Астанадағы “тәж киген“ тұрғын үй кешені. Онда тұрғындар қалай өмір сүріп жатыр және қандай мәселелер бар?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астанадағы “тәж киген“ тұрғын үй кешені. Онда тұрғындар қалай өмір сүріп жатыр және қандай мәселелер бар? Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Миллениум парк" тұрғын үй кешенін Астанадағы ең әдемі әрі ерекше нысандардың бірі деп нық сеніммен айтуға болады. Еліміздің бас алаңының іргесінде орналасқан бұл кешен айналадағы құрылыстармен үйлесім тауып, ұлттық сәулет өнерінің элементтерін паш етіп тұр. Жергілікті тұрғындардың көңілінен шыққан нысанды туристерге де мақтанышпен көрсетуге болады.

"Миллениум парк" тұрғын үй кешенін Астанадағы ең әдемі әрі ерекше нысандардың бірі деп нық сеніммен айтуға болады. Еліміздің бас алаңының іргесінде орналасқан бұл кешен айналадағы құрылыстармен үйлесім тауып, ұлттық сәулет өнерінің элементтерін паш етіп тұр. Жергілікті тұрғындардың көңілінен шыққан нысанды туристерге де мақтанышпен көрсетуге болады.

Бірақ бұл - сыртқы көрінісі ғана. Ал ішінде не болып жатқанынан көпшілік бейхабар. TengriHome тілшілері кешендегі мұнаралардың бірінің мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымымен сөйлесіп, мұнда қандай адамдар тұратынын, олардың қаншалықты ұйымшыл екенін және "Миллениум парк" кешенінің әлі күнге дейін қандай түйткілдермен бетпе-бет келіп отырғанын біліп қайтты.

Бұл репортаждың видеонұсқасын біздің Tengri TV YouTube-арнасынан көре аласыздар. 

"Миллениум парк" тұрғын үй кешенін Bazis-A компаниясы салған. Құрылыс кезең-кезеңімен жүргізілді: мұрағаттағы панорамалық суреттерге қарасақ, 2011 жылы бұл жер айдала бос жатқан, ал 2014 жылға қарай алғашқы мұнаралар бой көтерген. Бұл ретте құрылыс салушының сайтында пайдалануға берілген ресми жыл ретінде 2019 жыл көрсетілген (бұл соңғы мұнараның құрылысы аяқталуына байланысты болуы мүмкін, есеп содан бастап жүргізіледі - ред. ескертпесі). 

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Тұрғын үй кешені өтіп бара жатқан адамдардың назарын тек ұлттық нақыштағы сәулетімен және ою-өрнектерімен ғана емес, әр мұнараның төбесіндегі "тәждерімен" де аударады. Қазіргі таңда Астанада мұндай сәулет өнері сирек кездеседі: жаңа биік ғимараттар негізінен біркелкі, ұқсас стильде салынып жатыр.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Мұнаралардың атаулары да ерекше назар аудартады: Абай, Да Винчи, Омар Хайям, Моцарт және Шекспир үйлері.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Кешеннің орналасқан жері өте қолайлы саналады, себебі ол елдің бас алаңына, Ұлттық музейге, театрға және оның жанындағы үлкен саябаққа жақын. Жалпы, бұл жерден сол жағалауға да, елорданың ескі бөлігіне де тез жетуге болады. Ал әуежайға дейінгі жол айналма жолмен шамамен 20 минутты алады.

Тәуелсіздік сарайы, оның артында тұрғын үй кешені. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшыларының қатысуымен ірі іс-шаралар өткен кезде айналадағы барлық көше жабылады. Мұндай кезде кешен тұрғындары такси шақыру немесе автобусқа міну үшін ұзақ жерді жаяу жүруге мәжбүр болады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Біз "Да Винчи" үйінің МИБ төрайымы Бақты Дадыровамен кездестік. Бұған дейін ол кешеннің бірнеше мұнарасын басқарса, қазір тек біреуіне жауапты. Ол өзі де осы үйде 2015 жылдан бері тұрады.

Бақты Дадырова, "Да Винчи" мұнарасының МИБ төрайымы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Пайдалануға берілгеннен кейін мәселе көп болды. Мысалы, 7-қабатқа дейінгі барлық пәтерлердің әжетханалары қатып қалатын, өйткені қабырғалары оқшауланбаған еді. Кейін террасалармен, шатырмен айналыстық. Бірақ жалпы алғанда, Bazis кепілдік аясында барлығын жөндеп берді", - деп еске алады Бақты Сейітқызы.  

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"2015 жылдан 2020 жылға дейін біздің үйге "БАРИТ-СЕРВИС" компаниясы қызмет көрсетті. Бұл - құрылыс салушының аффилиирленген компаниясы. Бізде суық және ыстық су беруде іркілістер басталды, құбырлар жарылып, бірінші қабатты су басты. Бірақ олар талап бойынша жұмыс есептерін беріп тұратын. Ал кейін кенеттен үйімізден кетіп қалды. Тіпті хабарландыру іліп, кетіп бара жатқандарын айтып: "Енді ана бір пәтердегі Дадыроваға хабарласыңыздар" деп жазып кетіпті. Осылайша үйді басқаруды өз қолыма алдым", - дейді төрайым.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Бақты Сейітқызының мектепте 40 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар. Ол ТҮКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) саласынан алыс еді. Бірақ бұл қиындықты мойнына алды.

"Команда жинадым, бірақ біз жарты жыл бойы тегін жұмыс істедік. Жылу торабын қалпына келтіруге кірістік, өйткені барлық жылу алмастырғыштардан су ағып тұрды. Қабырғалар зең басып кеткен еді. Осы жылдар ішінде мәселелердің көбін шешудің сәті түсті, бұған өте көп қаражат жұмсалды. Қазір жылумен де, сумен де, өрт сөндіру жүйесімен де ешқандай проблема жоқ. Ал жылу торабымыз жақында зертханадай болады - тап-таза әрі әдемі", - дейді Бақты Сейітқызы. 

"Да Винчи" үйінің МИБ басқарушы компаниядан жылу торабын осындай күйде қабылдап алды. Фотоларды Бақты Дадырова ұсынды

Жылу торабының қазіргі көрінісі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Миллениум парк" ауласы кешен ғимараттарымен қоршалғанына қарамастан, заң жүзінде оған тиесілі емес - бұл аумақ қаланың меншігі саналады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Осы орайда қисынды сұрақ туындайды: егер бір кешеннің әр мұнарасында өз МИБ болса, ортақ ауланы кім күтіп ұстауы керек? Бақты Сейітқызының айтуынша, бұл аумақты бірлесіп күтіп ұстау үшін үйлер арасында бөліп беру әрекеттерінен нәтиже шықпаған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Қазіргі уақытта төрайым ауланы күрделі жөндеуден өткізу үшін "Халықтық қатысу бюджеті" бағдарламасына өтінім берді. Ол бұл өтінім мақұлданады деп қатты үміттенеді, өйткені пайдалану жылдарында балалар алаңы мен ауланың өзі айтарлықтай тозып, жаңартуды қажет етіп тұр.

Анықтама: "Халықтық қатысу бюджеті" - бұл тұрғындардың өз ауданын абаттандыру бойынша жобаларды өздері ұсынып, таңдайтын мемлекеттік бағдарламасы. Идеялар (мысалы, балалар алаңдары, гүлзарлар, жарықтандыру немесе аулаларды жөндеу) дауыс беруге жіберіледі, ал көп дауыс жинаған жобалар жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Бірақ бүгінде МИБ төрағалары айтып жүрген басты мәселелердің бірі - қасбет (фасад). Айтпақшы, бұл елордадағы көптеген ТҮК-терге тән мәселе.

Алайда мұнда қасбет стандартты емес: ол металл конструкциялардан жасалып, ою-өрнектермен безендірілген. Оны жаңарту қанша тұратыны әлі есептелген жоқ. Дегенмен, қазірдің өзінде бір нәрсе анық: үйлердің бюджетінде бұған жететін қаражат атымен жоқ.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Қасбетке қатысты түйткілдер туралы бізге "Абай" үйінің төрағасы Мұхтар Ахметов те айтып берді.

"Жаңбыр жауғанда кейбір пәтерлердің қабырғасынан су сорғалайды. Шамасы, қуыстар бар сияқты. Қазір қасбетке МИБ жауапты. Бірақ мен мұны дұрыс емес деп санаймын. МИБ мұндай шығындарды көтере алмайды. Менің шамалап есептеуімше, тек бір мұнараның қасбетін ауыстыруға 70 немесе тіпті 80 миллион теңге қажет болады", - деді ол.

Фотоны Бақты Дадырова ұсынды

Біз құрылыс сапасына қатысты ескертулер мен бұрын ТҮК-ті басқарған "БАРИТ-СЕРВИС" компаниясының жұмысына байланысты құрылыс салушы компанияға сауал жолдадық. Сауалға Bazis-A Corp. ЖШС президенті Тимур Ахметов жауап берді. Редакция Egov арқылы анықтағандай, бұл Bazis-A тобының құрылымдарының бірі.

Сонымен, Тимур Ахметов қысқа қайырды. Ол нысан жобалау-сметалық құжаттамаға және басқа да нормативтік актілерге сәйкес салынған деп құрғақ жауап берді:

"Нысанның ЖСҚ-сы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілген және бекітілген "Мемсараптама" РМК-ның оң қорытындысына ие. Сондай-ақ Қазақстан заңнамасына сәйкес пайдалануға берілген".

Бұл ретте Ахметов тұрғындар шағымданған "БАРИТ-СЕРВИС" басқарушы компаниясының кемшіліктеріне қатысты пікір білдірген жоқ. Өз компаниясының бұл ЖШС-мен байланысы бар екенін растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Сонымен қатар редакция - тағы да ресми үзінділер арқылы "БАРИТ-СЕРВИС" компаниясының басшыларының бірі "Базисинвестстроймен" байланысты екенін анықтады. Ал оның құрылтайшылары - BAZIS-А Corp. ЖШС және "Базис-Астана" ЖШС.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Ал тілшілер түсірілімді Наурыз мейрамы күндері жүргізген болатын. "Да Винчи" үйіне бас сұққанда олар үйдің мәселелеріне қынжылып қана қоймай, ондағы мерекелік атмосфераға таңданып, риза болды. Журналистер бірінші қабаттағы холлда ұйымдастырылған мерекелік дастарханның үстінен түсті.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Кешендегі кейбір үйлерде маңызды мерекелерді - Наурызды, Жаңа жылды, Балаларды қорғау күнін бірге атап өту дәстүрге айналған. Ең бастысы, жергілікті тұрғындар үй айналасын тазалау үшін үнемі сенбілікке шығып тұрады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Бұл - МИБ-тің бастамасы, ал көршілер оны қолдады. Дастархан жаю үшін белгілі бір сома бөлеміз, бірақ көбісі тамақты үйлерінен пісіріп әкеледі. Нәтижесінде берекелі дастархан жайылады. Біз бір-бірімізді жақсырақ танығымыз келеді. Себебі бір қабатта сегіз пәтер болса да, бір-бірін танымайтындар бар. Қазір көбісі достасып кетті, спорттық секцияларға бірге барады, серуендейді, уақытты бірге өткізеді", - дейді Бақты Сейітқызы.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Кей жерлері мүжіліп жатса да, қала пейзажының ажырамас бөлігіне айналған қасбеттің арғы жағында көптеген ТҮК-терге, соның ішінде елордалық үйлерге тән қарапайым оқиға жатыр: түйткілді мәселелер, дау-дамайлар, тәртіп үшін тұрақты күрес, құрылыс салушылар мен бұрынғы басқарушы компанияларға айтылатын шағымдар.

Ақыр соңында мәселелерді осы ТҮК-терде тұратын адамдар шешуге мәжбүр. Бұл кешен уақыт өте келе тек әдемі сурет болып қала ма, әлде шынымен өмір сүргің келетін жайлы мекенге айнала ма, құрылысшылар мен мердігерлерден қалған олқылықтарға көніп, тоза бере ме, әлде бәрі ретке келтіріле ме - осының бәрі тұрғындардың өзіне байланысты.

Сол сияқты бүгінгі "Миллениум парк" - бұл танымал сәулет қана емес, сонымен қатар жылу тораптарын жөндеуден бастап, ортақ аулаға кім жауапты екенін келісуге дейінгі тұрғындардың күнделікті қажырлы еңбегі. Сондықтан да көршілерге тату болып, мерекелерді бірге тойлау маңызды.

Дайындаған: Нұрила Ермекбаева

TengriEdu
Join Telegram