АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа бейбітшілік ұсынысымен танысқанын, бірақ одан бас тартқанын мәлімдеді. Ол бұл туралы Израильдің Kan News басылымының журналисі Натан Гуттманға берген мәлімдемесінде айтқан, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бұл мен үшін қолайсыз. Мен оны зерттедім, бәрін қарап шықтым - бұл қабылданбайды", - деді Трамп журналиске телефон арқылы берген сұхбатында.
Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде АҚШ-тың Иранмен өте нәтижелі келіссөздер жүргізіп жатқанын жазды.
"Менің өкілдерім Иран елімен өте нәтижелі келіссөздер жүргізіп жатқанынан және бұл келіссөздер барша үшін өте жақсы нәтижеге әкелуі мүмкін екенінен толық хабардармын", - делінген жазбада.
Оның айтуынша, әскери операция "өте сәтті өтіп жатыр". Сонымен қатар ол бұған дейін бомбалауды қайта бастамауды жөн көретінін, бірақ мұндай мүмкіндікті жоққа шығармайтынын мәлімдеген болатын. БАҚ мәліметінше, ол Иранды ұзақ мерзімді блокадаға алуды жоспарлаған.
Ал Иранның SNN телеарнасының хабарлауынша, Иран СІМ ресми өкілі Исмаил Багаи АҚШ-тың Пәкістан тарапына Иранның 14 тармақтан тұратын ұсынысына жауап жібергенін, қазіргі уақытта Тегеран оны қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Багаи Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздерде Иранның ядролық бағдарламасы тақырыбы жоқ екенін, барлық талқылау тек Таяу Шығыс аймағындағы екі ел арасындағы әскери қақтығысты тоқтатуға қатысты екенін айтты.
Ирандық БАҚ хабарлауынша, Тегеранның АҚШ пен Израиль арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жоспары 14 тармақтан тұрады. Оған Ислам Республикасына репарация төлеу, сондай-ақ Ормуз бұғазында кеме қатынасының "жаңа механизмін" құру кіреді.
Al Jazeera телеарнасы Тегеранның үш кезеңнен тұратын ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату жоспарын ұсынғанын хабарлады. Осылайша, бірінші кезең 30 күн ішінде соғыс қимылдарын толық тоқтатуды және шабуыл жасаспау туралы келісімді қарастырады. Соңғысы Израиль мен Иранның аймақтағы одақтастарын да қамтиды.
Екінші кезең уранды байытуды 15 жылға дейін тоқтатып, кейіннен оның деңгейін 3,6 пайызға дейін шектеуді көздейді. Алайда Иранның Fars агенттігі бұл ақпаратты теріске шығарып отыр.
Үшінші кезеңде Иран аймақтағы көршілерімен ортақ қауіпсіздік режимін құру бойынша стратегиялық диалогты бастауы тиіс.