“Отбасымызға қош келдіңіздер“. Қазақтың тазылары Астанадағы көрмеде FCI президентін таңғалдырды

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Отбасымызға қош келдіңіздер“. Қазақтың тазылары Астанадағы көрмеде FCI президентін таңғалдырды Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Астанада жүздеген қатысушының басын қосып, әлемдік кинологиялық қауымдастықтың назарын аударған "Astana Winner 2026" халықаралық иттер көрмесі өтіп жатыр. Көрменің басты қонақтарының бірі – Қазақстанға алғаш рет келген Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) президенті Тамаш Яккель, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.


Астанада жүздеген қатысушының басын қосып, әлемдік кинологиялық қауымдастықтың назарын аударған "Astana Winner 2026" халықаралық иттер көрмесі өтіп жатыр. Көрменің басты қонақтарының бірі – Қазақстанға алғаш рет келген Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) президенті Тамаш Яккель, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Көрме 2–3 мамыр аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. Бір шаңырақ астында тек Қазақстаннан емес, өзге елдерден де келген жүздеген ит жиналды. Софит жарығында иттердің жүні жылтырап, айналада қатысушылардың толқынысы сезіледі. Ал Венгрия, Швейцария және Қытайдан келген халықаралық сарапшылар әр тұқымды мұқият бақылап, бағалап жатыр.

Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Биыл көрмеге әртүрлі тұқымды 350-ден астам ит қатысып жатыр. Бірақ басты назар Қазақстанның ұлттық мақтанышы - қазақ тазысына ауды. Аренаға дала тынысы мен тұқымның сан ғасырлық тарихын паш еткен 60-тан астам сымбатты да жүйрік тазы жиналды.

Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

"Отбасымызға қош келдіңіздер"

FCI президенті Тамаш Яккель Қазақстанның халықаралық кинологиялық жүйеге енуі көпжылдық жұмыстың маңызды кезеңі болғанын атап өтті.

"FCI президенті ретінде Қазақстанды ұйымның толыққанды мүшесі ретінде құттықтағым келеді. Біздің отбасымызға қош келдіңіздер", - деді ол іс-шарада.

Халықаралық кинологиялық федерацияның президенті Тамаш Яккель © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Оның айтуынша, Қазақстан кинологтар одағы - жас болса да мықты ұйым.

"Бұл салыстырмалы түрде жас ұйым, бірақ онда өте еңбекқор және өз ісіне берілген адамдар жұмыс істейді", - деді Яккель.

Ол Қазақстанмен ынтымақтастықтың бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын, соның ішінде қазақ тазысын халықаралық деңгейде тану бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

"Біз бұған дейін Қазақстан кинологтар одағымен бірлесіп жұмыс істедік, тазы тұқымын толық мойындату үшін қажетті барлық рәсімді талқыладық. Бұл жұмыстың әрі қарай жалғасуын қуана күтемін", - деді ол.

"Мен мұншалықты көп тазыны ешқашан көрген емеспін"

Қазақ тазылары FCI басшысына күшті әсер сыйлады.

"Бүгін мұнда тазы тұқымды 60-тан аса ит ұсынылған, мен мұншалықты көп тазыны ешқашан көрген емеспін", - деп ағынан жарылды ол.

Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Яккель мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасу тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

"Бұл елдегі кинология мен тұқымдардың дамуы туралы толық түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірақ иттер көрмесі - бұл жай ғана сұлулық байқауы емес. Бұл - қарым-қатынас орнату, танысу, тәжірибе алмасу және тұқымдардың болашақ дамуын талқылау орны", - деп толықтырды ол.

Ол Қазақстанға сапары өзі үшін айтулы оқиға болғанын, өйткені 104 ел мен 5 континентті біріктіретін FCI президенті мәртебесінде Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын баса айтты.

Халықаралық кинологиялық федерацияның президенті Тамаш Яккель © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Федерация басшысы қазақстандық кинологиялық жүйені тану жолы ұзақ болғанын еске салды.

"Қазақстан ресми түрде танылып, әлемдік кинологиялық қауымдастық картасынан өз орнын алды. Маған осы тұқымның алғашқы төрешілерінің бірі болу бақыты бұйырды", - деді Яккель.

Оның айтуынша, ұлттық асыл тұқымды кітапты дайындау жұмыстары маңызды рөл атқарды, бұл Қазақстанды әлемдік кинология картасына шығаруға мүмкіндік берді.

Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Сонымен қатар, Яккель сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың марапатына ие болғанын айтты.

"Қазақстанға мемлекеттік деңгейде шақырылғаным мен үшін үлкен мәртебе. Екі күн бұрын маған достықты нығайтқаным үшін мемлекеттік награда тапсырылды, мен мұны мақтан тұтамын. Болашақта да Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруды жоспарлап отырмын.

Мен мұнда үш күн болдым және тағы екі күнге қаламын. Осы уақыт ішінде мен өте көп итті көрдім, бұл мен үшін өте маңызды, өйткені мен бүкіл өмірімді кинологиямен байланыстырдым. Бұл іспен жеті жасымнан бастап маман, селекционер және ветеринар-хирург ретінде айналысып келемін. Мүмкіндігінше көп итті көргім келеді. Бүгін оларды бақылай алғаныма қуаныштымын. Бұл маған сіздердің елдеріңіздегі кинология мен тұқымдардың дамуы туралы түсінік қалыптастырды", - деді ол.

"Жеті қазына": неге тазы жай тұқымнан биік тұрады?

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та көрмеде сөз сөйледі. Ол қазақ тазысын дамыту мемлекеттік саясаттың және ұлттық мұраны сақтау жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.

"Қазақ тазысы - ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей биологиялық және мәдени мұра. Бұл біздің еліміздің мақтанышы және "Жеті қазынаның" бірі", - деді ол.

Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Оның айтуынша, бұл жерде тек тұқымды сақтап қалу емес, сонымен қатар, оны халықаралық деңгейде дамыту туралы сөз болып отыр.

"Бүгінде біз кешенді жұмыс туралы айтып отырмыз: бұл - асыл тұқымды мал шаруашылығы жүйесін жетілдіру, кинологияны дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Қазақы тазының әлемдік кинологиялық аренада лайық орын алуы өте маңызды", - деп атап өтті министр.

Ол осындай көрмелерді өткізудегі мақсат - ұлттық тұқымдарды дәріптеу екенін айтты.

"Мұндай іс-шаралар жетістіктерді көрсетіп қана қоймай, кәсіби қоғамдастықты, ит асыраушыларды және халықаралық сарапшыларды бірлескен жұмысқа тартуға мүмкіндік береді. Бұл - тұқымды сақтау мен дамытудың тікелей құралы", - деп түйіндеді Нысанбаев.

Министр бұл істе Қазақстан Президентінің бастамалары ерекше рөл атқарғанын қадап айтты.

"Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақы тазыны дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Жүйелі саясаттың арқасында тұқымды сақтау және дамыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып, заңнамалық база жетілдіріліп жатыр", - деп толықтырды Нысанбаев.

Жай ғана көрме емес: тұқым тазалығы қалай сақталады?

Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали көрменің жай ғана шоу емес, тұқымдарды дамытудың кәсіби құралы екенін атап өтті.

"Бұл, ең алдымен, зоотехникалық іс-шара. Мұнда иттердің экстерьерінен бастап мінез-құлқына дейін тұқым стандартына сәйкестігі бағаланады. Сарапшылар тістерін, жүнін, дене бітімін және темпераментін тексереді. Әр тұқымның өз мақсаты бар және бұл бағалау кезінде міндетті түрде ескеріледі.

Егер ит стандартқа сай болса, ол тұқым көбейтуге жіберіледі. Егер сай болмаса - асыл тұқымды тізімнен шығарылады. Осылайша біз тұқым тазалығын сақтап, оның дамуын бақылаймыз. Сонымен қатар, әрбір будандастыру Кинологтар одағының рұқсатымен өтеді - біз бақылаусыз көбеюге жол бермейміз", - деп түсіндірді ол.

Оның сөзінше, жүйелі жұмыс нәтиже беріп жатыр.

"Біз тек қалаларда емес, ауылдарда да белсенді жұмыс істей бастадық. Онда стандартқа сай келетін ит көп, бірақ олар құжаттандырылмаған болатын. Біз барып, оларды тіркеп, асыл тұқымды жүйеге қосамыз.

Қазіргі ең маңызды көрсеткіш - жүйе ішіндегі күшіктердің туу көрсеткіші. Егер 2023 жылы 93 күшік болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 411-ге жетті", - деді Серікқали.

Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Еске салайық, 30 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Халықаралық кинологиялық федерацияның президенті Тамаш Яккельді қабылдаған болатын. Кездесуде отандық ит шаруашылығын дамыту және тұрақты тұқымдық генофондты сақтау ісінде халықаралық федерациямен ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Тоқаев федерация басшысына тазы тұқымын мойындағаны үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, Қазақстанда 3 қыркүйек Қазақы тазы мен төбет күні болып бекітілді.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 463.09   541.61   6.19 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер