Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының бұрынғы бастығы Мүсілім Оңдағановқа жаңа айыптаулар тағылды деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ол аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталып отыр.
Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының бұрынғы бастығы Мүсілім Оңдағановқа жаңа айыптаулар тағылды деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ол аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталып отыр.
Бұрын сотталған жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Меңдіхан Жәкеновке де осындай айып тағылды. Оңдағанов пен Жәкенов 2008-2009 жылдары бюджет қаржысын жымқырып, қызметтік жалғандық жасаған. Бұл екеуі бапкерлер мен спорт функционерлерінің қатысуымен түрлі елдерге іссапарлар мен оқу-жаттығу жиындарына бару туралы жалған бұйрықтар шығарған. Сөйтіп, ешқайда бармай-ақ, бөлінген қаржыны қалталарына басып отырған. Оңдағанов пен Жәкенов сегіз эпизод бойынша барлығы 10 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырыпты. Олардың үстінен "Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін заңсыз иелену немесе жұмсау" және "Қызметтік жалғандық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Орал қалалық сотының қаулысымен Оңдағанов пен Жәкеновке екі айға тұтқындау түріндегі бұлтартпас шара қолданылды. Бірақ олардың қазірдің өзінде өңірдегі РУ-170/1 түзеу мекемесінде екені белгілі. Енді олар тергеушілерге жауап беру үшін тергеу изоляторына уақытша ауыстырылады.
Еске сала кетейік, биылғы ақпан айында Оңдағановқа мүлкін тәркілеумен бірге 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілген болатын. Ол 2009-2012 жылдары ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында 200 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталды. Жәкенов те қаржы жымқыру дерегі бойынша айыпталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.