Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Кучекбаев Маңғыстау облысында 7 қыркүйекте сарбаз Марат Барқұловтың қайтыс болуына байланысты кім жауапқа тартылғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кучекбаевтың айтуынша, бұл оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізілген.
"Қазіргі уақытта бұл іс бойынша Астананың Әскери сотында сот тыңдаулары өтіп жатыр. Қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде взвод командирі лейтенант Досов айыпталып отыр. Бұл офицер 2024 жылы әскери оқу орнын бітірген. Былтыр тамызда әскери бөлімге қызметке келіп, қыркүйекте "Оймаша" полигонына жіберілген", – деді бас қолбасшы ОКҚ брифингінде.
Қорғаныс министрінің бұйрығымен "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
"Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының әуе қорғаныс басқармасы бастығы полковник Садықов атқарып отырған қызметінен босатылды. Үш лауазымды тұлға толық қызметтік сәйкес келмеу туралы ескерту алды, төрт офицерге әртүрлі тәртіптік жаза түрлері қолданылды", – деп хабарлады Кучекбаев.
Еске салайық, қайғылы оқиға 7 қыркүйекте "Оймаша" полигонында "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің жиыны кезінде болған. Сағат шамамен 17:10-да лагерьдегі кезекші сарбаз Марат Барқұловтың бетіне тапаншадан оқ атқан. Сарбазды қала ауруханасына жеткізбек болған, бірақ жолда ол көз жұмған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!