26 маусым 2018 14:39

ҰБТ-дан 140 балл алған алматылық қыз: "Мүмкін емес деп ойлаған едім"

ПОДЕЛИТЬСЯ

ҰБТ-дан ең жоғары балл алған Шиара Құдайбергенова тестілеуде 140 сұрақтың барлығына дұрыс жауап беруге болатынына сенбеген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


ҰБТ-дан ең жоғары балл алған Шиара Құдайбергенова тестілеуде 140 сұрақтың барлығына дұрыс жауап беруге болатынына сенбеген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

№ 123 мектеп-гимназиясының түлегін бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек құттықтады. Қала әкімі түлекке ноутбук пен кітап сыйлады.

"Тестілеуге 9-сыныптан бастап дайындалдым. Түрлі тесттер мен тапсырмаларды орындап жүрдім. Бірден айтайын, бұлай мүмкін деп тіпті ойламадым. Дайындық кезінде тестілеуден 120, 130 балл алып жүрдім. Бірақ менің мақсатым - 140 балл алу болды, мен оған сендім", - деді Шиара Құдайбергенова.

Түлектің айтуынша, ол емтиханнан жоғары балл алғаны жайлы туыстарынан білген. Бұл туралы оған ағасы телефонмен хабарлаған.

"Тестілеудің нәтижесі жайлы естігенде мен анаммен мешітте болғанмын. Тестілеудің қорытындысын күтіп, дұға оқып жаттым. Сол сәтте ағам хабарласты, жылап тұр, ар жағында барлығы шулап жатты. Ештеңе түсінбедім. Қорыққанымнан "Аға, қанша балл алдым?" деп сұрадым, ол болса "140!" деп айғайлады. Қатты қуандым! Барлығына алғыс айтамын, гимназия мұғалімдеріне, солардың арқасында мен осылай дайындала алдым. Сондай-ақ, қолдау көрсеткен ата-анама алғыс айтамын. Ең бірінші кезекте, Елбасына алғыс айтамын", - дейді Шиара.

Cонымен қатар, Шиара сүйікті пәндері география мен математика екенін айтып және Назарбаев университетіне оқуға түсейін деп жатқанын айтты.

"Қазір сондай бақыттымын, қуаныштымын. Мен қарапайым отбасынан шыққанмын: отбасында жалғыз қызбын, інім бар, ол лицейде оқиды. Ата-анам да қарапайым отбасынан. Кәсіпкерлер", - дейді түлек.

Алматы қалалық Білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова биыл Алматыда 7 635 түлектің ҰБТ тапсырғанын айтып өтті. Қала бойынша орта балл 101,2 балл екен.

Еске салайық, кеше, 25 маусымда алматылық түлек Шиара Құдайбергенованың ҰБТ-дан 140 балл алғаны хабарланған еді. Бұл мәліметті білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов растаған. 

Сондай-ақ, осыған дейін Шиара Құдайбергенова оқып бітірген № 123 мектеп-гимназияның директоры Бағила Әшімбаева түлек жайлы айтып берген болатын. Бағила Әшімбаеваның айтуынша, Шиара бұл мектепте бірінші сыныптан бастап оқыған. Жастайынан білімге құштар, ізденімпаз болып өскен ол әрдайым мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласқан. 

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети