28 ақпанда "Эпикалық қаһар" операциясы аясында басталған АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы америкалық қазынаға шамамен 50 миллиард доллар шығын болып түскен. Бұл - Пентагон ресми түрде көрсеткен мәліметтен екі есеге жуық көп, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, бұл туралы CBS News мәлімдеді, телеарна материалда америкалық шенеуніктердің ақпаратын келтірген.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің қаржы директоры Джулс Херст 29 сәуірде конгрессмендерге ресми шығын 25 миллиард доллар екенін айтқан. Алайда CBS News-тің дереккөздері бұл сомаға жойылған және зақымданған техника, сондай-ақ, АҚШ әскери базаларына келген шығын кірмейтінін мәлімдеді.
Шығынның ең үлкен бөлігі - оқ-дәрі. Оның қоры үнемі толықтырылып отыруы керек. Тек дрондар бойынша шығын кемінде 720 миллион доллар болған: америкалық әскер кемінде 24 барлау-соққы бағытындағы MQ-9 Reaper ұшқышсыз ұшу аппаратынан айырылған. Олардың әрқайсысының құны 30 миллион доллардан басталады.
Қосымша шығындарға жанармай, әскерді өңірге жеткізу және әскери инфрақұрылымды орналастыру да кіреді. CSIS стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Марк Канчианның айтуынша, шығынды тек Пентагон емес, АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі де көтеріп отыр.
Оның бағалауынша, жұмсалған арсеналды қайта қалпына келтіру үшін "бірнеше жыл" қажет. Оның үстіне, соғысқа дейінгі қару-жарақ қорының өзі жеткіліксіз деп бағаланған.
Демократ сенатор Крис Кунс ресми көрсетілген 25 миллиард доллар көлеміндегі шығын айқын төмендетілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл есепке әскерді өңірде екі ай бойы ұстауға кеткен қаражат кірмеген.
Сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитетіндегі тыңдауда конгрессмен Ро Ханна соғыстың қарапайым америкалықтарға қаншаға түсетінін көтерді. Ол бензин мен азық-түлік бағасының өсуін де алға тартты. Ал Пентагон басшысы Пит Хегсет нақты жауап бермей, "Иранда ядролық қару пайда болса, оның құны қандай болатынын ойлау керек" деген уәж айтты.
Пентагон әзірге әскери базаларды қалпына келтіру және жаңаларын салу қаншаға түсетінін есептеуге дайын емес.
Тыңдау қосымша қаржыландыру мәселесі талқыланып жатқан тұста өтті. Politico дерегінше, АҚШ әкімшілігі Конгрестен 200 миллиард долларға дейін қосымша қаражат сұрауы мүмкін.
28 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран ұсынған бейбіт жоспарды қабылдамады. Ол жоспар бойынша Иран Ормуз бұғазын ашуға дайын болған, есесіне ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді кейінге қалдыруды сұраған.
The Wall Street Journal мәліметінше, Ақ үй басшысы Иранға қарсы ұзақ мерзімді теңіз блокадасына дайындалуды тапсырған. Мақсат - мұнай экспортын шектеу арқылы Иран экономикасына қысым жасау.
Сонымен қатар, жаңа Dark Eagle гипердыбысты зымырандарымен соққы жасауды қайта бастау мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Егер Тегеран келісімге келмесе, Иранның уран қорын басып алу үшін арнайы жасақты жіберу нұсқасы да талқыланып жатыр.