Арыс тұрғыны кәмелет жасқа толмаған жоғалып кеткен қызын тапқан учаскелік полицейге алғыс айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арыс тұрғыны кәмелет жасқа толмаған жоғалып кеткен қызын тапқан учаскелік полицейге алғыс айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы Арыс қаласының жергілікті тұрғыны тамыздың ортасында Арыс АПБ-ге 14 жастағы қызының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағандығын айтып арызданған. Арыз түскен сәттен бастап, бірден бағыт алған полицейлер іздестіру шараларын жүзеге асырған. Бірнеше мобильдік топтарды құрып, ауыл аймақты тінтіп шыққан.
Куәгерлердің айтуы бойынша, жоғалған қыз жақын маңдағы ауданға қарай кетіп бара жатқан таксиге мінген. Одан басқа бірде-бір ілік жоқ. Осылайша бағыт алған полицейлер жақын жердегі Темірлан ауданын түгел тінтіп шығады.
Іздеу жұмыстарының нәтижесінде кәмелет жасына толмаған қыз анасының танысының үйінен табылады. Полицейлер бірден ата-анасына хабарласып, қызды аман-есен үйіне жеткізеді.
Бүгінгі таңда қыздың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Қызбен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда тәртіп сақшылары жасөспірім қыздың қалайша үйінен ізім ғайым жоғалып кеткені бойынша толық мән-жайды білу үшін тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Полицейлердің тез арада бағыт бағдар алып, қызының бұзақыларға жолықпай аман-есен табылғанына ризашылығын білдірген ақ жаулықты ана сақшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жоғалған қызын табу үшін өзінің қырағылығын танытып, уақыт жоғалтпай тез арада өз көлігімен іздестіруді бастап кеткен учаскелік полицей Пернебек Біржан Еркінбекұлына ыстық ықыласын білдірді.
Полицейлер үнемі ескертеді, егерде жақындарыңыз бен балаларыңыздан көз жазып қалсаңыздар уақыт жоғалтпай тез арада полицияның "102" нөміріне қоңырау шалыңыздар. Бұл өз кезегінде балаларыңыздың аман-есен табылуына септігін тигізеді.
Сонымен қатар, полицейлер әрбір ата-анаға өз балаларыңызға жоғалудың қаупі жайлы үнемі ұғындырып отыру керектігін айтады. Бастысы балалардың қауіпсіздігі.