Алматы әуежайын 2050 жылға дейін дамыту жоспары белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан мен Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе, мегаполис әкімі Дархан Сатыбалдының кездесуінде бұл жоспардың егжей-тегжейі жария етілді.
Компания 2050 жылға дейін бүкіл инфрақұрылымды кезең-кезеңмен кеңейтуді және жаңғыртуды көздейтін бас жоспармен таныстырды. Жоспардың алғашқы кезеңі ішкі терминалды, ұшу-қону жолағын жаңартуды, сондай-ақ инженерлік және жерүсті инфрақұрылымды жетілдіруді қамтиды.
Пікір алмасу барысында әуежайдың көлік қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды, соның ішінде кіреберіс жолдарды қайта жөндеу және болашақ метро желісін әуежайдың көлік жүйесіне біріктіру қарастырылды.
Сонымен қатар, әуежайдың баспасөз қызметі Алматы халықаралық әуежайы жыл сайын 11 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететінін және Қазақстандағы әуе тасымалы көлемінің 70 пайыздан астамын қамтамасыз ететінін нақтылады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!