Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамптың БҰҰ-ға қатысты сынымен келісті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті халықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл оғаш, бәлкім, ақылға сыймайтын жағдай", - деді Президент.
Оның айтуынша, адамдар, дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр.
"Айтпақшы, бұл проблеманы былтыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, "БҰҰ-да бәрі істен шыққан!" деді. Алайда ең маңызды мәселе – Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр".
Мемлекет басшысы көпжақты дипломатияның жақтаушысы екенін және бейбітшілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенетінін атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!