24 мамыр 2022 09:38

Тағайындаулар, ревакцинация туралы жаңа қаулы. 23 мамырда Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері коронавирусқа қарсы ревакцинация туралы жаңа қаулыға қол қойды. ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды. Тоқаев Қырғызстанға барады. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады. 


Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері коронавирусқа қарсы ревакцинация туралы жаңа қаулыға қол қойды. ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды. Тоқаев Қырғызстанға барады. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады. 

Қарағанды облысында 5 адамнан бруцеллез анықталды 

Қарағанды облысында бруцеллез жұқтырған бес адам анықталды. Көп жағдайда инфекция сүт өнімдерін қолдану және оларды жеке тұлғалардан сатып алумен байланысты. Бруцеллез ауруы Шахтинск және Теміртау қалаларында, сондай-ақ Абай ауданында тіркелген. Сондай-ақ, Шет, Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай және Осакаров аудандарында адамдар үшін бруцеллез қоздырғышының негізгі көзі болатын ірі қара және ұсақ мал арасында бруцеллездің 391 жаңа эпизоотиялық ошағы анықталды.

ДСМ маймыл шешегіне қатысты мәлімдеме жасады 

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі бүгінде елімізде маймылдардың шешек ауруына күдікті бірде-бір жағдай тіркелмегенін мәлімдеді. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау жүзеге асырылады. Мемлекеттік шекарада аса қауіпті ауруларға күдікті науқасты қашықтан термометрия арқылы анықтау (әкелудің алдын алу) бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ведомство өкілдері маймыл шешегі (monkeypoxes - MPXV) - сирек кездесетін жұқпалы ауру, қызба, жалпы интоксикация және экзантема, яғни қызарудың пайда болуымен сипатталатын ауру екенін айтты

Қазақстанда ревакцинациядан өтуі тиіс адамдардың тізімі шықты 

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирусқа қарсы ревакцинация туралы жаңа қаулыға қол қойды. Жаңа қаулыға сәйкес, "КВИ-ға қарсы ревакцинация екпенің толық курсын алған адамдарға және бұрын коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе жасап, 6 ай аралықтан кейін бірінші ревакцинацияны алған адамдарға жүргізіледі". Қазақстанның аумағында 3 және одан да көп ай тұратын шетел азаматтарын қоса алғанда, барлық адамдар КВИ-ге қарсы ревакцинация алуы керек

Қазақстанда ресейлік банктердің еншілес компанияларының шоты бұғатталды

Қазақстанда ресейлік банктердің еншілес компанияларының шотындағы 9,2 миллиард теңге бұғатталды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты. Оның айтуынша, шетелдік банктер Сбербанктің жекелеген клиенттеріне 2,9 миллиард теңге көлеміндегі төлемдерді бұғаттаған. Альфа-Банк клиенттеріне 3,9 миллиард теңге көлеміндегі шетел валютасы бойынша төлемдер мен аударымдар тоқтатылған. Санкция талаптары аясында кейбір шетелдік банктер Сбербанк, Альфа-Банк және ВТБ банкінің еншілес банктеріндегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарды бұғаттады. Нәтижесінде, банк деректері бойынша, жалпы сомасы 9,2 миллиард теңгеге жуық қаражат бұғатталған. Сбербанкте - 2,7 миллиард теңге, Альфа-Банкте - 6,2 миллиард теңге, ВТБ Қазақстан банкінде - 0,3 миллиард теңге. 

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 30 жылға жалғасады 

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылғалы бір апта өтті. Бүгінге дейін банктерге 14 мыңнан аса өтініш түскен, оның 4800-ден астамы мақұлданған. Телеарнаның мәліметінше, қазақстандықтарға 35,7 миллиард теңге қарыз берілген. Қазірдің өзінде 34 көлік иесін тапқан. Жалпы, несие алушылар 5 әйгілі брендтің 32 модельді темір тұлпарын тізгіндей алады. Тиімді несиелеу аясында отандық автосалондарда 8 мың көлік бар. Маусымда оның саны екі есе артады. Жалпы, жаңа автонесиелеу бағдарламасы 30 жыл бойы жүзеге асады

ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды 

Мемлекет басшысының өкімімен Ерлан Ерғалиұлы Алдажұманов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры лауазымына тағайындалды. Ерлан Ерғалиұлы Алдажұманов - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жоғарғы қолбасшылығының өкілі, генерал-майор.

Фото: gov.kz

Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды 

Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігінің бұрынғы басшысы Ораз Жандосов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан Үкіметінің қаржы мәселелері жөніндегі вице-премьері, KEGOC ұлттық компаниясының басшысы, Ұлттық Банктің төрағасы, қаржы министрі қызметтерін атқарған

Фото: gov.kz

ІІМ Кинологиялық орталығының басшысы сотталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ІІМ Кинологиялық орталығының басшысына қатысты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. А.Болғымбаева 2021-2022 жылдары өзінің қарамағындағылардан жалпы сомасы 1 миллион 675 мың теңге ақшалай сыйлық алды деген күдікке ілінген болатын. 19 мамырда Алматы қаласы бойынша Түрксіб аудандық сотының үкімімен Болғымбаеваны мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды

Тоқаев Қырғызстанға барады 

26 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғызстанға барады. Екі мемлекет басшылары Бішкекте шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр. Келіссөздер барысында саяси диалогты одан әрі күшейтуге, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға мән беріп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері қарастырылады. 27 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына бейнебайланыс режимінде қатысады.

Президент индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне тапсырма берді 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына министрліктің жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі есеп берілді. Министрдің айтуынша, өнеркәсіп саласында импорт алмастыруға бағытталған 700 маңызды инвестициялық жоба даярланған. Арнаулы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде шешімдер қабылданған. Пайдалы қазбалар кен орындарының бәріне тексеріс жүргізілген. Қазір 118 лицензияның қызметі тоқтатылған. 57 келісімшарт үзілген. Жер қойнауын пайдаланушыларға олқылықтарды жою үшін 73 ескертпе жолданған. Тау-кен және металлургиялық кәсіпорындармен бірлесіп, орта және жоғары шектеулі өңдеуші өнімдер өндірісін өркендету үшін кешенді шаралар әзірленген. Президент еліміздің күре жолдары құрылысына қатысты мәселенің стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, оның айрықша бақылауда болатынын еске салды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажет екеніне назар аударып, министрге бірқатар нақты тапсырма берді.

Фото: akorda.kz

Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы алғашқы жеңіске жетіп, элитада қалды 

Хоккейден Қазақстан құрамасы Италия командасын жеңіп, әлем чемпионатының элиталық дивизионында қалды. Турнирдің соңғы матчында Қазақстан құрамасы қарсыласын 5:2 есебімен жеңіп, Финляндиядағы алғашқы ұпайға қол жеткізді. Бұл нәтижеден кейін қазақстандықтар үш ұпай алып, А тобында Италияны басып озды.

Time журналы ең ықпалды адамдардың тізімін жариялады 

Time журналы Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей басшысы Владимир Путинді ең ықпалды 100 адамның тізіміне қосты. Америкалық басылымының журналистері салалық сарапшылармен бірге жылдың ең ықпалды 100 адамының тізімін жасады. Тізім алты санатқа бөлінді: "Титандар", "Жаңашылдар", "Әртістер", "Көшбасшылар", "Пионерлер" және "Кумирлер". "Көшбасшылар" номинациясына Украина президенті Владимир Зеленский, Ресей басшысы Владимир Путин, Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен, АҚШ президенті Джо Байден, Германия канцлері Олаф Шольц және Оңтүстік Корея басшысы Юн Сок Ель кірді.

Қытай қондырғысы Марста су барына дәлел тапты 

Марста жүрген қытайлық Zhurong қондырғысы планетада су ғалымдар ойлағаннан әлдеқайда кешірек болғанына дәлел тапты. Өткен зерттеулерге сүйене отырып, ғалымдар Марста су сұйық атмосфералық күйде шамамен 3 миллиард жыл бұрын пайда болды деп топшылаған еді. 2021 жылдың мамырында Марсқа қонған қытайлық Zhurong топырақ үлгілері туралы мәлімет жинай бастады. Қытай Ғылым академиясы (CAS) мен Копенгаген университетінің зерттеушілері осы мәліметтердің кейбірін талдаған кезде, тек 700 миллион жылдық үлгілерде су бар болғаны туралы дәлелдер тапты. Бұл Марстың Солтүстік жартышарының шығысындағы Утопия жазығы ғалымдар Марстың беті кеуіп кетті деп ойлап жүргенде судың "едәуір" мөлшері сақталған орын болғанын көрсетеді. Марстағы су қоры тарихын түсіну зерттеушілерге қызыл планетада қанша су ресурсы мұз немесе гидратталған минерал түрінде қалғанын болжауға көмектеседі.  

Фото: cnsa.gov.cn

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.37   490.7   4.74 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети