2024 жылдың 31 желтоқсанында Талдықорғанда жеке үйде газдың жарылу себебі белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жетісу облыстық Полиция департаментінің тергеу басқармасы 2024 жылдың 31 желтоқсанында тұрғын үйдегі өрт дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатқаны хабарланды.
"Тергеу барысында оқиғаның қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстардың жүргізілуімен байланысты екені анықталды. Салдарынан абайсызда адам өліміне әкелген қайғылы жағдай болды. Қазіргі уақытта бірқатар сот сараптамалары жүргізіліп жатыр, олардың нәтижелері тергеу барысында ескерілетін болады", – деп хабарлады құқық қорғау органдары.
Барлық тергеу шаралары аяқталғаннан кейін тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады.
Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.
Еске салайық, қайғылы оқиға 31 желтоқсанда таңертең болған. Талдықорғанның шетінде орналасқан екі қабатты үйде газдың шығуы салдарынан жарылыс болды. Салдарынан үйдің екінші қабаты, кейбір қабырғалары және шатыры опырылған. Өрт шығып, 120 шаршы метр аумаққа жайылды.
Жарылыстан 7 адам түрлі жарақаттар мен күйік алды, олардың ішінде кәмелетке толмаған балалар да бар. Барлық зардап шеккендер – бір отбасының мүшелері. Отбасының отағасы мен оның жары ауруханада көз жұмды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!