АҚШ-тың Иранға жасаған жаңа соққылары аясында Brent маркалы мұнайдың бағасы 3,5 пайызға өсіп, барреліне шамамен 79 долларға жетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сауда-саттық мәліметтеріне сәйкес, Brent маркалы мұнайдың қыркүйектегі фьючерстерінің құны алдыңғы жабылу көрсеткішімен салыстырғанда күрт өсті. Бұл Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғанға дейінгі деңгейден шамамен 9 пайызға жоғары.
Өткен аптаның қорытындысы бойынша Brent бағасы барреліне шамамен 76 доллар деңгейінде жабылды.
Мұнай бағасы қақтығыс өршіп тұрған кездегі ең жоғарғы көрсеткіштен (барреліне шамамен 120 доллар) айтарлықтай төмен болса да, АҚШ пен Иран арасындағы әрбір жаңа шиеленіс мұнай нарығындағы ауытқуларға түрткі болып отыр.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға қарсы соққылардың жаңа сериясы басталғанын мәлімдеді. Оның мақсаты - Тегеранның Ормуз бұғазында шабуылдар жасау мүмкіндігін одан әрі әлсірету. Иранның мемлекеттік БАҚ-тары елдің оңтүстігіндегі Сирик, Бендер-Аббас және Джаск қалаларында, сондай-ақ Кешм аралында жарылыстар болғанын хабарлады.
Еске сала кетейік, сенбі күні Иранның контейнер таситын кемеге шабуылынан және Ормуз бұғазының жабылатынын жариялағаннан кейін текетірес қайта басталды. Құрама Штаттар Иранға соққы жасады, ал Иран бұған жауап ретінде Таяу Шығыстағы Америка одақтастарына шабуыл жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әскерилері Иранды бомбалағанын айтып, бұғаздың кеме қатынасы үшін ашық қалатынын мәлімдеді.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Парсы шығанағындағы қақтығыстың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Иран мен АҚШ-ты келіссөздерді дереу жандандыруға шақырды.