Бала Алматыға ұшып келгеннен кейін көз жұмды. Сот қайғылы оқиғаға "Э" әуекомпаниясы мен әуежай кінәлі деп тапты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Талапкердің айтуынша, Алматыға қонғаннан кейін әуежай қызметкерлері ауыр хәлде, коматозды жағдайда жатқан баласын мүгедектерге арналған арба арқылы шығаруды ұсынған. Алайда бұл арба медициналық талаптарға сай болмаған.
Дәрігер мен ата-анасы бар жеке реанимобильді әуежай аумағына кіргізбеген. Нәтижесінде баланы ұшақтан терминалға амбулифтпен (қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған техника) тасымалдаған, алайда ол ауыр науқастарға арналмаған.
Нейрохирургтың қорытындысына сәйкес, бала ол кезде қозғалыссыз жатуы керек жғдайда болған, өздігінен қозғала алмаған және төлқұжаттық бақылау медпункт арқылы жүргізілуі керек еді. Бірақ соған қарамастан, оны әдеттегі маршрутпен – шекаралық бақылау және суретке түсіру арқылы өткізген.
Соттың шешімі бойынша, әуекомпания баланың жағдайын білгенімен, әуежайға реанимобиль қажет екенін хабарламаған. Қызметтердің арасындағы үйлестірудің болмауы салдарынан бала қажетті көмекті ала алмаған.
"Шекаралық бақылау кезінде кератитпен ауырған баланың көзіне тағылған қорғаныш таңғышты еріксіз алып, суретке түсірген. Келесі күні бала екіжақты пневмоторакспен ауруханаға түскен және ақпанда көз жұмған", – делінген сот құжатында.
Талап жартылай қанағаттандырылып, "Э" әуекомпаниясынан талапкердің пайдасына моральдық зиян ретінде 5 миллион теңге өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, сот үкімінде әуежай мен әуекомпанияның толық атауы көрсетілмеген – тек "Э" әуекомпаниясы" және "халықаралық әуежай" деп берілген.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!