12 маусым 2019 11:39

Тоқаев халықты не мазалайтынын айтты

Камила Долаева Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде халықты не мазалайтынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде халықты не мазалайтынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ол 2019 жылдың 13 мамырында жалпыхалықтық акция басталғанын еске салды. Президент оған атсалысқандардың барлығына алғыс айтты.

"Акцияның басты мақсаты ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтау. Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі ұсыныстар жиналды. 540 мыңға жуық ұсыныс-тілектер келді. Бірге акцияға қатысып, азаматтық белсенділік көрсеткен халыққа шын жүректен алғыс білдіремін", - деді Президент. 

Ол мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуі жайлы сөз қозғады. 

"Біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оның шешу жолдарын білеміз. Бүкіл халықты ең алдымен не мазалайды? Азаматтар барлық жерде әділеттік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап, мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді", - дейді Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы қазақстандықтарды не мазалайтынын айтты.

"Халықты толғандырып отырған басты мәселе - табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздығы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық - қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар. Дегенмен, тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан, дәл осы өткір әлеуметтік, экономикалық және  саяси мәселені шешу, ортақ мерзімді кешенді шаралар  қабылдау қажет. Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі - көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі таза ауыз су мәселесін айтып өтті.

"Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа экологиялық кодекс қабылдау керек. Келесі өзекті мәселе - халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасыда болуы міндет. Тағы бір халықты мазалайтын маңызды мәселе - бұл жолдардың сапасы. Сол себепті автожолдардың жағдайын жақсарту - біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі", - деді Тоқаев.

Айта кетейік, салтанатты іс-шараға Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сондай-ақ шарада Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Жоғары сот судьялары, министрлер мен шетелден келген елшілер болды.

Еске салайық, 9 маусымда Қазақстанда Президент сайлауы өткен болатын. Сайлау қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Бұл 6 миллион 504 мың 54 дауыс. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети