Алматы тұрғындары Розыбакиев көшесіне ақын әрі мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы петиция жариялады. Әкімдік бұл бастамаға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Желіде 2026 жылғы 19 сәуірде дүниеден өткен ақын әрі мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың есімін мәңгілікке қалдыру туралы петиция жарияланды. Петиция авторлары жазушының есімін Розыбакиев көшесіне беруді ұсынып отыр.
Бастамашылар мұны осы қалада тұрып, шығармашылықпен айналысқан ақынға деген әділ құрмет деп санайды.
"Бостандық және Алмалы аудандары арқылы, негізгі білім беру және қоғамдық нысандар арқылы өтетін Алматының ең ұзын көлік артерияларының бірі Розыбакиев көшесінің (ұзындығы шамамен 7 шақырым) таңдалуы Мұхтар Шаханов тұлғасының әлеуметтік мәніне сәйкес келеді", – делінген петицияда.
Сонымен қатар бастама авторлары Абдулла Розыбакиевтің есімін есте сақтау үшін оған мемориалдық тақта орнатуды немесе есімін басқа нысанға беруді ұсынады.
Әкімдік бұған не дейді?
Қалалық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет билікке осындай мазмұндағы көптеген ұсыныс түсіп жатқанын растады.
Шенеунік ақынның есімін мәңгілікке қалдыру және оның мұрасын насихаттау – ортақ міндет екенін атап өтті.
"Қала көшелерінің біріне Мұхтар Шахановтың есімін беру мәселесі қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдар мен комиссиялардың қарауына ұсынылады", – деді бөлім басшысы.
Бұл процедура қалай жүреді?
Бақыт Қалымбеттің түсіндіруінше, алдымен билік бастаманы мәслихаттың бейінді комиссиясының талқылауына шығарады, содан кейін жоба қалалық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алуы тиіс.
"Алматы әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен қаулысының қорытындысы бойынша ұсыныс құрамына белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері кіретін республикалық ономастика комиссиясына жіберіледі. Ол қарастыра келе, оң шешім қабылданған жағдайда өз келісімін береді", – деп түсіндірді шенеунік.
Көше атауы тек республикалық деңгейде мақұлданғаннан кейін өзгеруі мүмкін.
Бұл ретте шенеунік заңнамалық шектеу туралы еске салды. "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" заңның 25-5-бабына сәйкес, көрнекті тұлғалардың есімдерін беруге олар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң рұқсат етіледі.
Еске сала кетейік, Мұхтар Шаханов 19 сәуірде 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі оның қайтыс болғаны туралы хабарлап, ведомствоның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында көңіл айтты.
Тағы оқыңыз: “Асқақ тұлға, қайсар мінез“. Алматыда қаралы жұрт Мұхтар Шахановпен қоштасуға жиналды
Тракторшыдан мінберге дейін: Мұхтар Шахановтың өмір жолы