АҚШ әскерилері Иранға үшінші рет қатарынан соққыжасады. Ал Ормуз бұғазында АҚШ президенті Дональд Трамп Парсы шығанағындағы ирандық кеме қатынасына қайтадан шектеу жариялап, осы маңызды су жолы арқылы кедергісіз қозғалысты белгілі бір ақы төлеу шартымен қамтамасыз ететінін айтқаннан кейін екі танкер атқылауға ұшырады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
АҚШ Орталық қолбасшылығы Трамптың Хью Хьюитт бағдарламасында дүйсенбі және сейсенбі күндері Иранның "қатты зардап шегетіні" туралы мәлімдемесінен кейін бірден оның нұсқауымен соққы жасауды бастағанын хабарлады.
"Бүгін шығыс уақыты бойынша сағат 16:45-те АҚШ-тың Centcom қолбасшылығы Бас қолбасшының нұсқауымен үшінші түн қатарынан Иранға соққы жасай бастады. Бұл соққылар Иран күштеріне ауыр шығын келтіруді және олардың Ормуз бұғазындағы бейбіт тұрғындар мен коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін шектеуді жалғастырады", - делінген Centcom хабарламасында.
Америкалық әскерилер Иранға соққылардың қайталанғанын жариялағаннан кейін көп ұзамай, ирандық БАҚ Бандар-Аббас портты қаласында, Иранның Киш және Кешм аралдарында, сондай-ақ Парсы шығанағындағы Абу-Муса аралында жарылыстар болғанын хабарлады.
Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі ирандық қанатты зымырандар Оманның аумақтық суларындағы бұғаздың оңтүстік жолағымен өтіп бара жатқан әмірліктің "Момбаса" және "Аль-Бахия" атты екі мұнай танкеріне соққы жасағанын мәлімдеді. Соққы салдарынан экипаждың бір мүшесі қаза тауып, сегізі жараланды.
Иран Вашингтонның іс-әрекетіне жауап ретінде Кувейттегі АҚШ-тың әскери нысандарына соққы жасады Бұл туралы ирандық телеарна хабарлады.
Мәліметтерге сәйкес, шабуыл үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған. АҚШ-тың Кувейттегі базасындағы әскери байланыс жүйелері, жанармай қоймалары, Patriot зениттік-зымыран кешендері, диспетчерлік мұнара және оқ-дәрі қоймасы нысанаға алынды.
Сонымен қатар Иранның Әскери-теңіз күштері АҚШ-тың әскери кемесіне қанатты зымырандармен соққы жасады. Press TV бұл шабуыл АҚШ-тың Ислам Республикасы аумағындағы бірнеше әскери нысанға жасаған зымыран соққыларына қайтарылған жауап екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісінде "Осы сәттен бастап АҚШ "Ормуз бұғазының сақтаушылары" ретінде танылады және осы мәртебеде әділдік мақсатында оларға барлық жөнелтілген жүк құнының 20 пайызы өтеледі" деп жазған болатын.
Бұл мәлімдемеге Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи X желісінде жауап берді.
"АҚШ президентінікі толықтай дұрыс. Коммерциялық кемелердің Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз әрі сенімді өтуін қамтамасыз ететін тарап бұл қызметі үшін өтемақы алуы тиіс. Иран әрқашан бұғаздың сақшысы болған және мәңгі солай болып қала береді. 20 пайыз - әрине, тым көп. Біз әділ боламыз", - деп жазды ол.
Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп 17 шілдеде халыққа үндеу жариялайды. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Америкалық көшбасшының мәлімдемесі Иранмен қақтығыстың күрт шиеленісуі аясында жасалды.