Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентінің әкіміне мектеп оқушыларын жазасын өтеушілермен бірге тасымалдағаны үшін қатаң сөгіс берілді, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентінің әкіміне мектеп оқушыларын жазасын өтеушілермен бірге тасымалдағаны үшін қатаң сөгіс берілді, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде "Мемлекеттік қызметшілердің жұмысындағы қызметтік әдеп" тақырыбында өткен баспасөз конференциясында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Тыныштық Жүсіпов мәлімдеді.
"26-мамырда тәртіптік кеңесте мемлекеттік қызметшілерге қатысты үш факті қарастырылды, - дейді спикер. - Шідерті кентінің әкімі өз қол астындағы адамға шағын автобустың жүргізушісін заңсыз қабылдау туралы тапсырма берген. Нәтижесінде оқушыларды тасымалдауды тиісті деңгейде ұйымдастырмаған. Сонымен қатар, Баянауыл ауылдық округінің әкімі қызметтік көлікті пайдаланып, ауылдасын балағаттаған. Оның бұған дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын ескере отырып, лауазымынан төмендету туралы ұсыныс жіберілді. Мемлекеттік сатып алу туралы ережелерді сақтамаған Екібастұз қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысына қатаң сөгіс беру ұсынылды. Ертіс ауданы Северный ауылдық округінің әкімі қылмыстық жазаға тартылатын іс-әрекетке жол беріп, ауыл тұрғынының денсаулығына қасақана зиян келітірген әрі қорлаған", - деді Тыныштық Жүсіпов.
Сондай-ақ, ол ер адамның аудан әкімінің үкімімен жұмыстан босатылғанын айтты.
"Бұдан басқа Павлодар-Омбы тас жолында маневр жасаған Железин ауданы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысын жергілікті полиция қызметі мен жол көлік полициясы тоқтатып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды және көлігі айыппұл тұрағына жеткізілді. Сондай-ақ, Павлодарда түнгі сағат 1.15-те Павлодар ауданы әкімдігі "Коммунсервис" ЖШС-не тиесілі автокөлік тоқтатылған. Бұл ретте, жүргізуші мемлекеттік қызметші болмағандықтан, жұмыс беруші жауапкершілікке тартылады", - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.
Тыныштық Жүсіповтің айтуынша, Павлодар облысында биыл әдеп жөніндегі кеңесте тәртіп бұзушылық бойынша 19 факті, мемлекеттік қызметшінің беделін түсіру бойынша үш факті қарастырылған. Нәтижесінде тәртіптік кеңестің ұсынысы бойынша мемлекеттік органдардың басшыларымен сөгіс жариялау, жұмыстан босату және қызметінен төмендету түрінде 11 адамға жаза қолданылған.