АҚШ тарапынан кез келген шабуыл жасалған жағдайда Иран Ормуз бұғазындағы қозғалысты дереу тоқтатып, америкалық нысандарға "кемінде бірге екі" арқатынасында жауап соққыларын бере бастайды – Иранның соққыға ұшыраған әрбір нысанына жауап ретінде кемінде екі нысанаға шабуыл жасалады. Бұл туралы Иранның Press TV телеарнасында айтылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Кез келген қатерге пәрменді жауап қайтарылады. Иран АҚШ пен оның өңірдегі серіктестері арасында ешқандай айырмашылық жасамайды", - деп мәлімдеді қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз.
Телеарна сұхбаттасушысының айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің соңғы қоқан-лоқыларын жүзеге асырудан ештеңе ұтпайды, бірақ "әлбетте, Ормуз бұғазынан да, соңғы келісім туралы келіссөздерден де айырылады".
"Ендігі таңдау оның еркінде", - деп атап өтті телеарна дереккөзі.
8 шілдеде күндіз Трамп Анкарадағы НАТО саммитінде Иранмен атысты тоқтату режимі "аяқталғанын" мәлімдеді.
"Мен енді Иранмен істес болғым келмейді. Олар өтірікшілер. Біз мәміле жасаймыз. Бәрі келіседі. Ешқандай ядролық қару болмайды. Біз мәміле жасаймыз. Содан кейін олар баспасөзге шығып, біз бұл туралы мүлдем сөйлескен жоқпыз дейді. Оларда бір шикілік бар", - деді Трамп.
Ақ үй басшысының айтуынша, америкалық армия Иранға соққы беруді бүгін кешке жалғастыруы мүмкін.
"Тегеран кемелерге бірнеше ұшқышсыз аппарат пен бір зымыран ұшырды, өйткені олар бұғазда болды, ал ол жерде болуға олардың толық құқығы бар", - деп түсіндірді Америка көшбасшысы.
Бұған дейін сәрсенбіге қараған түні АҚШ Иранға жаңа соққылар беріп, 80-нен астам нысананы жойды. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы хабарлады. Мәліметтерге сәйкес, бұл операция Тегеранның Ормуз бұғазындағы үш танкерге жасаған шабуылдарына берілген жауап болды.