13 мамыр 2022 10:32

Зейнет жасын қысқарту мәселесі. Мәсімовтің қамау мерзімі. 12 мамырда Қазақстанда және әлемде не болды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Әлихан Сариев Фото: Әлихан Сариев

Үкіметте зейнет жасын қысқарту мәселесі талқыланады. Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаражатына қатысты заңға қол қойды. Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі ұзартылды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.


Үкіметте зейнет жасын қысқарту мәселесі талқыланады. Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаражатына қатысты заңға қол қойды. Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі ұзартылды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Үкіметте зейнет жасын қысқарту мәселесі талқыланады

Вице-премьер Ералы Тоғжанов Қазақстанда зейнет жасын қысқарту туралы айтты. 

"Мәселе талқыланады. Расын айтқанда, мәселе оңай емес. Біз халықаралық тәжірибені ескереміз. Жалпы алғанда, халықаралық тәжірибеде зейнет жасын қысқарту туралы айтылмайды. Бұл мәселені тек кеншілер көтеріп отырған жоқ. Бұл мәселені мүгедек баласы бар аналар да көтеріп жүр", - деді Тоғжанов Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін БАҚ өкілдерінің қатысуымен Әлеуметтік кодекс аясында зейнет жасы туралы мәселе талқыланады.

"Әйелдерге қатысты да дәл осылай айтып отырмын. Бүгінде зейнетке шығудың орташа жасы 2027 жылға дейін 60-61 жас деңгейінде. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Әлі талқылаймыз", - деп түйіндеді Тоғжанов.

Тоқаев Ұлттық қор қаражатына қатысты заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кепілдендірілген трансферт туралы заңға қол қойды

"Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген хабарламада.

Үкіметтің Ұлттық қордан аударылатын трансфертті бірден 1,6 триллион теңгеге арттыру жоспарланған еді.

Мәсімовтің қамау мерзімі ұзартылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің қамау мерзімі 2022 жылдың 6 маусымына дейін ұзартылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу тобы К.Мәсімовке, Ә.Садықұловқа, Д.Ерғожинге және басқа да күдіктілерге қатысты тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.

"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Ә.Садықұловты қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 6 маусымына дейін, сондай-ақ бұрынғы орынбасары Д.Ерғожинді қамауда ұстау 13 маусымға дейін ұзартылды", - делінген хабарламада.

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Экс-министр Біртановқа қатысты басты сот отырысының уақыты белгіленді

Сот бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сот отырысы өтетін күнді жариялады

"Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті айыптау бойынша қылмыстық іс өндіріске қабылдансын. Басты сот талқылауы 26 мамыр сағат 10.00-ге жалпы тәртіппен ашық сот отырысында тағайындалсын", - деп қаулы етті Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов.

Алматыда рэкеттер атыс шығарды

Алматыда рэкеттер атыс шығарды. Оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр. Банда жергілікті кәсіпкерге алым-салық салуға әрекеттенген. Бүгінде бір күдікті ұсталды. 

Дүкенді жалға алған ер адам жанжалдың ортасында қалған. Ол бір топ адам келіп, ақша талап еткенін айтты.

"Олар келіп, жаңа қожайын кім екенін сұрады. Дүкеннің қазіргі жаңа иесі екенімді айттым. Олар: "Бұрынғы иесі бізге алым төледі. Сен төлейсің бе" - деп сұрады. Мен: "Жоқ, бермеймін" дедім. Сосын олар: "Бұл сондай аудан. Біз мұндағы қылмыс әлемінің авторитетіміз", - деп Андрей Рожков кездесудің жай-жапсарын айтып берді.

Оның айтуынша, рэкеттер оны қорқытып-үркітпеген. Рожков олар қандай адам екенін білу үшін досына телефон соққан. Ал ол сөйлесіп беруге уәде берген.

Шымкентте қызметкерлері ұсталғаннан кейін полиция басшысы жазаланды

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Шымкентке жұмыс сапары барысында қалалық полиция департаментінің жеке құрамы арасындағы тәртіп пен заң бұзылуын сынға алды.

Шымкентке Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың басшылығымен арнайы топ келді. Бұған Шымкент қаласы полиция қызметкерлерінің ұсталуы себеп болды.

ІІМ арнайы тобының мүшелері қызметкерлерге қалалық полицияның бірқатар басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Олардың қатарында ПД бастығы Қайрат Дәлбеков те бар. Министрдің бірінші орынбасары Қожаев оны ІІМ басшысының бақылаусыздығы үшін жазалау туралы бұйрығымен жеке таныстырды.

Үш жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев Қазақстан халқына үн қатты

Нұр-Сұлтанда сегізінші қабатта терезеге ілініп тұрған қызды құтқарған 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев Қазақстан халқына үн қатты

"Құдайға шүкір, маған бәрі жетеді. Қазақстан халқына үн қатқым келеді, көмектесіп жатқан адамдарға алғыс айтамын. Бір-бірімізге жақсылық жасау өте дұрыс", - дейді ол.


Сәбит Шонтақбаев. Фото Александр Куприенко

Ер адам оған белгісіз біреулер телефон соғып, кешегі батылдығы үшін алғыс айтып жатқанын атап өтті.

"Бәрін бірдей есте сақтай алмаймын, бәрі алғыс айтып, қолдап жатыр. Жезқазған, Көкшетау, Талдықорған, Алматыдан, жан-жақтан телефон соғып жатыр. Тіпті, көбін танымаймын", - дейді ол. 

Алматыда бірінші сынып оқушысының әкесі ұлы зорланғанын мәлімдеді

Құқық қорғаушы Дина Смаилова Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары бірнеше күн қатарынан зорлағанын айтты

"Алматы қаласы, жекеменшік мектеп, сыныпта 12 баладан, жетінші сыныптың үш оқушысы бірнеше күн бойы бірінші сынып оқушысын сабақ кезінде дәретханада зорлайды! Мұғалім баланы жіберіп, қорқынышты ештеңені байқамаған!", - деп жазды Смаилова Facebook желісіндегі парақшасында.

Құқық қорғаушы жазбасында баланың әкесі екі апта бұрын болған оқиға туралы біліп, полицияға хабарлағанын, бірақ тергеу тоқтап тұрғанын айтты.

Білім және ғылым министрлігінен жоғары лауазымды шенеуніктер Алматыға ұшып келеді. Олар жекеменшік мектепте зорланды деген бірінші сынып оқушысының оқиғасын зерттейді

Ресейде әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды

Хабаровск аймағындағы әскери бөлім аумағында жарылыс болды.

"Хабаровский край сегодня" агенттігіне жергілікті әкімшілік берген ақпарат бойынша, оқиға салдарынан алдын ала мәлімет бойынша бір адам қаза тапқан. Бүгінде оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

"Төтенше жағдайдың алдын ала себебі - жарылыс қаупі бар заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу", - делінген хабарламада.


Фото: mil.ru

Мәскеу Финляндияның НАТО құрамына шұғыл қосылу өтінішіне пікір білдірді

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Финляндия билігінің НАТО құрамына кіру туралы өтінішіне қатысты пікір білдірді.

"Ресей осыған байланысты оның ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қауіптерді тоқтату үшін әскери-техникалық және басқа да сипаттағы қарсы шаралар қабылдауға мәжбүр болады", - делінген ведомство хабарламасында. 

Ресей СІМ Финляндияның НАТО-ға кіруі осы елдің халықаралық-құқықтық міндеттемелерін, ең алдымен 1947 жылғы Париж бейбітшілік келісімін тікелей бұзады, бұл тараптардың одақтар жасамауға немесе олардың біріне қарсы бағытталған коалицияларға қатысуға деген міндеттемесін қарастырады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети