Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) Кувейттегі әскери базада орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің радиолокациялық станциясына, сондай-ақ АҚШ әскерилері шоғырланған жерге соққы жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Агенттік материалда Press TV телеарнасының ақпаратын келтіреді.
"Кувейттегі Али ас-Салем авиабазасындағы C-RAM жүйесінің РЛС-ы мен америкалық әскерилер жиналған аудан "Наср-2" операциясының сегізінші толқыны кезіндегі аралас соққының нысанасына айналды", - делінген ИРСК мәлімдемесінде.
Кувейт армиясы бас штабының хабарлауынша, жаудың ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына тойтарыс берілгені туралы хабарлады.
"Кувейттің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қазіргі уақытта жаудың дрондары төндірген қауіпке қарсы әрекет етіп жатыр", - делінген ведомствоның X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.
Бас штаб естілуі мүмкін кез келген жарылыстар әуе шабуылына қарсы қорғаныс жұмысының нәтижесі екенін растады.
ИРСК сондай-ақ Иранның оңтүстік-батысындағы Эндимешк қаласының аспанында АҚШ-тың MQ-9 Reaper ұшқышсыз ұшағының жойылғанын мәлімдеді, деп жазады РБК. Басылым ирандық IRIB және Tasnim агенттіктеріне сілтеме жасайды.
Сонымен қатар Press TV телеарнасының ақпараты бойынша, Иран армиясы Иорданиядағы АҚШ әскерилерінің байланыс жүйелері мен отын қоймаларына шабуыл жасалғанын хабарлады.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы бұған дейін америкалық әскерилердің Иранға бір тәулік ішіндегі соққылардың екінші толқынын аяқтағаны туралы мәлімдеме жариялады. Олардың нысанасы ирандық қолбасшылық орталықтар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және жағалау қорғанысы нысандары, сондай-ақ зымырандық және ұшқышсыз қару-жарақ құралдары болды.
Еске сала кетейік, Америка Құрама Штаттары мен Иран арасындағы қақтығыс бес күннен бері өршіп тұр.
Тағы оқыңыз: АҚШ Иранға бағыт алған танкерге зымыранмен соққы жасады