01 наурыз 2017 20:46

Димаш Құдайберген осы аптада көрерменді немен қуантады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Димаш Құдайберген. © Tengrinews.kz / Алпамыс Шаримов Димаш Құдайберген. © Tengrinews.kz / Алпамыс Шаримов

Қытайдағы I Am a Singer байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайберген жетінші кезеңде "Дайдидау" әнін орындайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қытайдағы I Am a Singer байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайберген жетінші кезеңде "Дайдидау" әнін орындайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әншінің дайындық сәтінен суреттер жолдаған PR-менеджері әрі досы Алпамыс Шаримов алдағы кезеңге әзірлеп отырған бір тосынсыйдың барын айтады.

"Дайындап отырған бір тосынсыйымыз бар. Оны сенбі күні эфирден көре аласыздар", - деді Шаримов. Айтуынша, келесі кезеңдер өте қиын болады. "Жаңа қатысушыларға қарсы Димаштар сынға түседі. Бірінші байқау күнінен тек үштік қана әлі күнге дейін келе жатыр. Димашпен бірге Сэнди Лэм және Lion тобы. Қалған қатысушылардың бәрі жаңадан", - дейді ол.

"Алда қазақ әні "Дайдидаудан" бастап, тағы жеті тур болады. Сондықтан барлығын басынан бастайтындай күй кешейін деп тұрмыз. Меніңше, келесі кезеңдер қиын болады, себебі жаңа әншілер қосылып жатыр, олар жаңа күшпен келіп жатыр. Байқаудың аты "Мен - әншімін", сондықтан ортадан қосылған әншілерден де асып түсуің керек. Бұл - титандар шайқасы", - деп пікір білдірді Шаримов.

Мұның алдында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаш Құдайбергеновтің "Дайдидау" әнін Қазақ ұлттық өнер университеті ұлттық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындайтынын хабарлаған еді. ҚР Мәдениет және спорт министрінің бастамасымен ҚР ұлттық аспаптар ансамблі қазіргі уақытта Қытайда байқауға дайындалып жатыр. Димаштың курстастарының Қытайға тек қуана барғанын айтып өткім келеді және бұл жолы Димаш бірегей ән орындайды. Балалар сахнаға арнайы тігілген ұлттық киімдерде шығады", - деген болатын министр. Димаш Құдайберген "Славян базары" байқауына қатысқанда осы "Дайдидау" әнімен бас жүлдені жеңіп алған болатын.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергеннің орындауындағы "Дайдидау" әні әлемдік радио жүйесіне енгізілген. Бұл туралы 2016 жылы әншінің әкесі, ҚР мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев сүйіншілеген еді. "Бізге хат кеш жеткен болуы керек, әлде бір жерде кідіріп қалды ма, әйтеуір, бұл жақсы хабарды бізге Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде қызмет етіп жатқан жастар жеткізді. Аталған университетте жұмыс істейтін Ұшқын Сайдрахман деген жігіт халықаралық Евро радиосына бір ән ұсынуымызды сұрады. Оған Малайзиядағы Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы штаб-пәтерінің қызметкері Нұрзада Күмісбек қолқа салыпты. Ұшқын қажетті құжаттарды шет тілінде толтырып, соның көмегімен Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халық әні "Дайдидауды" ұсындық. Ән барлық талаптарға сай келген", - деген болатын сол кезде "Қазақ" радиосының "Алтын қорының" музыкалық редакторы Гауһар Қозыбаева.

13 ақпан - Халықаралық радио күнін тойлау 2011 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша қабылданған және 2012 жылы алғаш рет атап өтілген. Осы мерекеге байланысты Еуропа хабар тарату одағы мен Азия Тынық мұхиты хабар тарату одағы биыл халықаралық Евро радиосының арнасында "80 минутта барлық әлем" атты іс-шара ұйымдастырған. Бұл шара барысында радио желісінен осы хабар тарату желілеріне мүше елдердің барлығының сол елдің мәдениеті мен болмысынан хабар беретін ұлттық әндері шырқалған. Сол әндер қатарына тұңғыш рет қазақ әні - Димаш Құдайбергеннің орындауындағы "Дайдидау" енгізіліпті. 

Қанат Айтбаев сол кезде облыстық "Ақтөбе" газетіне берген сұхбатында Димаштың орындауындағы әнді Бақытбек Зейнеловтің өңдегенін айтып берген еді. "Уикипедия еркін-энциклопедияға сенсек, Европа хабар тарату одағы мүшелігінде Еуропа, Солтүстік Африка және Таяу Шығыстағы 56 елдің 72 компаниясы, ал Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағында Азия-Тынық мұхиты аумағының 57 еліндегі 72 компания бар. Екі одақтың әлеуетті аудиториясы кемінде 4 миллиард адам. Бұл Димаштың орындауындағы қазақтың халық әнін жарты әлем тыңдайды деген сөз", - деп жазған болатын басылым. 

Еске сала кетейік, өткен сенбіде, 25 ақпанда Димаш Құдайберген I am a Singer байқауының алтыншы кезеңінде әйгілі әнші Лара Фабианның Adagio әнін орындаған болатын. Кейін Димаш Құдайбергенді миллионнан аса тыңдарманы бар парақшасында Лара Фабианның өзі құттықтады. Айта кетейік, Қытайда өтіп жатқан I am a Singer байқауы 14 кезеңнен тұрады.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети