Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Маденовке "Халық қаһарманы" атағын берді. Мемлекеттік марапаттар мен әскери шендерді тапсыру рәсімінде Мемлекет басшысы Кенжебай Мәденовтің жауынгерлік жетістіктерін ерекше атап өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді. Бұл нацистік режимнің күйреуін көрсеткен, майдангерлердің рухын көтерген, шабуылды одан әрі үдете түсуге дем берген сәт еді. Оның қаһармандық жолы туралы маршал Георгий Жуков және басқа да мықты қолбасшылар, сондай-ақ жеңіспен аяқталған қанды шайқас жөнінде қалам тербеген журналистер де жазды. Өкінішке қарай, бұл тарихи мән-маңызы айрықша даңқты ерлік осы кезге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке "Халық қаһарманы" атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша, біз бүгін бір ел болып тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз", – деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Кенжебай Мәденовке "Халық қаһарманы" атағын бергені хабарланған болатын.
Кейін Батыс Қазақстаннан шыққан лейтенант қандай ерлігі үшін “Халық қаһарманы“ атанғанын жазған едік.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!