Баянның шешімі бүкіл қазақ әйеліне үлгі - психолог

20 Қазан 2016, 09:42
1
Баянның шешімі бүкіл қазақ әйеліне үлгі - психолог - Баян Мақсатқызы © Instagram
Баян Мақсатқызы © Instagram

Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова Баян Мақсатқызының күйеуін кешіру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Психологтың айтуынша, продюсерге мұндай шешім қабылдау оңай соқпады. "Баян ханым қазақ әйелдеріне үлгі болды. Егер де психоанализден бөлек, дін жағынан алып қарасақ, барлық психотерапевт пен дін қызметкері адамдарды бір-біріне кешіріммен қарап, бейбіт жолмен шешім қабылдауға шақырады. Меніңше, ерлі-зайыпты ашу мен ызадан өтіп, осындай шешімге келді. Меніңше, мұндай шешім қабылдау Баян ханымға оңай соқпады (...)", - деді Анна Құдиярова.

Сондай-ақ, психолог продюсердің әйелдердің құқығын қорғау туралы райынан қайтуы мүмкін екенін айтып өтті.

"Менің ойымша, оның күйеуі алатын жазасын алды. (...) Оған да көптеген жағымсыз пікірлер мен қарғыстар айтылды. Сіздер ұмытпаңыздар, Баян ханымның шешімінде ананың балаға деген махаббаты да бар. Ол қыздарының әкесін кешірді. Балаларының әкесін түрмеге қамап тастау деген сөз баласына деген махаббаты жоқ екенін білдіреді. Қандай ана ондай әрекетке барады?", - деп түсіндірді психолог.

Ал басқа психологтың айтуынша, Баян Мақсатқызының күйеуін кешіруі қазақстандық әйелдердің көңілін қалдырды. "Кейбір әйелдерге Баянның шешімі үлгі болды. Ол өзінің басынан өткен оқиға арқылы мұндай жағдаймен күресіп, үндемей отыра беруге болмайтынын көрсетті. Бірақ ол қазір сотта күйеуін кешірді. Бір жағынан бұл зорлық-зомбылықтың жалғаса беретінін көрсететін сияқты. Сотқа дейін күйеуімен күрескен әйел халыққа әділдіктің бар екенін көрсете алды. Бірақ соңында Баянның өз сөздерінен айнып, осындай шешім қабылдағаны көптің көңілін қалдырды", - деді дағдарыс орталығының маманы.

Сонымен қатар, адвокат Джохар Өтебеков те продюсер Баян Мақсатқызының күйеуін кешіру туралы шешімінің сотқа қалай әсер ететіні жайлы пікір айтты. 

Еске салайық, кеше, 19 қазанда Талдықорғанда Бақытбек Есентаевқа қатысты өткен сот отырысында Баян Мақсатқызы күйеуін балалары үшін кешірген болатын. Продюсердің адвокаты Марат Асқарбеков Баян Мақсатқызының Бақытбек Есентаевқа қатысты істі тоқтату туралы өтініш білдіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар, адвокаттың айтуынша, Баянның күйеуіне айтатын ешқандай да шағымы жоқ, балалары да әкесін толықтай кешірген. "Баян Мақсатқызы қатты уайымдады. Күйеуін де қыздары үшін кешірді, соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады", - деді ол. Айта кетейік, сот отырысында продюсермен Грузияда бірге болған "Лашын" тобының мүшелерінен де жауап алынды.  

Еске сала кетейік, Баян Мақсатқызы 10 маусымда ауыр жағдайда Талғардағы ауруханаға түскен болатын. Тергеудің мәліметінше, оны күйеуі Бақытбек Есентаев аяусыз ұрып соғып, бірнеше рет пышақтаған. Бұл оқиға Еңбекші ауылының маңында Құлжа тас жолында болған.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай