04 қыркүйек 2021 11:09

"Тұлға болам" сайысында жастар кітап оқып жарысты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тəуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған "Тұлға болам" кітап оқу сайысының нәтижесі шығып, жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Тəуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған "Тұлға болам" кітап оқу сайысының нәтижесі шығып, жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сайысқа "Шұғыла" қоры бастамашы болған, оны "Дария" дамыту орталығы ұйымдастырды және демеушілердің қолдауымен жүзеге асты.

Айта кетейік, "Шұғыла" қоғамдық қоры бірнеше жобаны жүзеге асырып жүр. Қор мұқтаж жандарға көмектесіп қана қоймай, кейінгі ұрпақтың болашағына да алаңдаулы. Олар "Тұлға боламын" жобасы аясында балалар мен жастарды кітап оқуға шақырды.

Сайысқа қатысушылар 1-3-сынып, 4-7-сынып, 8-11-сынып оқушылары және ересектер болып 4 топқа бөлінді. Əр топқа жеке тапсырма ретінде бөлек кітап берілген. Әр топтың жүлдесі де бөлек болды.

Оқылатын кітаптар ретінде қазақ классиктері мен әлем классиктерінің туындылары берілді. Қатысушылар 3 кезенде 3 кітап оқуға тиіс болды. Әр кезеңнін соңында кітап бойынша онлайн тест алынды. Ұйымдастырушылар сайыс арқылы жастарды кітап оқуға құлшындыру, жалпы елде кітап оқу дағдысын жандандыруды көздеген.

Бұл жолы сайысқа барлығы 50 мың қатысушы тіркелген. Әр кезең бойынша әр топтан алғашқы болған 50 адам 5000 теңгеге ие болады.

1-3-сынып тобында 1-3-орын алғандарға iPad, 4-10-орын алғандарға велосипед берілді.
4-7-сынып тобында 1-3-орын алғандарға MacBook, 4-7-орын иеленгендерге велосипед табысталды.

8-11-сынып тобында 1-3-орын иеленгендер Стамбулға саяхат жасаса. 4-10-орын алған қатысушылар Apple Watch алды.

"Шұғыла" ҚҚ президенті Сәрсенбек Иманбаев

Ересектер тобында 1-орын иегеріне 2 адамға шет елге саяхат берілсе, 2-орынға 500 000 теңге, 3-орынға 300 000 теңге қаржылай сыйлық үлестірілді. 4-10 орын аралығындағыларға ноутбук табыс етілді.

Жүлдегерлер тізімі мынадай:

1-3-сынып тобы: 1-орын - Табыс Алихан, 2-орын - Аслан Мадияр, 3-орын - Шынарбек Нұрсұлтан.

4-7-сынып тобы: 1-орын - Қази Ақнұр, 2-орын - Ерлан Кәусар, 3-орын - Шынарбек Ерсұлтан.

8-11-сынып тобы: 1-орын - Бегалы Елдос, 2-орын - Шынарбек Жанар, 3-орын - Елетай Расул.

Ересек: 1-орын - Қашубай Амангелді, 2-орын - Атанбекова Арайлым, 3-орын - Малика Кеңесова.

"Шұғыла" қамқоршылар кеңесінің мүшесі Азат Қалиолланың айтуынша, негізінен ми жүйесіндегі байланыс 25 жасқа дейін қалыптасады.

"Сол байланыстың мықты қалыптасуының арқасында жақсы тұжырым жасалады. Ал 25 жасқа дейін миға ойлану процесін қоспаса, цифрлық аутизмге шалдығады. Ондай балалар болашақты жоспарлай алмайды, ашуланшақ, сабырсыз болады, терең ойламайды. Қазіргі кезде біз "Гипер ақпараттық ортада" өмір сүріп жатқанымызды түсіне отырып, ми жүйесінің, қарапайым/ойландырмайтын ақпараттың көптігінен (смартфон, тв, электронды ойындар т.б) ақпарат ойлауға жауапты орталық атқарушы желіге енбейді де, ми әдепкі жүйесінің жұмысын тоқтатып, яғни мидың ұйқыға кетуіне себепші болады. Осыған байланысты Инстаграмнан т.б ойлануға мұрсат бермейтін ақпарат алаңынан шықпайтын адамдар стереотипті ойлайды, дамымай қалады. Ал мұның емі - кітап екені даусыз", - дейді ол.

Ең бастысы, сайысқа қатысу тегін. Сайысты ұйымдастырудағы мақсат жастарды кітап оқуға баулу, жалпы елде кітап оқу дағдысын жандандыру. Сол арқылы өзіміздің төл құндылықтарымызды санаға сіңіру. Екіншіден, балаларды кітап оқуға баулуды сыйлық арқылы ынталандыру. 6 ай бойы бала сыйлық алу үшін жарысса, одан кейін кітап оқу әдетке айналады. Яғни, өздігінен кітап оқуға деген ынтасы ашылып кетуі әбден мүмкін.

Айтпақшы, ұйымдастырушылардың бұл шараға 500 мың бала қатысса деген ниеті бар. Тіпті, жобаның ауылды жерлерге жетуін мақсат етпек. Тағы бір жаңалық, келесі байқауда ұтысқа Нұр-Сұлтан қаласынан бір бөлмелі пәтер тігіледі. Ендеше өскелең ұрпақты кітап оқуға баулып, қоғамның, ортаның өзгеруіне бірге амал жасайық.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети