Алматыдағы Наурызбай ауданында су басу деректері тіркелген жоқ, тұрғындарды эвакуациялау жүргізілмеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алматыдағы Наурызбай ауданында су басу деректері тіркелген жоқ, тұрғындарды эвакуациялау жүргізілмеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Уақытша орналастыру пункттерін дайындау – ықтимал қауіп төнген жағдайда әрекет ету алгоритмдеріне сәйкес қабылданған алдын алу шарасы ғана. Хабарлау жүйесі іске қосылғанымен, уақытша орналастыру пункттеріне тұрғындар жүгінген жоқ", - деп хабарлады әкімдік.
Қалалық қызметтер Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп тәулік бойы жағдайды бақылап, Ақсай өзені бассейніндегі ахуалды қадағалап отырғаны айтылды.
Әкімдік тұрғындардан сабыр сақтауды, тек ресми ақпаратқа сүйенуді және тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұрады.
"Жағдай өзгерген жағдайда тұрғындарға ресми байланыс арналары арқылы жедел ақпарат беріледі", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындарына нөсер жаңбыр салдарынан таулы жерлерде сел жүру қаупі сақталып отырғаны ескертілді. Наурызбай ауданында құлақтандыру жүйесі іске қосылып, кейбір қала тұрғындарының ұялы телефондарына шұғыл хабарламалар келді.
Кейінірек ТЖМ Наурызбай ауданындағы сел қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізілетінін хабарлады.