Сочи Олимпиадасында сынға түскен фристайлшы Дмитрий Рейхерд могулде 5-орынға ие болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Спортшыларымыз жүлдеге ақырын жылжып келе жатқандай. Әуелі әйелдер арасындағы фристайлдың могул жаттығуында Юлия Галышева 7-орынға ие болды. Одан соң конькимен жүгіру спортындағы аузымен құс тістеген жүйрігіміз Роман Креч ерлер арасындағы 500 метрлік қысқа бәйгеде осы жетістікті қайталап, 7-орынды еншіледі.
Енді, міне, Дмитрий Рейхерд ерлер арасындағы фристайлдың могул жаттығуында 5-орынды иеленіп отыр. Яғни жүлдеге екі қадам ғана қалды...
Дмитрий тамаша өнер көрсетті. Бірінші електік сында 7-орынға ие болып, бірден ақтық сынға жолдама алды. Ал Павел Колмаков 11-орынға тұрақтап, ақтық сынға бірден ілігуге бір қадам жетпей, қынжылтты. Дмитрий Бармашов болса, бірінші електе-ақ сүрінді...
Колмаков екінші електік сында 4-орынға ие болып, ақтық сында бақ сынайтындар қатарына қосылды. Ақтық сынның бірінші сүзгісінде Рейхерд 5-орынды, ал Колмаков 11-орынды иеленіп, екеуі де финалдың келесі сатысына шықты (барлығы 12 спортшы).
Рейхерд екінші финалдық сында да 5-орыннан көрінсе, Колмаков бір саты жоғарылып, 10-орынға орналасқанымен, соңғы ақтық сынға іліге алмады.
Соңғы ақтық сында алты үздік спортшы жүлделі орындарды сарапқа салды. Рейхердттың өнерін төрешілер мұнда 5-орынға ғана лайық деп шешті. Қойған (немесе қиған) бағалары бойынша – солай.
Сөйтіп, могулда Рейхерд 5-орынға, ал Колмаков 10-орынға ие болды да, Бармашов 26-орынға табан тіреді. Бірінші орын Канада қыраны Александр Билодоға, ал күміс жүлде оның отандасы Микаэль Кингсбериге бұйырды. Қола жүлде өз елінде өнер көрсеткен Ресей спортшысы Александр Смышляевқа тиді.