Осыдан екі жыл бұрын Астана әкімдігі алданып қалған үлескерлерді бұдан былай бюджет есебінен құтқармайтынын және проблемалы тұрғын үй кешендерін аяқтамайтынын мәлімдеген болатын. Осы мақсатта құрылған "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС-ін тарату жоспарланған еді. Бірақ әзірге бұл іске асырылған жоқ.
Бұл сәтті кейс пе? Үлескерлерді нақты құтқару ма әлде шығынмен жұмыс істеу ме? Мәселенің мән-жайын TengriHome тілшісі анықтап көрді.
"Елорда құрылыс компаниясы" қалай пайда болды және бұл кімге тиімді еді?
Елордада 2017–2018 жылдары құрылыс қарқын алды. Алайда бұл мәселеге ұласты – ондаған жеке құрылыс салушы үлескерлердің ақшасын жинап алып, кейін не банкротқа ұшырады, не жоқ болып кетті.
Нәтижесінде 16 мың отбасы ақшасыз және пәтерсіз қалып, мойындарына несие ілінді. Ең жақсы дегенде, болашақ тұрғын үй кешенінің орнында көпқабатты үйлердің бетон қаңқалары ғана сопиып тұрды. Амалсыз қалған адамдар бұл іске қатысы жоқ мемлекеттік органдарды торуылдай бастады.
Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталы әкімдік бөлген бюджет қаражаты есебінен толықтырылып отырды. Пайдалануға берілген пәтерлердің басым бөлігі үлескерлерге тапсырылды. Қалғаны сатылып, одан түскен қаржы басқа құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтауға немесе мемлекетке қайтаруға жұмсалды. Сондай-ақ әкімдік мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы бюджеттік несие тартып, оны ақшамен емес, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілетін пәтерлер арқылы өтеу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл ретте үлескерлер жосықсыз құрылыс салушыдан қарызды өндіріп алу құқығын компанияға берген. Бұл - "Елорда құрылыс компаниясының" бюджеттен бөлінген қаражатты қайтаруының екінші жолы.
Бұл алданған үлескерлер үшін нағыз құтқару болды. Өйткені олардың алдында тек бір мүмкіндік тұрған еді - банкрот болған құрылыс компанияларымен жылдар бойы соттасып, соңында қалаған нәтижеге жете алмау. Мемлекеттің көмегімен олар ұзақ күткенімен, ақыры баспаналарына қол жеткізді. Ал билік үшін бұл әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетіп, елордадағы ұзаққа созылған құрылыс мәселесін шешудің бір жолы болды.
Алданған үлескерлерге пәтер кілттерін тапсыру, 2024 жылғы желтоқсан. Жеңіс Қасымбектің Instagram парақшасынан алынған сурет
Алайда 2024 жылы бұл компанияны жабу туралы сөз қозғалды. Сол кезде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек былай деді:
"Келесі жылы біз компанияны таратуды жоспарлап отырмыз, өйткені оның қызметі шексіз бола алмайды. Мемлекет үлескерлердің мәселелерін бюджеттен екі рет қаржыландыруға мәжбүр болды".
Бірақ компания осы күнге дейін жабылған жоқ.
Астанада үлескерлерді құтқару бюджетке қаншаға түсті?
"Елорда құрылыс компаниясы" нарықта 8,5 жылдан бері жұмыс істеп келеді - ол 2018 жылдың қаңтарында құрылған. Бұл 100 пайыз Астана әкімдігіне тиесілі мемлекеттік құрылым, оны 2024 жылдың қарашасынан бастап Қайрат Шаймин басқарып отыр. Ол осы лауазымдағы тоғызыншы басшы.
Айта кетейік, бұрынғы директорлардың бірі Руслан Кадесов 2024 жылы жемқорлық үшін 10 жылға сотталды. Сот ісінің материалдары бойынша, ол 170 миллион теңгеге құрылыс фирмасының иесіне аванс төлеуге көмектесуге және ТҮК құрылысына арналған сметаны ұлғайтуға уәде берген.
"Елорда құрылыс компаниясы" TengriHome-ға қойылған міндеттерді толық орындағанын хабарлады.
"Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС 2018–2025 жылдар аралығында 150 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтап, 16 мыңнан аса үлескерді баспанамен қамтамасыз етті", - деп жауап берді компания өкілдері.
Мысалға алсақ: Royal Expo Apartments, "Шығыс", "Жағалау", "Жеті жол", "Талисман", "Айсанам De Luxe", "Комсомольский", "Куршавель" ТҮК-тері. Бір сөзбен айтқанда, құрылысы "нөлінші" жылдардан бері тоқтап тұрған нысандар. Үлескерлер өз баспанасын ондаған жылдар бойы күтті. Және, сірә, құрылыс салушылардан оны ешқашан ала алмас еді.
"Астанадағы проблемалы тұрғын үй нысандарын уәкілетті ұйым - "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС тетігі арқылы аяқтауға 214 миллиард теңге бағытталды. 2026 жылғы жағдай бойынша, үлескерлердің меншік құқығы тіркелді, жөндеу жұмыстарын жүргізуге техникалық шарттар қамтамасыз етілді, барлық нысан пайдалануға берілді. Жоғарыда айтылғандар негізінде қорытындылай келе, үлескерлер саны нөлге тең", - деді компаниядағылар.
Жұмыс істеген бүкіл уақыт ішінде "Елорда құрылыс компаниясы" қазынаға екі миллиард теңгеден аса салық аударды. Оның кірістерінің шыңы 2024 жылға сәйкес келді - сол жылы компания 614 миллион теңге төлеген.
Kompra.kz порталынан алынған мәліметтер
Компанияны жабу туралы уәделерге қарамастан, 2025 және 2026 жылдары ЖШС тендерлер өткізуді жалғастырып, осы кезең ішінде 500 миллион теңгеден аса салық төлеген. Компанияның есебінде 1,4 триллион теңгеге 1 546 мемлекеттік келісімшарт және ондаған миллионға дейінгі сомаға 792 мемлекеттік сатып алу бар. Мысалы, олардың бірнешеуі:
Kompra.kz порталынан алынған мәліметтер
Сот істері де жоқ емес, өйткені жосықсыз құрылыс салушылардан берешекті өндіріп алу және жаңа серіктестермен соттасу қажеттілігі туындайды. Мемлекеттік компанияның есебінде 909 сот талқылауы бар. 309 жағдайда ол жауапкер ретінде қатысқан.
Бұл даулардың қорытындысы былайша бөлінді:
Kompra.kz порталынан алынған мәліметтер
Компаниядағылар шын мәнінде сот процестері үш есе көп болғанын атап өтті:
"Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС қызметінің бүкіл кезеңінде үш мыңнан аса іс қаралды. Жалпы істердің 87 пайызы компанияның пайдасына шешілді", - деп нақтылады уәкілетті ұйым.
Шығындар мен сыйлықақылар: "Елорда құрылыс компаниясына" аудит нені көрсетті?
2025 жылы мемлекеттік аудиторлар "Елорда құрылыс компаниясы" мен әкімдіктің апатты үйлерді бұзуға жауапты "Елорда Даму" атты ұқсас "еншілес" ұйымынан 115 миллиард теңге қарыз анықтады.
- Жоспарлаудың нашарлығынан компаниялар 50 миллиард теңгеге жуық қаражатты тиімсіз пайдаланған. Ақша жарғылық капиталды арттыруға бөлінгенімен, әкімдік күткен нәтижеге қол жеткізілмеген.
- Құрылыс салушылар мерзімді бұзып, құны 13,7 миллиард теңге болатын 816 пәтерді уақытында өткізбеген.
Тексеру комиссиясының Астана қаласының 2025 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есебі
"Елорда құрылыс компаниясында" қызметкерлерге 1,1 миллиард теңгеден аса сыйлықақы жазылған.
"Компания еңбекақы қорының үнемделуін ескермей, сыйлықақы берудің ашық критерийлерінсіз және жыл қорытындысы бойынша шығынға батқанына қарамастан қызметкерлерді марапаттаған. Бұл 1 163 121 000 теңге сомасындағы активтердің тиімсіз пайдаланылуына әкеп соқты", – делінген Tengrinews.kz редакциясының иелігіндегі аудит құжатында.
Сондай-ақ аудит барысында сметалық құнның негізсіз өсірілуі, атқарылған жұмыстар туралы жалған актілер және құрылыс кезінде мерзімі өткен құжаттарды пайдалану деректері анықталған.
Құрылысты бюджет есебінен аяқтау ерекше жағдай болуы керек пе?
Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының (ҚҚҚ) президенті Виктор Микрюков мемлекеттік компания құрудың бастапқыда қажеттілігі болмаған деп есептейді. Оның айтуынша, сағызша созылған құрылыс мәселесін жеке құрылыс компаниялары арқылы шешуге болар еді.
"Нарықтық механизм құрудың орнына әкімдік өз бақылауындағы құрылымды жасақтады. Соның салдары – миллиардтаған қарыз, ауысқан тоғыз директор, қылмыстық істер, асыра көрсетілген сметалар мен артық төлемдер. Пайдалануға берілген тұрғын үй кешендері компанияның жетістігі емес, бұл кез келген жағдайда орындалуы тиіс ең төменгі міндет еді".
Оның пікірінше, ТҮК құрылысын бюджет есебінен бітіру - мәжбүрлі, бірақ өте қауіпті шара. Әрине, адамдар баспанасыз қалғанда мемлекет көз жұма алмайды. Бірақ мұндай көмек "баяу әсер ететін минаға" айналады: жосықсыз құрылыс салушылар іс сәтсіз аяқталған жағдайда мемлекет бәрібір аяғына дейін салып беретінін түсінеді.
"Нарық мемлекеттің ақыры араласатынын біліп отырғанда, барлық қатысушының - құрылыс салушылар, банктер, сатып алушылардың сақтық танытуға деген ынтасы төмен болып қала береді. Бюджет есебінен құрылысты аяқтау қайта-қайта жүгінетін құрал емес, нақты жазылған шарттары бар ерекше жағдай болуы тиіс", - деді ол.
Qazaq Expert Club құрылыс және девелопмент саласындағы сарапшысы Диляра Сейтнұрова бұл мәселенің екі жағы бар деп есептейді. Мұнда тепе-теңдік маңызды.
Басты артықшылығы - адамдар бәрібір баспаналы болды, ал қоғамдағы наразылық деңгейі төмендеді. Негізінде мақсат орындалды. Бірақ ескеретін тұстар бар:
- Жеке компаниялардың коммерциялық тәуекелдері мемлекеттің мойнына ілінді. Үлескер жеке компаниядан үй сатып алып тәуекелге барды, ал оны бюджет құтқарып қалды.
- Егер үнемі көмектесе берсе, нарық қатысушылары өз тәуекелдерін мұқият бағалауды қояды.
"Аудит көрсеткендей, кейбір нысандар ескірген нормативтер, құжаттамадағы кемшіліктер және жұмыс құнын асыра көрсету деректерімен аяқталған. Жекелеген тартылған құрылыс компаниялары өз міндеттемелерін орындамаған, бұл қала мен үлескерлер үшін қаржылық шығындарға әкеп соқты. Бұл бюджет қаражатын пайдалануды бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді".
Ол құрылыс компаниялары биліктің көмегіне алдын ала сенім артқанда, жобаның бастапқы кезеңінде-ақ тәуекелдерді бағалауға атүсті қарай бастайды деп санайды.
Әділдік үшін айта кету керек, құрылыс қарқын алған кезеңде үлестік құрылыс туралы заңнама қазіргідей қатаң болған жоқ. Бірақ құрылыс салушылар сол кездің өзінде үлестік қатысу шартын емес, брондау, инвестициялау және т.б. шарттар жасасу арқылы заңды айналып өтуге тырысты, ал қазір мұндай әрекеттер заңсыз деп танылды.
Заңнаманы қатайту 2016 жылдан бастап біртіндеп жүзеге асырылды. Ал жосықсыз құрылыс салушылардың тізілімі мен үлескерлердің ақшасын тартуға қойылатын талаптар салыстырмалы түрде жақында - 2025 жылы енгізілді. Сондықтан 2018 жылғы жағдайда құрылысы аяқталмаған нысандарды бітіру үшін мемлекеттік компания құру түріндегі дағдарысқа қарсы шара тиімді әрі сенімді нұсқа болып көрінді. Мемлекет өз ақшасын қатерге тіккен қазақстандықтарды құтқаруға міндетті болмаса да, осындай қадамға барды.
"Арыстан" ТҮК кейсі: мерзімнің кешігуі, ақаулар және жұмысшының қазасы
Еске салайық, компания осы уақытқа дейін 150 ТҮК құрылысын аяқтады. Бұл сәтті мысал сияқты көрінгенімен, "бір құмалақ" та жоқ емес. Соның бірі - елордадағы он жылдық тарихы бар "Арыстан" ТҮК. "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС тапсырысы бойынша нысанды A-TEKNIK мердігері аяқтады. Тұрғындардың құрылыс сапасына қатысты сұрақтары бар.
Мысалы, тұрғындар қасбеттегі плиткалардың қазірдің өзінде түсе бастағанына шағымданып жатыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Ал қабырғаларда жарықтар пайда болған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Тұрғын үй кешенінде түтін шығару, өрт сөндіру және өрт дабылы жүйелері әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Мәселелер туралы толығырақ мына сілтемеденоқи аласыздар.
2025 жылғы 13 қарашада осы нысанда лифт апаты болды. Үш жұмысшы жетінші қабат деңгейінде кабинаның төбесінде жөндеу жұмыстарын жүргізген. Арқандардың үзілуі салдарынан кабина шахтаға құлаған. Бір адам оқиға орнында көз жұмды, екеуі ауыр жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
Жедел жәрдем бригадасы лифт құлаған кезде зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Бейнежазбадан кадрлар
Осыған ұқсас жағдай елордадағы "Syganak" ТҮК-де де болды, оның құрылысын да "Елорда құрылыс компаниясы" аяқтаған болатын. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.
Басқа елдерде құрылысы ұзаққа созылған нысандар мәселесі қалай шешіледі?
Сарапшылар нарықта әрқашан тиімді құралдар болғанын атап өтті.
Біріншісі - эскроу-шоттар. Виктор Микрюковтың түсіндіруі бойынша, сатып алушылардың ақшасы банкте сақталады және құрылыс салушыға үй пайдалануға берілгеннен кейін ғана беріледі, ал құрылыстың өзі банктік несиелер есебінен қаржыландырылады. Мұндай механизм қазір Ресейде жұмыс істеп тұр.
Екіншісі - проблемалық нысандарды ірі жеке құрылыс салушыларға беру. Мемлекет бюджеттен ақша шығындаудың орнына, олардың шығындарын жаңа жер учаскелері немесе салықтық жеңілдіктермен өтей алады.
"Бұл тетік нарықтық логиканы сақтайды және бюджеттік шығындарды талап етпейді. Польшада, Түркияда және Шығыс Еуропаның бірқатар елінде дәл осылай жұмыс істейді. Жеке құрылыс салушы күрделі нысанды алады және оның орнына өзі монетизациялайтын активке ие болады", - деп түсіндірді Виктор Микрюков.
Диляра Сейтнұрова Ресей мысалында бұл сызбаның жұмыс істейтінін растады: ол жақта аймақтар проблемалық ТҮК құрылысын аяқтағаны үшін мықты құрылыс салушыларға жеңілдікпен жер немесе салықтық жеңілдіктер бөледі. Бұл ретте бюджеттен тікелей ақша жұмсалмайды.
"Тағы бір құрал - мамандандырылған өтемақы қоры, ол қала бюджетінен емес, құрылыс салушылардың жарналарымен толтырылады. Мұндай қор өтемақы төлейді немесе құрылысты аяқтауды қала тұрғындарының салығынан емес, жиналған жарналар есебінен ұйымдастырады", - деді ол.
Міндеттер толық көлемде орындалды - "Елорда құрылыс компаниясы"
ТengriНome уәкілетті ұйымның алдағы тағдырын білу үшін Астана әкімдігіне сауал жолдады. Алайда, ол тікелей "Елорда құрылыс компаниясына" қайта бағытталды.
Ликвидация себептері туралы сұраққа жауап бере отырып, компанияда ЖШС-нің құрылысы ұзаққа созылған барлық жоспарланған нысандарды аяқтағанын атады.
"Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС алдына қойылған проблемалы нысандардың құрылысын аяқтау жөніндегі міндеттер толық көлемде орындалды. Бүгінде үлескерлер, мердігерлер және өзге де тұлғалар алдындағы міндеттемелер толық көлемде орындалды", - делінген жауапта.
Дегенмен бұл хикаяға әлі нүкте қоюға ерте. Расында да, компания адамдардың пәтер алуына септігін тигізді, бірақ оның жабылу мерзімі мен қазынаға тигізер салдарына қатысты сауалдар әлі де ашық қалып отыр.
Авторы: Елизавета Аксенова
Аударған: Дина Шәріпхан


