1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Бишімбаев cотта "Prяник" мейрамханасының кімге тиесілі екенін айтты

© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

Экс-министр Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап беріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Ол бұл жолы Қуандық Бишімбаевқа арналып салынып жатыр делінген Қосшыдағы үй жайлы толық айтып берді. Сонымен қатар, экс-министр сотқа іс-материалдарында көрсетілген Астанадағы "Prяник" мейрамханасының кімге тиесілі екенін түсіндірді.

Бишімбаевтың айтуынша, бұл мейрамханының иелері - оның туыстары.

"Менің немере ағам, немере туысқаным және менің анам. Сіздерге "Prяник" мейрамханасының екі қабаттан тұратынын айтып өткім келеді: екінші қабат менің туыстарыма тиесілі. Бірінші қабатын 5-6 адам басқарады, оларды танымаймын, оларға еш қатысым жоқ. Кезінде осы аумақты бір кешен етіп біріктіру туралы келісім жасалды. Міне, содан бірлесіп бизнесім жүріп келе жатыр. Осылайша, "Prяник" мейрамханасының 8 немесе 9 қожайыны бар. Бірінші қабатын - 5-6 адам басқарса, екінші қабатын менің туыстарым басқарып жатыр", - деді Бишімбаев сот залында.

Сонымен қатар, ол осы мейрамханада Астанада түбіндегі Қосшы ауылындағы үй құрылысына ақша аударғанын түсіндірді.

"Мен осыған дейін 89,5 мың доллар көлемінде алғашқы төлем жасағанымды айттым. Ақшаны Сисембаев Ринатқа бердім. Себебі ақша жинаумен сол айналысты. Алғашқылардың бірі болып төлем жасауды жөн көрдім. Мұнда ешкімнің ешкімге өтіріп айтып жатпағанын көрсеткім келді. Осы ақшаны 2015 жылдың тамызында берген едім", - деді экс-министр.

Сондай-ақ, ол осы кезде ешқандай да қолхаттар мен чектердің алынбағанын айтып өтті. Айтуынша, олар ауызша келісімге келіп отырған.

"Кім қанша салды... Мен тек өзімнің қанша ақша бергенімді айта аламын. Сисембаев алғаш рет жауап бергенде 20 мың доллар салғанын айтты. Бірақ мен оның расында қанша ақша бергенін білмеймін, ақшаны мен санаған жоқпын. Мен Сұлтан Нұрлыбектің 12 миллион теңге беріп жібергенін белмін. Және де өзімнің бастапқыда 89,5 мың доллар, ал 2016 жылдың жазында Жақсыбаевқа тағы да қосымша ақша беріп жібергенімді білемін. Мұнда ақшаның барлығын Ринат қадағалап жүрді", -деді Бишімбаев.

Бишімбаев өзінің және серіктестерінің салынып жатқан коттедждің заңды түрде кімге тиесілі болатынын анықтап үлгермегендерін айтып өтті.

Мұның алдында экс-министр Мемлекет басшысынан кешірім сұраған еді. "Президенттің алдында кінәлі екеніміді білемін. Мен танитын адамдар, мен өзім жұмысқа шақырған Жақсыбаев, Жақыпов және тағы басқалар маған нұқсан келтірді, мен олар үшін Мемлекет басшысы алдында жауаптымын. Осы жағдай үшін және Президенттің сенімін ақтай алмағаным үшін ұяламын. Кадрларды таңдау кезінде қатты қателестім. Менің сеніміме кіріп, мені тек қолданған адамдарды өзіме жақындаттым. Мемлекет басшысынан кешіріп сұраймын, халықтан осы үшін кешірім сұраймын", - деген еді Бишімбаев.

Сондай-ақ, осыған дейін сотта Бишімбаевтың әйелі де сөз сөйлеген еді. "(...) ҚР ҚПК-ның 120-бабының 1-тарауын назарға алып, журналистік тергеу ресми құжат ретінде мойындалу керек. Ал 125-бап бойынша қылмыстық істі шешу үшін дәлелерді бағалау қатыстылық, дәлелділік тұсынан бағалану керек. Осыған байланысты зауыт құрылысы туралы мақалаларды іске қосуыңызды сұраймын", - деген еді Бишімбаевтың әйелі сот залында. 

2016 жылдың 30 желтоқсанында ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүріп жатқаны белгілі болған еді. ҚР СІМ басшылық құрамымен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қуандық Бишімбаевтың қызметтен босатылғанын мәлімдеген болатын.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаев пен бұл істің өзге де 22 фигурантына қатысты алдын ала тыңдаулар 31 қазанда басталған болатын. Бүрынғы ұлттық экономика министрі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-тарауы "Пара алу" және 189-бабының 4-тарауының 2-тармағы "Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену немесе талан-таражға салу" бойынша айыпталып жатыр.