Заңгерлер терроризм, "қару-жарақты сақтау және қарақшылық жасау бойынша айыпталып жатқан Руслан Күлекбаевқа өлім жазасы берілсе, оны орындауға бола ма, жоқ па" деген сұраққа жауап берді. Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен тараптарды қатар тыңдау кезінде мемлекеттік айыптаушы Жарқынбек Бақашбаев сотталушыға өлім жазасын тағайындауды сұраған болатын.
Заңгерлер терроризм, "қару-жарақты сақтау және қарақшылық жасау бойынша айыпталып жатқан Руслан Күлекбаевқа өлім жазасы берілсе, оны орындауға бола ма, жоқ па" деген сұраққа жауап берді. Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен тараптарды қатар тыңдау кезінде мемлекеттік айыптаушы Жарқынбек Бақашбаев сотталушыға өлім жазасын тағайындауды сұраған болатын.
Алайда, ҚР Президентінің "Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы" Жарлығымен елімізде өлім жазасын орындауға мораторий енгізілгені белгілі. Бұл дегеніміз сотталушыларға елімізде өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, бірақ оны орындауға болмайтынын білдіреді. Ал ең қатаң жазаны орындау мүмкіндігі жайлы пікір білдірген заңгерлер Мемлекет басшысы дұрыс деп тапса, "Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы" Жарлықты алып тастай алатынын атап өтті.
"Бұл мәселе бойынша шешімді Президент қана шығара алады. Егер Президент мораторийді алып тастау туралы жарлық шығарса, ол алып тасталады. Қажет деп тапса, осылай жасай алады. Президент жарлық шығарады, мұны Әділет министрлігі тіркейді. Тіркелгеннен кейін шешім заңды күшіне енеді", - деді заңгер Александр Каплан. Алайда ол бұлай болуы мүмкін екендігіне күмәнмен қарайды. "Дәл осындай атышулы іс болса да жарлық алып тасталады дегенге сеніңкіремей отырмын. Ал біздің елде жеке-дара жағдайға бола жарлық шығарылмайды. Меніңше, бұлай болмайды", - деді ол. Каплан осыған дейін Президент шығарған жарлықты Президенттің өзі алып тастаған жағдайлардың болғанын атап өтті.
Өз кезегінде адвокат Джохар Өтебеков мораторий алып тасталса да, алып тастаған уақыттан кейін өлім жазасын орындауға кем дегенде бір жыл қажет болатынын айтады. "Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 47-бабының ("Өлiм жазасы") талабы. Мораторий үкім шығаруға емес, оны орындауға қатысты шығарылды. Түсінікті тілмен айтқанда, мораторий "баскесерге" қатысты шығарылған. Біздің жағдайда қылмысты орындайтын орган - Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті. Мораторийдің сотқа еш қатысы жоқ. Судьяның мораторийге қатысы жоқ. Егер сот өлім жазасын беруді дұрыс деп тапса, солай істей алады. Ал үкімді орындау жағына соттың қатысы болмайды. Мораторийдің күші барда жаза орындалмайды, мораторийді алып тастау немесе алып тастамау - соттың құзырында емес", - деді Өтебеков. Адвокаттың айтуынша, мораторийдің қашан алып тасталатыны үкімге қатысты емес. "Бұл тек бір факторға тәуелді - үкім орындалмайды", - деп түсіндірді ол.
Өтебековтің айтуынша, өлім жазасына кесілгендердің жазаны жеңілдетуге, яғни оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға мүмкіндігі бар. Мұны Президент шешеді екен. "Үкімге әдеттегідей тәртіп бойынша шағым түсіруге болады. Орындауға бір жыл берілуі керектігі туралы шарт үкімнің заңды күшіне енуіне де қатысты. Сондай-ақ, Жоғарғы сот қорғаушы тарап шағым түсірсе, істі қарауға міндетті. Мәселен, қарапайым сотталған адам шағым түсірсе, істі қайта қарау туралы өтініші қанағаттандырылмауы мүмкін", - деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, осыған дейін де мораторий енгізілгеннен кейін өлім жазасы беріліпті. "Мәселен, Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірген адамға және тағы да басқаларға өлім жазасы берілген. Ата заң 2007 жылы өзгергеннен кейін, оған сәйкес, өлім жазасы бейбіт заманда адам өліміне әкеп соққан террористік қылмыс үшін беріледі, ал қалған сотталушыларға жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылған. Содан бері күні бүгінге дейін бізде бірде-бір лаңкес өлім жазасына кесілмеген", - деді адвокат.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта өлім жазасының орындалуын күтіп жатқан бірде-бір адам жоқ. "Қазір өлім жазасына кесілгендер жоқ. Күлекбаев біріншісі болуы мүмкін. Конституция 2007 жылғы өзгерістерден кейін өлім жазасын тағайындауға мүмкіндік береді - 15-бап - бейбіт заманда бұл тек адам өліміне әкеп соққан терроризм бойынша қылмыстар үшін тағайындалады", - деді Өтебеков.