Қазақстан Оңтүстік Кореямен шетелдіктерді заңды түрде жұмысқа орналастыру жүйесіне (Employment Permit System - EPS) қосылу туралы келіссөздерді жалғастырып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл процестің жаңа мәліметтерін жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Келіссөздер қай кезеңде?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында Қазақстанның EPS жүйесіне енуі үш кезеңнен тұратынын хабарлады:
- Корея ішіндегі мемлекеттік келісу рәсімдері;
- инфрақұрылым мен нысандарды тексеру (EPS-орталығы);
- ведомствоаралық комиссияның түпкілікті шешімі.
Қазақстан бірінші кезеңнен өтіп қойды - мұны Корея билігі 2025 жылдың қазан айында растаған.
2026 жылдың қаңтарында елге екінші кезең бойынша Оңтүстік Корея делегациясы келді. Сапардан кейін кореялық тарап орталықтардың инфрақұрылымы мен жұмысын ұйымдастыруға қатысты қосымша сұрақтар жолдады.
Оқыту мен тестілеу қай жерде өтеді?
Негізгі инфрақұрылым Алматы қаласы мен Алматы облысында шоғырланады:
- EPS-орталығы және тестілеу (EPS-TOPIK) - Алматыда: бір уақытта 500 адамға дейін қабылдай алады; емтихандардың ашық жүйесіне уәде берілген.
- Оқыту және қайта даярлау - Алматы облысының оқу орталықтарында: заманауи сыныптар мен шеберханалар қарастырылған.
- Медициналық тексеру - Қонаев қаласындағы көпбейінді ауруханада: тексерудің толық циклі жүргізіледі.
Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда қандай салаларда жұмыс істей алады?
EPS бағдарламасы жұмыс күші тапшы салаларға бағытталған:
- өндіріс;
- құрылыс;
- ауыл шаруашылығы;
- балық шаруашылығы;
- қызмет көрсетудің жекелеген салалары.
Жалақы
Министрлік мәліметінше, Оңтүстік Кореядағы шетелдік жұмысшылар үшін ең төменгі жалақы 1 000 доллардан (қазіргі бағам бойынша 458 000 теңге) басталуы мүмкін, барлығы жұмысшының біліктілігіне байланысты болады.
Мерзімдері және іріктеу процесі
Министрлік хабарлағандай, қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға жұмысқа қашан бара алатыны туралы нақты мерзім әлі белгісіз - бұл келесі факторларға байланысты:
- топтардың жасақталуы;
- оқудан өту;
- EPS-TOPIK емтиханын тапсыру;
- кореялық тараппен келісу.
Оқудан өткеннен кейін кандидаттар тіл және заңнама бойынша тест тапсырады. Содан кейін жұмысқа жіберілгендердің тізімі жасалады.
Шетелге шығу тек Оңтүстік Кореяның мақұлдауынан және құжаттар рәсімделгеннен кейін ғана мүмкін болады.
Жұмысқа қанша уақытқа баруға болады?
Болу мерзімі:
- 3 жылға дейін;
- елден шықпай-ақ 4 жыл 10 айға дейін ұзарту мүмкіндігімен.
Шарттар келісімшартқа және Оңтүстік Корея заңнамасына байланысты болады.
Мән-жайы
Оңтүстік Кореяның қазақстандықтарды ресми түрде жұмысқа қабылдайтыны туралы билік 2024 жылы-ақ хабарлаған болатын.
Қаңтар айында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады. Ведомство бұл республикада көші-қон заңнамасын бұзып жүрген азаматтар 2026 жылдың ақпан айының соңына дейін айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбай, елден өз еркімен кете алатынын еске салды.