“Бар болғаны екі бағыт“. Қызылорда әуежайының жұмысы сұрақ тудырды

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Бар болғаны екі бағыт“. Қызылорда әуежайының жұмысы сұрақ тудырды Фотоны Қызылорда әуежайы ұсынды

Қызылорда әуежайының жаңа терминалы алғашқы бір жарым жыл бойы сәтті жұмыс істеді, алайда жергілікті тұрғындар арасында әуе қатынасы сапасына қатысты сұрақ көбейді. Жолаушылар рейстердің Астана мен Алматыға ғана орындалатынына шағымданып жатыр. Әуе айлағының баспасөз қызметі бұл сынға жауап беріп, жаңа бағыттар бойынша жоспарын бөлісті, деп хабарлайды Tengri Travel.


Қызылорда әуежайының жаңа терминалы алғашқы бір жарым жыл бойы сәтті жұмыс істеді, алайда жергілікті тұрғындар арасында әуе қатынасы сапасына қатысты сұрақ көбейді. Жолаушылар рейстердің Астана мен Алматыға ғана орындалатынына шағымданып жатыр. Әуе айлағының баспасөз қызметі бұл сынға жауап беріп, жаңа бағыттар бойынша жоспарын бөлісті, деп хабарлайды Tengri Travel.

Не болды?

Біздің WhatsApp нөмірге Қызылорда тұрғыны хабарласты. Оның айтуынша, Қорқыт ата әуежайында небәрі екі рейс бар, алайда жөндеуден кейін рейстер саны артуы тиіс болған.

"Үлкен әуежайлардан не пайда? Мәселен, Қызылорданың осыдан екі жылға жетпейтін уақыт бұрын пайдалануға берілген жаңа заманауи әуежайын алайық, рейстер саны әлі де сол баяғы екеу! Астана мен Алматыға ғана, бітті! Қазақстан бойынша да, шетелге де рейстер жоқ!" - дейді қала тұрғыны.

Әуежай өкілдері не дейді?

Қандай рейстер бар?

Біз пікір алу үшін Қорқыт ата әуежайының баспасөз қызметіне хабарластық. Ондағылар расында қазіргі уақытта Қызылордадан тек Алматы мен Астанаға рейстер орындалатынын айтты.

"Қазіргі уақытта Air Astana, Fly Arystan және Qazaq Air әуе компаниялары Қызылорда - Астана және Қызылорда - Алматы бағыттары бойынша ішкі рейстерді орындайды. Астанаға аптасына 16 рейс, Алматыға 10 рейс қатынайды", - деді әуежай өкілдері.

Әуежай мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жолаушылар ағыны 98 219 адам болды. 2026 жылға арналған жоспар - шамамен 500 мың жолаушы. Әуежай табысты деп саналады.

"Қазіргі уақытта әуежай өңірдегі ең табысты әрі тиімді қызмет түрлерінің бірі саналады. Жаңа жолаушылар терминалы 2024 жылдың қарашасында пайдалануға берілді", - деді әуежай өкілдері.

Қандай рейстерді қосу жоспарланған?

Әуежай әкімшілігі жаңа бағыттарды ашу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Ықтимал бағыттар қатарында:

  • Ақтау;
  • Атырау;
  • Анталья бар.

Дегенмен, рейстерді іске қосу мерзімдері әзірге нақтыланған жоқ.

Әуежайды кім басқарады?

Әуежайдың жалғыз акционері тиісті басқарма арқылы Қызылорда облысының әкімдігі болып отыр.

"Қазіргі уақытта әуежайды сенімгерлік басқаруға беру жоспарда жоқ. Басқару нысаны мен ықтимал беру мерзімдері бойынша нақты шешім келіссөздер қорытындысы бойынша және қолданыстағы заңнама аясында қабылданады", - деп хабарлады әуежай.

Әрі қарай не болмақ?

2026 жылы әуежайда ұшу-қону жолағына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, атап айтқанда, жіктерді жабу жұмыстары жоспарланған.

Айта кетейік, таяуда Екібастұзда жаңа әуежай пайда болуы мүмкін екені хабарланған. Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкіміне құрылыс мәселесін пысықтауды тапсырды.

Тағы оқыңыз: “Жолаушылар қиындық көріп жатыр“: Нәлібаев Алматы әуежайы мен вокзалын сынға алды

TengriTravel
;