Алматы облысының Қаскелең шатқалында нөсер жаңбырдан кейін саяжай массивіне баратын көпір қирап қалды. Бұл туралы жергілікті тұрғындар айтты. Өңірлік ТЖД жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы облысының Қаскелең шатқалында нөсер жаңбырдан кейін саяжай массивіне баратын көпір қирап қалды. Бұл туралы жергілікті тұрғындар айтты. Өңірлік ТЖД жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жақындауға да қорқамын"
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.
Видеодағы әйел су ескі көпірге дейін жетіп, жаңа көпірді ағызып кеткенін айтады.
"Жақындауға да қорқамын. Жаңа көпір бұзылды. Қирап қалды. Өте қорқынышты", – дейді видеодағы әйел.
Видеодан кадрлар
"Өзендегі су деңгейі күрт көтерілді"
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Таулы аймақтарда жауған нөсер салдарынан Қаскелең өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілді. Қатты ағыс салдарынан экобекеттен шамамен үш шақырым жерде орналасқан "Искра" бау-бақша қоғамына баратын жолдағы көпір зақымдалды", – деп хабарлады ТЖД.
Ведомство мәліметінше, көпір 16 тұрғын үйі бар, 30-ға жуық адам тұратын бау-бақша қоғамымен көлік қатынасын қамтамасыз етіп тұрған.
Бұл ретте ТЖД көпір мен кіреберіс жол бау-бақша қоғамы меншігінде және әкімдік балансында жоқ екенін нақтылады.
"Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Жедел әрекет ету үшін күштер мен құралдар тобы толық дайындыққа келтірілді. Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында", – деп хабарлады ведомство.
Мамандар жағдайды бағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін қажетті шараларды қабылдап жатқаны атап өтілді. ТЖД тұрғындарды сабыр сақтап, жағдай тұрақталғанша бұл аймаққа барудан уақытша бас тартуға және ресми ақпаратты қадағалап отыруға шақырды.
Тағы оқыңыз: Алматы тұрғындары сел қаупіне байланысты ішінара эвакуацияланады