“Соттан шақырту“. WhatsApp-та қазақстандықтарға қауіпті хабарламалар таратылып жатыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Соттан шақырту“. WhatsApp-та қазақстандықтарға қауіпті хабарламалар таратылып жатыр Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертілді: енді қаскөйлер сотпен қорқытып, жалған шақыртулар жіберіп жатыр. Еліміздің бір тұрғынын ақшасынан айырылудан телехикая құтқарып қалған. Tengri Life WhatsApp-қа күдікті хабарлама келсе не істеу керектігін және қауіпті сілтемелерге өтпей-ақ, мәліметтер базасынан өзіңізді қалай тексеруге болатынын анықтады.


Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертілді: енді қаскөйлер сотпен қорқытып, жалған шақыртулар жіберіп жатыр. Еліміздің бір тұрғынын ақшасынан айырылудан телехикая құтқарып қалған. Tengri Life WhatsApp-қа күдікті хабарлама келсе не істеу керектігін және қауіпті сілтемелерге өтпей-ақ, мәліметтер базасынан өзіңізді қалай тексеруге болатынын анықтады.

Неден басталды?

WhatsApp-тағы күдікті хабарлама туралы желі қолданушысы айтып берді. Жазба авторы әлеуметтік желілерде хаттың өте сенімді көрінгенін және басында ешқандай күмән тудырмағанын жазды.

"Телехикая көргенім бүгін алаяқтардан сақтап қалды! Неше түрлі айла-тәсілдерге барады екен. Алдымен сілтемені баспақшы болдым, кейін ойланып қалдым: неге бірден онлайн? Соңғы рет онлайн отырыс ковид кезінде, 2020 жылы ресми түрде некені бұзу кезінде болған еді. Қазір неге онлайн болады деп ойладым? Сондай-ақ бұған Жоғарғы соттың қандай қатысы бар?" - деді ол.

Осыдан кейін ол бірден бірнеше қосымша мен сайт арқылы хабарламаларды тексеруді ұйғарған, бірақ ештеңе таппай, соттың байланыс орталығына хабарласқан.

"eGov-тан тексердім, ештеңе таппадым. Кейін Жоғарғы соттың ресми сайтындағы жеке кабинетке кірдім, ол жер де бос. Жоғарғы соттың байланыс орталығына қоңырау шалдым, олар бұл алаяқтар екенін растады", - деп бөлісті ол.

Скриншот: Threads

Сот не деді?

Біз Жоғарғы сотқа сауал жолдадық. Онда мұндай жағдайлардың елімізде расында жиілеп кеткенін растады.

"Қазақстанда алаяқтар өздерін сот ретінде таныстырып, "айыппұл төлеу", "шақырту алу" немесе сілтеме бойынша өту туралы өтінішпен SMS, хаттар немесе мессенджерлер арқылы хабарлама жіберу деректері расымен тіркелді", - деп хабарлады сот.

Хабарламаның шынайы екенін қалай тексеруге болады?

Қазақстандықтарға кез келген осындай хабарламаны қалай тез әрі сенімді тексеруге болатыны да түсіндірілді.

"Соттан келген хабарламаның заңдылығын тексерудің ең сенімді жолы "Сот кабинеті" қызметі. Қазақстанның сот органдарының осы ресми қызметі арқылы сотқа құжаттар жолдауға, істердің мәртебесін қарауға, сот процестеріне қатысуға және іс бойынша сот актілерін жүктеп алуға болады. Егер сіз Қазақстанның кез келген сотындағы процесс қатысушысы болсаңыз, хабарлама міндетті түрде "Сот кабинетінде" пайда болады", - деді соттағылар.

Сондай-ақ өкілдер сіздің атыңызда қандай да бір іс бар-жоғын білу үшін әрқашан нақты соттың байланыс орталығына немесе кеңсесіне өз бетіңізше қоңырау шала алатыныңызды айтты.

"Онда сіз қатысатын іс бойынша сот өндірісі бар ма, әлде қандай құжаттар алғаныңыз тексеріледі", - деп атап өтті сот.

Соттар расында онлайн өткізіле ме?

Сонымен қатар Жоғарғы сот елімізде онлайн отырыстар қазір де өткізілетінін еске салды. Алайда соттар ресми хабарламаны қатаң түрде белгіленген арналар арқылы жібереді:

  • "Сот кабинеті" электронды қызметі арқылы;
  • тараптардың іс материалдарында өздері көрсеткен электронды поштасына;
  • процесс қатысушыларының ресми нөмірлеріне SMS арқылы;
  • талап арызда көрсетілген тұрғылықты мекенжай бойынша дәстүрлі қағаз хат түрінде.

Жалған хабарламаны қалай тануға болады?

Жоғарғы сот алаяқтарды бірден тануға болатын негізгі белгілерді атады. Соттың ресми хабарламасынан айырмашылығы, олар:

  • айыппұлды немесе алымды тез арада төлеуді сұрайды;
  • өту қажет болатын сілтемелерді жібереді;
  • жеке мәліметтерді (ЖСН, карта нөмірі және т.б.) енгізуді сұрайды;
  • "тез арада", "әйтпесе жаза болады" деп қорқытады.

Егер сіз осындай "жалған хабарлама" алсаңыз, ешбір жағдайда мәліметтеріңізді енгізбеңіз және бірден полицияға хабарласыңыз. Сот өкілдері хабарлама үшін алдын ала төлем жасау, сілтемелер арқылы өту немесе мессенджерлер арқылы жеке мәліметтерді беру талап етілмейтінін баса айтты.

Тағы оқыңыз: Ұлттық банк қазақстандықтарға цифрлық теңгеге қатысты схемалар туралы ескертті

Tengrinews