Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың салықты төлегеннен кейін де айыппұл есептелгені туралы шағымдарына пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың салықты төлегеннен кейін де айыппұл есептелгені туралы шағымдарына пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Редакцияға оқырмандар хабарласып, салық бойынша айыппұл есептелгенін жеткізді. Олар төлемнің уақытында жасалғанын және ешқандай қарыздың болмағанын айтады. Сондай-ақ, хабарламада көрсетілген қолдау телефонына хабарласу мүмкін болмағанын мәлімдеді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің қызмет көрсету басқармасы салық төлеушілердің жеке шоттарын түгендеу жұмыстары аясында есептеулер мен төлемдер бойынша барлық деректі өзектендіру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Өзектендіру процесінде салықтарды төлеу мерзімдері, нақты төлем күндері және есептелген кездегі қолданыстағы салық мөлшерлемелері ескеріле отырып, айыппұл сомасы есептеледі.
Қайта есептеу нәтижесінде артық төлем анықталған жағдайда, оны болашақ төлемдерге қолдануға немесе қайтару туралы өтінішті салық төлеушінің кабинетінде немесе egov.kz порталында электрондық түрде бере отырып қайтарып алуға болады", – деп хабарлады салық органдары.
Егер сұрақтар туындаса, өңірлік мемлекеттік кірістер басқармасына немесе 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.