан келіп, айналада ешкім жоқ сәтті күтіп, оны жайдан-жай аяусыз, хайуандықпен ұра бастаған. Қазір анам ауруханада жатыр. Жағдайы өте нашар. Бұл видеоны көру ауыр. Бірақ оны көру керек. Мен мұны қаралым жинау үшін жариялап отырған жоқпын. Бұл туралы мүмкіндігінше көп адам білсе деймін", - деп жазды ол.

Зейнеткердің отбасы ер адамның үстінен арыз жазды, содан кейін полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстады.

Тағы оқыңыз: Адам өлтіргені үшін соттылық және шизофрения: Алматыда зейнеткерді соққыға жыққан ер адам туралы не белгілі?

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 463.15   542.27   6.19 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер