Көпқабатты үйлердің қасбетін жөндететін кезде жұмысты қалай бастаған дұрыс?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көпқабатты үйлердің қасбетін жөндететін кезде жұмысты қалай бастаған дұрыс? Суретті Розыбакиев көшесі, 250 үй тұрғындары ұсынды

Алматының Бостандық ауданында орналасқан үйлердің бірінің тұрғындары өздерінің тоғыз қабатты үйі қаланы жаңғырту бағдарламасына енгеніне қуанған еді. Бұл бағдарлама бойынша орталық көшелерге қараған үйлердің қасбеттері бірыңғай сәулеттік стильге келтірілуге тиіс. Алайда көп ұзамай жөндеу жұмыстары пәтер иелеріне уәде етілгендей жүргізілмей жатқаны белгілі болды. TengriHome мәселенің не себепті бұлай өрбігенін, қандай шешім табылғанын анықтап көрді. 

Алматының Бостандық ауданында орналасқан үйлердің бірінің тұрғындары өздерінің тоғыз қабатты үйі қаланы жаңғырту бағдарламасына енгеніне қуанған еді. Бұл бағдарлама бойынша орталық көшелерге қараған үйлердің қасбеттері бірыңғай сәулеттік стильге келтірілуге тиіс. Алайда көп ұзамай жөндеу жұмыстары пәтер иелеріне уәде етілгендей жүргізілмей жатқаны белгілі болды. TengriHome мәселенің не себепті бұлай өрбігенін, қандай шешім табылғанын анықтап көрді. 

Мән-жайы

Бір қарағанда қарапайым тұрмыстық болып көрінетін бұл оқиғаға Розыбакиев көшесіндегі №250 үйдің тұрғындары әлеуметтік желілерде көңілдері қалған қалалық бағдарлама туралы айта бастаған соң назар аудардық. Мәселе мынада, осы жаздың ішінде Алматыда екі жүзге жуық үйдің қасбетін жаңарту жоспарланған. Мұндай бағдарламалар басқа қалаларда да бар. Сондықтан үйді жөндеу тек қуаныш әкелуі үшін өзгенің қателігінен сабақ алу керек.

Алматыдағы Розыбакиев көшесіне келсек, тұрғындардың айтуынша, үйдің өзі ұлутаспен (ракушечник) "қапталған" кірпіштен соғылған тоғыз қабатты ғимарат. Бұл - кальцитпен цементтелген ұсақталған теңіз жәндіктерінің қабыршақтарынан жасалған қаптау материалы. Ол 70-80-жылдардағы құрылыста жиі қолданылған. Қазір ол үгітіле бастады. Қасбетті жаңарту үйдің сыртқы келбетін жақсартатыны анық еді.

Тұтынушылар кооперативінің (ТК) төрайымы Айман Қоншақованың айтуынша, әкімдіктің тоғыз қабатты үйдің қасбеті мен балкондарын жаңарту туралы бастамасы көптеген пәтер иелеріне ұнаған. Оның сөзінше, биыл наурыздың басында тұрғындармен аудандық әкімдіктің өкілі және жөндеу жұмыстарын қолға алған мердігер ұйым кездескен. Олар үйдің қасбеті мен балкондарын қаптауға арналған материалдарды көрсеткен. ПИК (Пәтер иелерінің кооперативі) төрайымы мемлекеттік органмен немесе мердігермен ешқандай келісімшартқа немесе келісімге қол қоймағандарын баса айтты.

Маңызды жайт: үйдің сәулеттік ерекшелігі - оның ұзын балкондарында, олар ғимараттың жалпы ауданының едәуір бөлігін алады. Сондықтан бұл жерде қасбет тек қабырғаларды емес, балкондарды да әрлеуді білдіреді.

Тұрғындар суреттің сол жағындағы жылытылған панельдер орнатылады деп күткен, бірақ соңында құрылысшылар оң жақтағысын құрастыра бастаған. Фотоны үй тұрғындары ұсынды

"Бізге қаптау материалы бекітілетін профильдердің үлгілерін көрсетті, материалдың өзі жылытқышы бар нұсқада болды. Соңында жұмысшылар балкондардың ескі декоративті қаптамасын, сонымен бірге көптеген пәтерде болған жылытқыштарын алып тастады. Жаңасын жылытқышымен орнатуға уәде берген соң, біз қарсы болмадық", - деп түсіндіреді № 250 үйдің тұрғыны Роман Миронов.

Тұрғынның айтуынша, біраз уақыттан кейін жұмысшылар шынымен де қаңқа тұрғызуға арналған алюминий профильдер мен жұқа қаптау панельдерін әкелген. Романның айтуынша, бригада мұның бәрін тез арада құрастыра бастаған.

"Профильдер орнатылып, панельдерді бекіте бастағанда: "Ал жылытқыш қайда?" деп сұрадық. Жұмысшылар өздеріне не бұйырса, соны орнатып жатқандарын айтты. Сол сәтте біз жылытқыш болады ма, жоқ па, ол туралы нақты жауап ала алмадық. Бірақ қаптау материалы профильдерге бекітіле бастағандықтан, сұрақтарымызға жауап іздей бастадық", - деп Роман тұрғындардың неге мазасызданғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, көршілері өздерімен кездесіп, әрлеу материалын көрсеткен мердігер ұйым өкілімен байланысуға тырысқан, бірақ ол бұл жобада енді жұмыс істемейтін болып шыққан. Ал жаңа прораб ешқандай әңгімеге келмеген. Балкондар үйдің үлкен бөлігін алып жатқанын ескерсек, жылытқышсыз пәтерлердің суық болатыны айдан анық.

"Розыбакиев көшесі - Алматыдағы жел соғатын, ашық көшелердің бірі. Бұл жұқа панельдер қаңқадан жұлынып кетуі мүмкін деп қауіптенеміз. Сонымен қатар олар ғимараттың жылу оқшаулау қызметін атқармайды", - дейді Роман.

Нәтижесінде кооператив төрайымы осы ескертулер туралы мердігер компания өкілдеріне жазып, Бостандық ауданының әкімдігіне сұраныс жолдады. Тұрғындар OpenAlmaty жүйесі арқылы бөлек сұраныс жіберді. TengriHome редакциясы да, өз кезегінде, әкімдіктен жағдайды түсіндіруді сұрады.

Әкімдіктің жауабы

Бұған жауап ретінде Бостандық ауданының әкімдігі қаптаманы таныстыру кезінде мердігер тұрғындарға қасбеттік қаптаманың бір емес, бірнеше үлгісін көрсеткенін түсіндіреді. Ал құрастыру кезінде компания осы нақты үйге ең қолайлы деп тапқан нұсқаны таңдапты.

"Техникалық есептеулер мен өлшеулер барысында ғимараттың қазіргі қасбетіне шамадан тыс салмақ түсетіндіктен, жылытқышы бар тас панельді орнатудың техникалық мүмкіндігі жоқтығы анықталды. Осыған байланысты панельдерді жеңіл түріне ауыстыру туралы шешім қабылданды", - делінген сұранысқа берілген жауапта.

Ал жылытқышты бөлшектеуге келсек, әкімдік дәнекерлеу жұмыстарының қажеттілігіне сілтеме жасап отыр, одан кейін бәрін орнына қайтару жоспарланған көрінеді. 

Келіссөз процесі

Роман Мироновтың айтуынша, тұрғындар мен ТК төрағасының өтініштерінен және TengriHome сауалдарынан кейін мердігер ұйым байланысқа шыққан. Әкімдік пен орындаушы өкілдері тұрғындардың жалпы жиналысында балконның қасбет бөлігін жылыту жұмыстары міндетті түрде жүргізілетініне сендірді.

"Олардың айтуынша, материалды алғашқы нұсқадан қазіргісіне ауыстырған, себебі үйіміздің қасбеті жылытқышы бар ауыр материалды көтере алмайды-мыс. Ал ымыра ретінде, бұрыннан өз жылытқышы бар тұрғындарға кейін қайта орнына қойып беруге немесе мүлдем тиіспеуге келістік", - деді Роман.

Оның сөзіне қарағанда, жиналыста мердігерлер панельдер кез келген желге төтеп беруі үшін конструкцияны қосымша бекіткіштермен күшейтуге уәде берген.

Ал тұтынушылар кооперативінің төрайымы Айман Кончакова шатырдың жағдайына алаңдаулы. Оның айтуынша, қасбет жұмыстарына қолданылатын құрылыс люлькаларын орнату үшін жұмысшылар үйдің шатырын тесіп тастаған.

"Мен біздің ТК мен мердігер ұйым арасында орындаушының кепілдіктері жазылған келісімшарт жасалуын сұрадым. Егер бір жыл ішінде шатырдан су өтсе, компания ақауларды өз есебінен жөндейді. Олар келісті. Сондай-ақ қасбет жұмыстарына да бір жылға кепілдік беруге дайын", - деді Айман.

ТК төрайымының сөзінше, олар мердігерлермен және әкімдік өкілдерімен болған кездесуді видеоға түсіріп алған. Енді барлық уәделер орындалады деп үміттенеді.

Заңгер кеңесі

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, болашақта мұндай түсініспеушіліктер болмас үшін қасбеті жаңартылатын үйлердің тұрғындары мердігерлермен бірден келісімшарт жасасуы керек.

"Әр пәтермен жеке келісімшарт жасалуы екіталай, бірақ басқарушы компаниямен (ПИК, МИБ) міндетті түрде жасалуға тиіс. Өйткені үйдің қасбеті секілді кондоминиум қатысушыларының ортақ мүлкіне қатысты барлық қажетті әрекеттерді дәл осы басқарушы компания жүзеге асырады", - деп түсіндіреді Уткин.

Заңгердің пікірінше, егер бұл жұмыстар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізіліп, құрылыс компаниясының қызметін үшінші тарап төлейтін болса, онда үшжақты келісімшарт қажет.

Бұл жағдайда тапсырыс беруші - көппәтерлі үйдің басқарушы компаниясы, мердігер - лицензиясы бар құрылыс компаниясы, ал төлем жасаушы - әкімдікпен келісім бойынша үшінші бір тарап болады. Бұл келісімшартқа жұмыстың барлық түрі мен қолданылатын материалдар көрсетілген смета қоса беріледі.

"Келісімшартта барлық маңызды аспекті: атқарылатын жұмыстардың толық тізімі мен көлемі, қолданылатын құрылыс материалдары көрсетілуге тиіс. Дәл осы келісімшарт жасасу кезеңінде тұрғындар барлық егжей-тегжейді талқылап алуы қажет. Тұрғындар өз шарттарын, соның ішінде қасбетті жылытуға қатысты талаптарын қоюға құқылы", - дейді Сергей Уткин.

Сондай-ақ сарапшы құрылыс компаниясы қасбетті жаңарту жұмыстарын тиісті лицензиясы бар ұйым дайындаған жоба негізінде жүргізуге тиіс екенін айтады.

"Жоба мен мердігерлік шартты талап етіңіздер, оны зерделеп болған соң қажетті өзгерістер енгізуді сұраңыздар. Ол өзгерістерсіз жұмысты бастауға рұқсат бермеңіздер - бұған толық құқығыңыз бар, өйткені қасбет - Конституциямен қорғалатын сіздің меншігіңіз. Егер құрылыс-монтаждау жұмыстары меншік иелерінің рұқсатынсыз жүріп жатса, бірден қалалық жоспарлауды бақылау басқармасына шағымдану қажет".

Нәтижесінде Алматыдағы Розыбакиев көшесі, 250-үйге қатысты жағдайда екі тарап ымыраға келді. Бұл қақтығыс тараптардың бірінің белгілі бір кезеңде бір-бірін дұрыс түсінбеуінен туындаған болуы мүмкін. Заңгер берген кеңеске сәйкес, мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін кімнің не істеуі керектігі мен жауапкершілігі жазылған келісімшартты бірден жасасу керек. Сонда барлық мәселені әлеуметтік желіде қоғам назарын аудармай-ақ шешуге болады.

Дайындаған: Елена Бахарева
Аударған: Нұрила Ермекбаева

TengriEdu
Join Telegram