"Өте қарапайым, еңбекқор, мейірімді", - сегіз жастағы қызды зорламақ болған ер адамнан аман алып қалған 11 "А" сыныбының оқушысы Тимур Жамаладдиновты Қонаев атындағы мектеп директоры Римма Ахметова осылай сипаттап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Өте қарапайым, еңбекқор, мейірімді", - сегіз жастағы қызды зорламақ болған ер адамнан аман алып қалған 11 "А" сыныбының оқушысы Тимур Жамаладдиновты Қонаев атындағы мектеп директоры Римма Ахметова осылай сипаттап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ахметованың айтуынша, Тимурдың оқу үлгерімі орташа. Кей пәндерден үштік баға алып та жатады. Ешқандай спорт секциясына қатыспайды екен.
"Өкінішке қарай, спортпен шұғылданатын уақыты жоқ, әкесіне қолқанат болып жүр. Шаруашылықтары бар, малға қарайды. Бойшаң бала емес, өте еңбекқор", - дейді мектеп директоры.
Сонымен қатар, ол оқушының өте қарапайым екенін айтады.
"Өте қарапайым бала, қандай да бір ерлік жасадым деп тұрған жоқ. Біз де, мектеп ұжымы да мақтау қағазымен марапаттайық деп ойладық. Бас тартып отыр. Дегенмен алғыс хат дайындап жатырмыз, біздің мақтанышымыз. Оған ЖОО-ға түскенге дейін болысамыз, міндетті түрде түсуі керек. Тимурдың өзі жоғары оқу орнына түсіп, өмірін экономикамен байланыстырғысы келеді", - дейді Ахметова.
Тимур құтқарып қалған кішкентай қыз да Қонаев атындағы мектепте екінші сыныпта оқиды екен. Ол үлгілі оқушылардың бірі. Әдетте сабақтан кейін үнемі анасы алып кететін, бірақ сол күні үйіне жалғыз қайтқан.
17:30 шамасында қосымша сабақтардан кейін Тимур үйіне қайтып бара жатқан. Тимурдың өзі ересек адамнан еш қорықпағанын айтады.
"Қыз екеуін көріп қалдым, қыз жылап тұр еді, көмектесіңдерші деді. Ұрған жоқпын, итеріп жібердім барып, сөйтіп қашып кетті өзі ары қарай. Қыз оның құшақтап, қысқанын айтты. Менің орнымда басқа адам болса да, солай істейтін еді", - дейді Тимур Жамаладдинов.
Осыдан кейін Тимур қызды қолынан алып, үйіне апарған.
Еске салайық, 2008 жылға Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген ауылының маңында шабуыл жасалған болатын. 32 жастағы жергілікті тұрғын қызды зорлағысы келді деген күдікпен ұсталған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. "Құқық қорғау органдарына қыздың ата-анасынан 14 сәуірде кешкі уақытта арыз түсті. Арызда олар қыздарына қатысты құқыққа қайшы әрекет жасалғанын айтқан. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер") тергеу жүріп жатыр. Тергеу шараларын Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөлімі жүргізіп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол Еңбекшіқазақ ауданының 1985 жылғы тұрғыны", - деп хабарлаған еді осыған дейін полицейлер. Облыстық ІІД өкілдері осы іс бойынша барлық қажетті сараптаманың тағайындалғанын хабарлады.
Ал кейін Алматы өңірлік балалар клиникалық ауруханасының директоры Ролан Нұрбаев қыздың жағдайын айтып берген еді. "Қазіргі уақытта ол бізде ем алып жатыр, негізгі диагноз бас сүйек миы зақымданған, миы шайқалған, көз алмасы зақымданған. Оған неврологиялық салада көмек көрсетіліп жатыр. Біз психологиялық көмекте көрсетіп жатырмыз. Психолог күн сайын онымен жұмыс істейді", - деп хабарлаған болатын Нұрбаев.