Павлодарда әуежайдың ұшу-қону жолағын ауқымды реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Әуе айлағының ашылу мерзімі мен болашақ бағыттары белгілі болды, деп хабарлайды Tengri Travel.
Реконструкция қалай жүріп жатыр және нысан қашан іске қосылады?
Өңір әкімдігі Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялауды 2026 жылдың шілдесінде аяқтап, нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланғанын хабарлады. Бұл ретте әуежай ғимараты жаңартылмайды.
Әкімдік мәліметінше, әуежайға қажетті барлық құрал-жабдық сатып алынған, ал оларды толық орнату жұмыстары асфальтбетон төсеу аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
"Заманауи құрылғылар мен жүйелерді қолдану, сондай-ақ ұшу-қону жолағын жаңарту кезінде перронды 45 метрден 60 метрге дейін кеңейту әуежайды пайдалану кезінде ұшу қауіпсіздігін, халық үшін көлік қолжетімділігін қамтамасыз етуге және аэродром жабындарының қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді", - деді әкімдіктегілер.
Өңір әкімдігінің хабарлауынша, құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтардың құны 16,4 миллиард теңгені құрайды.
"Бүгінгі таңда қаржыландыру көлемі толық бөлініп, оның 50 пайызы игерілді. Ұшу-қону жолағын реконструкциялау республикалық және облыстық бюджет есебінен жүргізіледі", - деп хабарлады әкімдіктен.
Бағыттар
Сондай-ақ әкімдік Павлодардан қайта жанданатын ішкі рейстер туралы мәлімет берді. Әзірге осындай екі бағыт бар.
- Павлодар - Астана;
- Павлодар Алматы.
Сонымен қатар ел ішіндегі тағы екі рейс пен бірнеше шетелдік бағыт қарастырылып жатыр.
"Шымкент, Ақтау қалаларына рейстер ашу, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Түркия және Мысырға халықаралық рейстерді іске қосу мәселесі пысықталатын болады", - деп түсіндірді әкімдіктегілер.
Елордаға авиабилет құны шамамен 15 мың теңгені, Алматыға - сатып алу күні мен сұранысқа байланысты 9 мыңнан 60 мың теңгеге дейін болады. Әкімдік нақты бағалар 2026 жылдың шілдесінде белгілі болатынын атап өтті.
Әуежай жыл бойы жұмыс істейді. Нысан жылына 200 мыңнан астам жолаушыны қабылдай алады деп күтілуде.
Айта кетейік, ұшу-қону жолағын реконструкциялауды 2024 жылы бастап, 2025 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған болатын. Енді нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың тамызына белгіленген.