05 тамыз 2020 14:00

Түркістан - қазақ руханиятының қастерлі қарашаңырағы

Қазақ даласы ғасырдан үн шертетін қойнауы қазынаға толы құтты мекен. Өткенмен бүгінді сабақтастырып, бір сарында үндестіре білу тек біздің даламызға тән қасиет. Алтай мен Атырауға дейінгі атырапты иемденген Ұлы даланың арасында шоқтығы биік мекен - киелі Түркістан өңірі жатыр. Бүгінде рухани ордамыз облыс орталығы болғалы бері, орасан істер атқарылып, батыл бастамалар көтерілуде. Өткерген кезеңді бағамдап, ой таразысынан өткізу мақсатында елгілі белгілі тұлғалардың пікірлерін топтастырғанды жөн көрдік.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ даласы ғасырдан үн шертетін қойнауы қазынаға толы құтты мекен. Өткенмен бүгінді сабақтастырып, бір сарында үндестіре білу тек біздің даламызға тән қасиет. Алтай мен Атырауға дейінгі атырапты иемденген Ұлы даланың арасында шоқтығы биік мекен - киелі Түркістан өңірі жатыр. Бүгінде рухани ордамыз облыс орталығы болғалы бері, орасан істер атқарылып, батыл бастамалар көтерілуде. Өткерген кезеңді бағамдап, ой таразысынан өткізу мақсатында елгілі белгілі тұлғалардың пікірлерін топтастырғанды жөн көрдік.

Ахмет Өмірзақ, халықаралық Túrkistan газетінің тілшісі: "Түркістан атауын тек бір қаланың атауы ретінде қарау - тарихты бағаламау дер едім"

Реклама
Реклама

Соңғы 2 жылда Түркістан облысының экономикасына 160 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Географиялық жағдайы мен табиғи ресурстарының молдығы, адам капиталы мен туризмнің дамуы – Түркістан өңірінің негізгі артықшылығы болып отыр. Нарық дегеніміз – халық. Инвестиция салушылар нарықтың көлеміне қарайды, халық тығыз орналасқан жерлерді таңдайды. Бұл жағынан алғанда, Түркістан облысы елімізде халқының көптігі жағынан инвестициялық тартымдылығы өте жоғары деңгейде. Оның үстіне бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласы мегаполиске айналып, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгесін өңірде тағы бір ірі қаланың пайда болу мүмкіндігі көрінді.

Қазір Түркістан қаласы күн сайын іріленіп келе жатыр. Онда кұрылыс саласы қарқынды дамуда. Оның үстіне Түркістан елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге белгілі туристік қала. Сондықтан оған туристердің көп келуі де нарықтық экономика жағдайында бизнесін жандандырушылардың назарынан тыс қалмайды деген пайымдамын.

Сонымен қатар, Түркістан облысы аграрлық жағынан жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемінің 12%-ы осы облысқа тиесілі. Биылғы жылғы егіс көлемі 12 мың гектарға жетіп, 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы өнім 140 млрд тг құраған. Республикадағы үлесі салмағы 15%-ға тең. Демек, бұл жағынан да облыс еліміздің алдыңғы қатарынан көрінуге мүмкіндігі бар. Онымен қоса, өңдеу өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру, жеңіл және химия өнеркәсібі, фармацевтика салаларының даму бағыттары да айқындалған.

Түркістан атауын тек бір қаланың атауы ретінде қарау − тарихты бағаламау дер едім. Неге? Себебі − Түркістан ұғымы одан әлдеқайда кең мағынаға ие. Түркістан − түркі жұрты, түркі халықтары, түркі тарихы дегенді білдіретін қасиетті атау! Сондықтан Түркістан қаласын әлемге кең танытуды ойласақ, әлем халқына Түркістанды еске түсіріп тұратын шараларды тұрақты өткізуіміз керек.

Қазіргі күні сауда-саттық пен бизнес саласының адымдап тұрғанын ескерсек, жыл сайын түркі халықтарының ұлттық мәдениетін дәріптейтін түрлі фестивалдар мен форумдар өткізіліп тұруы керек. Мысалы, бір күнді түркі халықтарының ұлттық сусындары мен тағамдарын, тағы бір күнді қолөнер бұйымдарын, ұлттық киімдерін т.б. құндылықтарын дәріптейтін жәрмеңкелер өткізілгені құба-құп болар еді.

Әбдіуақап Қара, Тарих ғылымының докторы, профессор: "Түркістан - түркілердің екі дүниедегі орталығы"

Сан ғасырлардан бері Түркістан қаласы түркі дүниесінің руханият ордасы болып келген. Мұнда Үрімші қаласынан Ыстамбұлға дейін бүкіл түркілердің рухани жетекшісі Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың және оның ұстазы Арыстан Бабтың кесенесінің болуы бекер емес. «Мадинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөз мұның маңыздылығын айғақтайды. Осы себепті Түркістан қаласы бүкіл түркілердің қасиетті орындарының бірі болып саналады.

Кеңес билеушілері Түркі дүниесінде осындай маңызға ие болған Түркістан атауын ұмыттыруға тырысты. Сонымен бірге, қасиетті Түркістан қаласы мен Яссауи бабамыздың маңыздылығы азайтылып функциясын жоюға күш жұмсады, Аймақтағы түркілердің басын қосушы Түркістан атауы алынып тасталып, оның орнына Орталық Азия және Қазақстан аты таратылды. Осылайша, қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен халықтарын бөліп бөлшектеп ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап оңай басқаруға болатын еді. Алайда, бұл мақсатқа жол берілмеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың рухани күшін қалпына келтіру барысында алғашқы қадамды Түркияның көрнекті президенті Тұрғыт Өзалмен ақыл қосып, Қожа Ахмет Ясауи халықаралық қазақ-түрік ортақ қаласының университетінің бой көтеруіне мұрындық болды. Бұл Түркістанның түркі дүниесіндегі маңыздылғын қалпына келтіру барысындағы ең бірінші қадам болатын.

Түркістан қаласы және Яссауи кесенесі Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан секілді көрші елдерде де рухани маңызға ие. Осы себептен, қала тек Түркістан облысының ғана емес, сонымен бірге Елбасының «Орталық Азия одағы» идеясы іске асқан уақытта сол одақтың да орталығы болмақ. Сондықтан, бұл шешім осы елдерде де үлкен қуанышпен қарсы алынғанында күмән жоқ деп ойлаймын.

Түркістан облысы құрылғаннан кейін ерекше мән-мағынаға ие болды. Бұрын Түркістан – Яссауи бабамыздың кесенесіне байланысты рухани дүниенің есігі еді. Ал енді Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыруынан кейін ол материалдық дүниенің, яғни бүгінгі дүниенің де есігіне айналды. Ендеше, күллі түркіні ұйытатын ұлы мекеннің көрері берері көп болып, жандана берсін ағадал тілек бізден болсын!

Жанат Жүнісбекова, тарих ғылымдарының кандидаты, доценті:

Түркістан – ежелден мұсылман баласы тәу етіп барып, зиярат қылатын қасиетті мекен. «Арыстан бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қанатты сөз сол ерте замандардан қалған. Сан ғасырдан бері өзінің мәдени және саяси құндылығын сақтап келе жатқан Түркістан қаласы Әзірбайжанның Шеки шаһарында өткен ТҮРКСОЙ кеңесінің шешімімен 2017 жылы түркі мәдениеті дүниесінің бас қаласы атанып еді. Бұл мәртебеге ие болудың да өзіндік себептері бар. Оған соңғы жылдары Түркістанның әлеуметтік-мәдени тұрғыдан қарқынды дамуы әсер етсе, екінші жағынан қаланың атауы да ықпал еткендей. Өйткені, "Түркістан" атауы түбі бір түркі этникалық тұтастықтың бәріне бірдей ұғынықты болғандықтан, мұндағы рухани құндылықтан әркім де өзінің бастапқы тамырына ортақ тұстарды табары анық. Түркі мәдениетінің орталығы саналатын шаһар – жергілікті халық қана емес, түбі бір түркі жұртшылығы тәу етер ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің елі. Бабаның құрметіне қойылған кесененің бітімі бөлек, тағлымы зор. Мир-Салих Бекчуриннің: «Адам қолымен сомдалған ғажайып дүние сол замандағы шеберлердің дарындылығын көрсетумен қатар қазіргі көркемдік дүниелерге де үлгі боларлық деңгейде…» деген пікірінде үлкен шындық бар.

Ендігі ой-түйінімді Түркістанның архитектуралық және ұлтты ұйыстыруға арналған рухани келбетіне қарай бұрайын. Мәселен, Алматы – зиялылық пен ғылымды, Астана – саяси шешімдер мен ұлттық бірегейлікті ұштастырған алып қалалар. Ал, менің ойымдағы болашақ Түркістан рухани құндылықтан нәр алып, ғылым мен білім іздеген жастардың арманын ұштастырған сәулетті қала болуы тиіс. Олай дейтінім, бұл өңір – жаһан кезіп білім іздеген тұлғалардың туып-өскен мекені. Сол тектіліктен нәр алған, жүректен туып, санамен жазылған Ұлы Дала философиясымен сусындаған Елбасы Н.Назарбаевтың Түркістан қаласын облыс орталығы етіп, жарқын болашақты бағдарлаған шешімі дер едім.

Алдағы уақытта тәжірибелі басшылар мен кәсіби мамандар іскерлік танытса, өндіріс пен ғылым ұштасса, ғасырдағы әлемнің бәйгесі Қазақстанның еншісінде болары ақиқат. Түркістанның дамығаны – Қазақстанның рухани-мәдени дамығаны. Ал, Қазақстанның дамығаны – түркі әлемінің жаңғырғаны.

Қуандық Қыстықбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Кузбасс құрмет орденінің" иегері: "Түркістан жер беті таңдай қағар қалаға айналарына сенімім мол"

Тарихта Йассы, Шавгар атанған Түркістан көне қалалардың бірі. Ол халқымыз үшін ғана емес, жалпы түркі жұрты үшін қасиетті саналады. Жылда он мыңдаған адам Түркістан қаласына Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көріп, дұға етіп, рухани азықтануға барады. Алыс-жақын шет елден келер азаматтар да баршылық. Оның барлығы қаланың мол тарихымен байланысты. Оның ауасын жұтып, суын ішкен адам оған ғашық болмай кетпейтін болар. Талай ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған өлкеде Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, «Ақ мешіт әулие» үңгірі, Қасиетті Домалақ ана мен Үкаша ата кесенелері, Жеті қабат дуалмен қоршалған көне Сауран қаласы, Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы жеті кереметі бар. Әбу Насыр Әл-Фараби әлемнің екінші ұстазы атанып, ұлы даламызға 40-қа жуық ойшылды сыйлаған көне Фараб қаласы да осы далада орын тепкен.Өз қойнауында хандарымыз бен билеріміздің, сұлтандарымыз бен бектеріміздің, батырларымыз бен абыздарымыздың қорымы жатқан құтты жер қазақ халқы үшін құнды аймаққа жатады.Содан болса керек, 2018 жылдың 19 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.

Тарихи тамырынан ажырамай, өркениетке қадам басқан Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына да 2 жыл өте шығыпты. Әрине, екі жыл көп емес. Десе де осы бір қысқа уақыт аралығында қыруар іс тыңғылықты жасалып, өз жемісін бере бастады. Тек облыс емес, еліміз үшін мегажобалардың тұсауы да кесілді. Мұның барлығы алдағы уақытта өз нәтижесін беретіндігіне еш күмәнім жоқ.Жаңадан сан түрлі нысандар бой көтеріп, көне ғимараттар күрделі жөндеуден өтпек. Бастысы, қаланың өзіндік болмысы сақталып, ұлттық нақышқа ерекше көңіл бөлінбек. Алдағы уақытта жүйелі атқарылар жұмыстар арқылы кербез мекеннің алып шаһарға айналып, жер беті таңдай қақтырар қала атанарына сенімім мол.

Ерлан МҮСІП, Visit Aqmola Ақмола облысының туристік ақпараттық орталығының басшысы: «Түркістан – Батыс пен Шығысты жалғар алтын көпір»

Түркістан – қазақ халқының ғана емес, бүтін бір түркі дүниесінің рухани ордасы, мәдени орталығы. Ондаған ғасырдан бері небір хандықтар мен елдердің астанасы болған көне шаһардың қойнауы қазынаға, даласы берекеге толы айтпаса да белгілі. Бұл далада әлемді аузына қаратқан ұлы ойшыл, философ Әбу-Насыр Әл-Фараби, жұрт арасында Әзірет Сұлтан атанған Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлылар ғұмыр кешкен. Орта Азияны мойындатқан Әмір Темірдің өзі мұнда қоныс тігіп, ұлы бабаға құрмет көрсеткен. Қазақ хандығының атақты хандары мен билерінің, сұлтандары мен батырларының пантеоны атанған мекен қашан да маңызға ие болған. Тіпті, Ұлы Жібек жолының өзі осы бір аймақта түйісіп, Батыс пен Шығысты жалғар алтын көпір атанған. Сондықтан да болар Түркістан өңірі қашанда киелі саналады.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Түркістан қаласын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы етіп таныған шешімі көптің көңілінен шығып, дүйім жұрттың көңіл пернесін дөп басқанын білеміз. Меніңше, бұл шешімнің бірнеше артықшылығы да бар. Солардың бірі ретінде, Шымкент қаласының республикалық маңызға ие қала статусын алуы оның одан әрі дамып, орныға түсуіне жол ашатын болса, Түркістан қаласы өзге аудандардың тынысын кеңейтіп, жаңаша бағытта дамуына мүмкіндік беретін болады. Тағы бір баса айтар артықшылығы, көне қаламыз жаңаша нақышта қайта түрленіп, жаңаша болмысқа ие болатыны сөзсіз. Яғни, замана көшіне ілесудің зор мүмкіншілігі туды десе де болады. Осыған дейін рухани астанамыз ретінде аталып келген қалаға енді бір облыстың жүгі жүктеліп отыр. Бұл, әрине, қаланың өсіп-өркендеуіне оң әсерін тигізетін игілікті іс. Соның арқасында кеше күллі түркі әлемінің алтын ордасы болған Түркістанның қайтадан түлеп, түрленетін, Тәуелсіздік тұғырының биіктей түсуіне өзіндік үлес қосатын кезең туып отыр. Осындай басымдықтардың ескеріліп, Түркістанның облыс орталығы ретінде құрылуын тарихи әрі әділ шешім деп есептеймін.

Санамызға сілкініс берер мұндай бастама алдағы уақытта киелі Түркістанның туризмнің орталығы атануына жол салады деген зор сенім білдіремін. Бастысы ұлтымыздың қастерлі мекені қайта түлеп, мемлекетіміздің мақтанышына айналса екен деймін.

Қорыта айтқанда, ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанға облыс орталығының көшірілуінде үлкен мән-мағына жатқанын аңғарамыз. Облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 1 трлн 236 млрд теңге бөлінуінің өзі киелі шаһардың қандай стратегиялық маңызға ие екенін білдірсе керек. Ендеше, ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі болған Түркістан өңірі кеуде кере мақтанатын айшықты аймағымызға айнала берсін демекпіз

Тимур АТАБАЕВ

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram