Қазақстандық бортсерік Сағи түсірген бейнероликтер желіде кең тарап, қызу талқыланып жатады. Tengritravel.kz тілшісі бортсерікпен әңгімелесіп қайтты.
Егер әлеуметтік желілерде жиі отыратын болсаңыз, бұл бортсеріктің видеоларын көрген боларсыз. Ол жолаушылармен белсенді түрде тілдесіп, оларға әзіл айтып, көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырысады. Оның видеолары мыңдаған қаралым мен жүздеген пікір жинайды.
Міне, оның қалжыңдарының бірнешеуі:
Сағи 2017 жылдан бері Qazaq Air әуекомпаниясында жұмыс істейді екен.
"Маған өз жұмысым ұнайды. Сонымен қатар мен әзілге қызығамын: қалжың әңгіме жазып, стендап-клубтарда өнер көрсетуді армандадым. Бірақ тығыз жұмыс кестесіне байланысты бұл арманымды іске асыру қиын болатын. Содан соң кәсібімді хоббимен біріктіру идеясы келді. Сөйтіп мен рейстерде әзіл айтып, жолаушылармен бірге бейнероликтер түсіріп, мамандығымыздың ерекшеліктерін кең аудиторияға әзіл арқылы жеткізе бастадым", – дейді ол.
Аспанда жұмыс істеу – көпшіліктің арманы. Дегенмен, бұл мамандықтың да қиындығы бар. Ең алдымен, бұл – жиі ауысатын уақыт белдеулері, ұйқысыз түндер, мереке мен демалыс күндеріндегі жұмыс. Сонымен қатар бұл – жоғары деңгейдегі стресс: борттағы ондаған, тіпті жүздеген адамның қауіпсіздігіне жауап бересіз. Физикалық жүктемелер де денсаулыққа әсер етеді.
"Әрине, аспанда жұмыс істеу – керемет, бірақ оның өз бағасы бар. Үнемі сапарда жүргендіктен, тұрақты қарым-қатынасты сақтау қиын. Жақындардың туған күндерін, отбасылық оқиғаларды өткізіп аласың – өкінішке қарай, бұл қарым-қатынаста қашықтық туғызады", – деп толықтырды Сағи.
Айтпақшы, жуырда Сағи бортсерік болған рейс туралы жаңалықтар шықты. Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қостанай – Түркістан бағыты бойынша рейс бортының видеосы жарияланған болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақ Шымкентке қонған. Алайда жолаушылар бұл жағдайға қуанған.
"Ауа райының қолайсыздығына байланысты біз жақында Түркістанның орнына Шымкентке қондық. Шымкентке баруы керек жолаушылар қатты қуанды – олар діттеген жеріне қосымша шығынсыз-ақ жетіп алды", – деді Сағи.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!