Қарағандыдағы атышулы "ҚазАвиаСпектр" әуе зауытының лауазымды тұлғаларына қатысты кедендік баж салығынан жалтарғаны үшін, қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қарағанды облыстық кедендік бақылау департаментіне сілтеме жасай отырып.
Қарағандыдағы атышулы "ҚазАвиаСпектр" әуе зауытының лауазымды тұлғаларына қатысты кедендік баж салығынан жалтарғаны үшін, қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қарағанды облыстық кедендік бақылау департаментіне сілтеме жасай отырып.
"2014 жылдың 30 маусымында Қарағанды облысы кедендік бақылау департаменті "ҚазАвиаСпектр" ЖШС-нің лауазымды тұлғаларының үстінен кедендік салықты төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық іс қозғады. (ҚР Қылмыстық Кодексі 214-бап,1-бөлім) Аталмыш әуе зауытының мемлекет алдындағы қарызы 2014 жылдың ақпан айынан, маусым айына дейінгі аралықта 32,3 миллион теңгеге жеткен" - деп көрсетілген арнайы хабарламада.
Осыған байланысты 31 шілдеден бастап қылмыстық іс одан әрі тергеу мақсатында Қарағанды облыстық қаржы полициясына жіберілді.
Еске салайық, "ҚазАвиаСпектр" ЖШС-не қарасты еліміздегі бірінші "Сұңқар" әуе зауыты іске қосылған екі жылдың ішінде бірде-бір ұшақ жасап шығара алмады. Өткен жылы Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл кәсіпорынның ісін сынға алып, зауыттың жұмысын "көзбояушылық" деп бағалаған болатын. Осыдан кейін зауытқа қатысты "ҚазАгро" холдингінен несие қарыз есебінде алынған 846 млн теңгені қымқырды", - деген айғақпен қылмыстық іс қозғалып, артынша бұл іс жабылған болатын.
Қарағанды облысының әкімдігі Үкіметке бұл әуе зауытына қатысты жобаны индустрияландыру картасынан шығарып тастауды ұсынған еді. Ал өз кезегінде "ҚазАвиаСпектр" ЖШС-ның директоры Александр Ващенко зауыт 2014 жылдың қазанында бірінші ұшақты жасап шығаратынын, зауыттың кесте бойынша жұмыс істейтінін мәлімдеген.
Жалпы, жоспар бойынша зауыттан 2014 жылдың 1 қазанында "Фермер-2" ұшағы шығарылуы керек болса, 2015 жылы бұл әуе зауыты 36 "Фермер-2" ұшағын жасап шығаруы тиіс болатын.