Бүгін, 20 желтоқсанда Астанада "ЕНШІ" зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасының БАҚ өкілдеріне арналған таныстырылымы өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін, 20 желтоқсанда Астанада "ЕНШІ" зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасының БАҚ өкілдеріне арналған таныстырылымы өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Qazaqstan телеарнасында қыркүйек-қазан айларында аймақтық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 48 өрен бүгінде сайыстың негізгі кезеңінде бақ сынап жатқанын айта кетейік.
Жиында алдымен БАҚ өкілдерінің назарына бағдарлама туралы дайындалған шағын бейнеролик ұсынылса, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Олжас Шынжігітов жобаның мақсаты мен міндеттеріне кеңінен тоқталды.
"Бұл жобаның негізгі мақсаты - қазақтілді білімді жастарды қолдау, олардың білім деңгейін көтеру, ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді насихаттау және жасөспірімдер арасында тіл тазалығын сақтау. Сондай-ақ, "Енші" сайысы қалың көрерменге 100 пайыз пайдалы ақпарат беруді алдына міндет етіп отыр", - дейді ол.
Ал, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Мөлдір Бақытқызы 48 үздік қатысушының қалай таңдалғанын айтып өтсе, жоба идеясының авторы Нариман Қойшыбаев пен бағдарламаның креативті продюсері Дәулет Төлеутайұлы зияткерлік ойынның өткізілу форматы мен сипатына тоқталды.
"Сұрақтарды әр кезеңге сай етіп дайындауға тырыстық. Зияткерлік ойын болғандықтан барлық саланы қамтыдық деп ойлаймын. Ерекше атай кететіні, ертеңгі күні ешқандай талас болмас үшін сұрақтарды дайындау барысында сарапшылардың көмегіне жүгіндік. Олардың қатарында экономика, заң, филология, тіпті, техника ғылымдарының кандидаттары да бар", - деді Дәулет Төлеутайұлы.
"Зияткерлік сайыстардың телевизиямыздан көрінбей кетуіне не себеп?" деген сұраққа Н.Қойшыбаев: "Негізінен, зияткерлік сайыстар телевидениеде төмен рейтингіде болатын бағдарламалар қатарынан саналады. Ал, оны эфирге шығарудың өзін үлкен тәуекел десек артық емес. Өйткені, зияткерлік ойындар көрермендерге рухани азық сыйлағанымен коммерциялық жобалар қатарында рейтингісі әлдеқайда төмен болады. Мұны аудиторияның талғамымен-ақ өлшей беріңіз. Ток-шоуға телмірген көрерменге интеллектуалдық ойынды тамашалату қиынның-қиыны", - деп жауап берді.
Сонымен қатар, жиынның құрметті мейманы, қазақ эстрадасының жұлдызы, белгілі әнші Құрмаш Маханов та сөз алды.
"Әдетте бағдарламалардың дыбысын қадағалайтын мамандардың жұмысы көзге көріне бермейді. Алдымен ойынның бағыт-бағдарын, форматын жете түсініп алғаннан кейін ғана жұмысқа кірісті. "Еншінің" саундтрегін жалғыз өзім жасадым деп айта алмаймын. Дыбыстық сүйемелдеуде менен бөлек екі маман, бірі өңдеуші, екіншісі дыбыс режиссеры үшеуміз үш қалада отырып-ақ ойынның саундтрегін дайындадық", - деді ол.
Осылайша еркін сұхбат түрінде өткен таныстырылымда "Енші" телевизиялық жобасы және жалпы зияткерлік ойындар жөнінде де мәселелер көтерілді. Жиын соңында жобаның шығармашылық ұжымы алдын ала ұйымдастырған байқаудың үздіктері анықталды. Журналистер мен блогерлердің зияткерлігін байқау мақсатымен жоба ұйымдастырушылары БАҚ өкілдеріне алдын ала 5 сауал жолдаған болатын. Қиын әрі қызықты сұрақтарға басқаларға қарағанда мардымды жауап берген "Астана" радиосының журналист-редакторы Жанат Қабылдаұлы І орынды иеленсе, yenshi.kz сайты арқылы жобамен танысып, алдыңғы ойындарды көре отырып, түйген ойын қағазға түсіріп ғаламторда жариялаған "ЕлАна" әлеуметтік-танымдық сайтының тілшісі Ерқазы Сейтқалиға жүлделі ІІ орын бұйырды. Ал, республикалық "Білім айнасы" газетінің журналисі Жансая Мұстафина жүлделі ІІІ орынды місе тұтты.