22 сәуір 2022 10:00

Тағайындаулар, БҚО-дағы дау. 21 сәуірде Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Президент бірнеше шенеунікті жаңа қызметке тағайындады. Филиппинде "Агатон" дауылы кезінде 224 адам қаза тапты. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.


Президент бірнеше шенеунікті жаңа қызметке тағайындады. Филиппинде "Агатон" дауылы кезінде 224 адам қаза тапты. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Қазақстанда алтын құймаға сұраныс артты

Қазақстандықтар 2022 жылдың наурызында 2021 жылмен салыстырғанда алтын құймаларды 2,9 есе көп сатып алған. Бұл туралы Ұлттық банк мәлім етті. Сатылымның ұлғаюына алтынға инвестиция құюға қызығушылығы артқан халықтың сұранысы ықпал етіп отыр. Себебі қаржы нарығындағы белгісіздік пен валюта бағамы құбылмалы болып тұрған шақта көпшілік бұған жинақтарының сақталуын қамтамасыз етудің баламалы құралы ретінде қарайды. Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан

БҚО-да жол жөндеу жұмыстарына 20,4 миллиард теңге бөлінген

Бірнеше күн бұрын "Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы" тасжолының 36 шақырымын қайта жаңартуға мемлекеттік тапсырыс өткізу туралы хабарландыруды "ҚазАвтоЖол" ҰК Батыс Қазақстан филиалы жариялаған болатын. Жобаның құны - 20,4 миллиард теңге, әлеуетті мердігерлерден өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Учаскенің құнына: қолданыстағы жолды толық бөлшектеу, жаңа 100 су өткізу құбырын салу, 5 көпірді қайта жаңарту, 2 жаңа көлік айырымын, 14 мал айдау орны, 4 демалыс алаңын салу және жол төсемінің жаңа конструктивті қабаттарын салу арқылы жолды қайта жаңарту кіреді. Сонымен қатар, құрылыс құнына жалпы Батыс Қазақстан облысы бойынша тас карьерлерінің жоқтығы да әсер етеді. Қоғам жобаның қымбаттығына наразы, әлеуметтік желілерде адамдар мұндай ақшаға жол учаскесін қайта құрып қана қоймай, нөлден бастап автомобиль жолын (бетон қоршауы бар) салуға болады деген пікір білдірді

Нұр-Сұлтанда ҰОС ардагерлеріне миллион теңгеден беріледі 

Бүгінде елордада 18 ардагер тұрады, олардың ең үлкені - 102 жаста, ең кішісі - 96 жаста. 9 мамырда Жеңіс күніне орай олар 1 миллион теңге (1 013 060 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем алады. Сонымен қатар, жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне теңестірілгендер, ЧАЭС қатысушылары мен мүгедектерінен басқалары 111 300 теңгеден алады.

Сыртқы істер министрінің жаңа орынбасары тағайындалды 

Мемлекет басшысының өкімімен Ермұхамбет Болатпекұлы Қоныспаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол дипломатиялық қызметін ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде 2001 жылы Екіжақты ынтымақтастық департаментінің атташесінен бастаған

Фото: gov.kz

Ұлан Сарқұлов Антикор төрағасының орынбасары болып тағайындалды 

Мемлекет басшысының өкімімен Ұлан Серікұлы Сарқұлов Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Мақсат Қожабаев осы қызметтен босатылған. 

Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшісі тағайындалды

Арман Исетов Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Раушан Есболатова Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен және Қазақстанның Мьянма Одағы Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарудан босатылған.

Фото: gov.kz

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының бұрынғы басшысы қамаудан босатылды 

Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасының қажеттілігі болмауына байланысты Бас прокурордың көмекшісі Қайдар Қарақұлов уақытша ұстау изоляторынан босады. Соталды тергеу жалғасып жатыр.

Тоқаев Amanat партиясының съезін шақырды 

Amanat партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс XXIII съезді шақыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы партияның жауапты хатшысы Асхат Оралов мәлімдеді. Оның айтуынша, съезд 26 сәуірге шақырылған. Оған барлық өңірден делегаттар қатысады.

Президент БҚО әкіміне тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған "Күре жолдағы күрсініс" атты мақалаға назар аударды. Басылым Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар жағдайының нашарлығына байланысты мәселе көтерген. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырды. Тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс. Президент бұл мәселені шешуді Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жүктеді

Қазақстандық Мадина Бақбергенова күрестен Азия чемпионы болды

Қазақстандық балуан Мадина Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. 68 келіде белдескен Мадина Бақбергенова финалда Олимпиада ойындарының жүлдегері Мейірім Жұманазарованы жеңді. Финалда Мадина 2:1 есебімен жеңіліп тұрып, белдесу соңына қарай ұтымды әдіс жасап, есепті алға жылжытты. Нәтижесінде, белдесу соңында отандасымыз қарсыласынан 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды.  

Фото: ҰОК

Қытайда құлаған Boeing 737 апатының алдын ала есебі айтылды 

ҚХР азаматтық авиациясының бас басқармасы Қытайдың оңтүстігінде China Eastern Airlines әуекомпаниясының Boeing 737 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырау себептері туралы алдын ала есеп берді. Материалдарда ұшақ ұшар алдында барлық қажетті техникалық тексерістен өткені, ал ұшқан кезде "қандай да бір қауіпті ауа райы құбылыстары байқалмағаны" айтылған. Сонымен қатар, апатқа ұшыраған ұшақ бортында қауіпті деп танылатындай жүктер болмаған. Ведомство мәліметінше, табылған екі Boeing 737 қара жәшігі қатты зақымдалған. Деректерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр

Фото:REUTERS

Филиппинде "Агатон" дауылы кезінде 224 адам қаза болды 

10-12 сәуірде Филиппинде соққан "Агатон" ("Меги") тропикалық дауылы кезінде қаза болғандар саны 224-ке жетті. Филиппиннің Апат қаупін азайту және басқару жөніндегі ұлттық кеңесінің есебіне сәйкес, тропикалық дауылдан қаза тапқандар саны 224-ке жеткен, тағы 2 миллион 81 мың адам зардап шеккен. Табиғи апат салдарынан 175 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл ретте 76 елді мекенде электр қуатына байланысты мәселе туындап отыр.

Фото:REUTERS

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети