Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жаңа қызметке келді. Мемлекет басщысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қырғызстанға барады. Еліміздің танымал дикторы қайтыс болды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жаңа қызметке келді. Мемлекет басщысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қырғызстанға барады. Еліміздің танымал дикторы қайтыс болды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.
Қазақстанда көліктер қымбаттайды
Елімізде жаңа көліктер сөзсіз қымбаттайды. Ол BMW, Hyundai, Subaru, Jaguar, Land Rover, Volvo, MINI, Haval және Chery көліктеріне әсер етеді. Биылдың өзінде осы маркадағы көліктер бағасы орташа есеппен сегіз пайызға көтерілген.
Тұрғындар сайлаған Талғар әкімі қызметінен кетті
Алматы облысында тұрғындар сайлаған Талғар қаласының әкімі Қайрат Исабаев қызметінен кетті. Ол денсаулық жағдайына байланысты өз еркімен қызметтен кету туралы арыз жазған. Еске салайық, былтыр қарашада өткен қала әкімін сайлауда Қайрат Исабаев жеңіске жеткен болатын. Ол кезде сайлаушылардың 58 пайызы дауыс берді, Исабаев 53,5 пайыз дауысқа ие болды. Әкім лауазымына барлығы үш адам үміткер болған.
Фото: Алматы облысы әкімдігі
Алдағы күндері ауа райы қандай болады?
Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық фронталды бөліктер өтуіне байланысты Қазақстан аумағының басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы болады. Алдағы күндері республиканың басым бөлігінде қар аралас жаңбыр жауады, елдің оңтүстік жартысында - найзағай, орталығы мен шығысында қар аралас жаңбыр болады. Республика бойынша тұман, желдің күшеюі байқалады.
Зейнетақы мен жәрдемақы тағы 4 пайызға индекстеледі
Республикалық бюджет комиссиясының отырысында Үкімет маңызды шешімді мақұлдады. Инфляция дәлізінің 8-10 пайызға дейін өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақының мөлшерін қосымша тағы төрт пайызға индекстеу көзделіп отыр, бұл барлық әлеуметтік төлемдердің 9 пайызға, ал ынтымақты зейнетақының 2021 жылға қарағанда 11 пайызға өсуін қамтамасыз етеді. Бюджет жобасында осы мақсаттарға қосымша 111 миллиард теңге қарастырылған.
Шымкент полициясының баспасөз хатшысы өзіне қол жұмсамақ болған
5 сәуірде Шымкент Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева Facebook-парақшасында қоштасу жазбасын қалдырған. Жазбада ол мұндай қадамға қалалық ПД басшылығының қысымы итермелегенін айтқан. Оның айтуынша, оған Шымкент қалалық ПД-ның жаңа басшысы Қайрат Дәлбеков журналистерді "тамақтандыруды" ұсынған көрінеді. Бекееваның айтуынша, бұдан бас тартқаннан кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ол бұлай өмір сүре алмайтынын айтып, отбасымен, достарымен және әріптестерімен қоштасқан.
Кейін бұл жағдайға қатысты Шымкент қалалық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Мөлдір Бекееваға қатысты соталды тергеу Қылмыстық кодекстің 378-бабы "Билік өкілін қорлау" бойынша жүргізіліп жатыр.
Фото:facebook.com/moldyr.bekeeva
KEGOC-ке қатысты тексеру жүргізілді
ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті құбыр өнімдерін өндіру жөніндегі зауыттың өтініші негізінде, KEGOC АҚ-қа қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, оның қорытындысы бойынша тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділігі бөлігінде Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасы талаптарының бұзылуы анықталды. KEGOC-ке қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-ның 164-бабы төртінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғаны, ол субъектінің өтініші бойынша соттың қарауына берілгені айтылды.
Қазақстан мен Ресей "Байқоңыр" бойынша келіссөз жүргізеді
Цифрлық даму министрлігінің басшысы Бағдат Мусин бірқатар мәселе бойынша, атап айтқанда, қазақстандық ғарыш айлағын жалға алу бойынша ресейлік тараппен келіссөз сәуірдің ортасына жоспарланғанын айтты. Оның сөзінше, Ресей ғарыш айлағын жалға алғаны үшін жылына 100 миллион доллардан астам ақша төлейді. Келісім 2050 жылға дейін бекітілген.
Бас прокурор Тоқаевқа қаңтар оқиғасының тергеу жұмысы бойынша есеп берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Мемлекет басшысына қаңтар оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Бұдан бөлек, Президентке азаптауларды тергеп-тексеру бойынша прокурорларға өкілеттік беруге, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы айтылды.
Фото: Ақорда
Тоқаев жұмыс сапарымен Қырғызстанға барады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастық пен халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар аудара отырып, қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігінің даму перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы биылғы мамыр айында Қырғызстанға жасайтын мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке сөзсіз тың серпін беретінін атап өтті.
Қазақстанда астық пен ұнды экспорттауға неге тыйым салынды?
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, мұндай шаралар еліміздің ішкі нарығын қорғау үшін қажет. Ведомствоаралық комиссия шешім қабылдап қойды, қазір ережелерді келісу процедурасы жүріп жатыр. Екі апта ішінде астық пен ұнды экспорттауға тыйым салынатын құжат дайын болады.
Шахматшы Бибісара Асаубаева Гиннестің рекордтар кітабына енді
Қазақстандық Бибісара Асаубаева (2004 жылы 26 ақпанда дүниеге келген) - блицтен әйелдер арасында ең жас әлем чемпионы. Бибісара 2021 жылғы 30 желтоқсанда Польшаның Варшава қаласында блицтен әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында 17 жасында жеңіске жетті.
Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі
Ақтоты Райымқұлова жаңа қызметке келді
Ақтоты Райымқұлова "Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы" РМҚК директоры болып тағайындалды. Еске салайық, Ақтоты Райымқұлова бұған дейін ҚР мәдениет және спорт министрі болып қызмет етті.
Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай қайтыс болды
Радио және телевизия саласының ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Әбдірәлі Бөлебай Жамбыл облысы Ерназар ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын "Қазақфильм" киностудиясында режиссердың көмекшісі болып бастаған.Қазақ радиосында, Қазақ телевизиясында диктор, дикторлар тобының жетекшісі, "Хабар" агенттігінде "Жеті күн" ақпаратты сараптау бағдарламасының және "Жаңалықтар" қызметінің жүргізушісі, "Қазақстан" ұлттық арнасы Астана филиалының дикторы, Қазақстан Президенті Теле-радио кешенінің продюсері, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған.
Фото: instagram.com/zhanarbek.ashimzhan
Қазақстан үш елмен шекарадан өтудегі шектеулерді алып тастады
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия биылғы 11 сәуірден бастап Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен құрлықтағы өткізу пункттерінде ҚР азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдіктердің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуіне қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ әуеқатынасы арқылы ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге қойылған барлық шектеулер алынып тасталады.
Владимир Жириновский қайтыс болды
Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин саясаткер Владимир Жириновский қайтыс болғанын мәлімдеді. Ақпанның басында Ресей Либералдық-демократиялық партиясының (ЛДПР) басшысы Мәскеудің Орталық клиникалық ауруханасына жатқызылған болатын. Дәрігерлер саясаткерге өкпесінің 75 пайызы зақымданған деген диагноз қойған. Бірнеше күннен кейін оның жағдайы нашарлап, ауыр деп бағаланды. Кейін жасанды тыныс алу аппартына қосылған еді.
Еуроодақ Украинаны қаруландыруды жалғастырады
Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель одақ Ресеймен тікелей қақтығысты болдырмай, Украинаға "көбірек қару беруге" дайын екенін айтты. Ол еуропалық серіктестер Украинадағы қақтығыстың тезірек тоқтағанын қалайтынын айтты. Бұл ретте Чехия Украинаға танктер жіберілгенін растады. Чехия парламентінің Еуропалық істер жөніндегі комитеті басшысы Ондржей Бенешик Чехия Украинаға жаяу әскердің жауынгерлік машиналары мен Т-72 танктерін жеткізгенін айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!