Полиция жоғалып кеткен 20 жастағы студент қыз Айзада Авлатарова отырған автомобильді анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ілшісі Алматы облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция жоғалып кеткен 20 жастағы студент қыз Айзада Авлатарова отырған автомобильді анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ілшісі Алматы облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері еріктілермен бірге бірнеше елді мекенді - Жаңа-Арна, Мичурин, Әли, сонымен қатар саяжайларды аралады. Жетігеннен Қапшағайға бағыт алған автомобильдер бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы тексерілді. Ұялы байланыс детализациясы да тексерілді, полицияның қалалық және аудандық бөлімшелері қызды іздеуді жалғастырып жатыр.
"Медицина және оқу ғимараттары, интернет-кафе, әуежай, теміржол вокзалы және автовокзалдар тексеріліп жатыр. Таныстары мен куәгерлерден жауап алуды тоқтатқан жоқпыз. Тергеу мәліметі бойынша, қыз отырып кеткен автомобиль анықталды", - деді полиция өкілі.
Еске сала кетейік, 20 жастағы студент қыз 3 желтоқсанда жоғалып кеткен болатын. Айзада көрші Өтеген батыр ауылындағы (қыздың үйінен 25 шақырымдағы) оқуына бару үшін таксиге отырған. Дегенмен ол тиісті жеріне жетпеді. Қыздың үстінде сол күні қара күрте, көк шалбар мен қызғылт орамал болған.
Қыздың атасы Руслан мен туысы Гүлзара Айзаданың экономика және құқық колледжінде оқитынын айтты. Айзада жолда досына хабарласып, жүргізушінің оны Қапшағай жаққа апарғанын айтқан. Сонымен қатар, әңгіме барысында ол қатты қорқатынын бірнеше рет қайталап айтыпты. Кейін қыз бірге оқитын құрбысына хабарласып, колледжге бес минуттан соң келетінін жеткізген. Дегенмен ол сол күйі барған жоқ. Қыздың телефоны өшірулі.