Компот, Татарка және Маяктың жағдайы не болмақ? Алматыда Бас жоспар талқыланды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Компот, Татарка және Маяктың жағдайы не болмақ? Алматыда Бас жоспар талқыланды Фото © Tengrinews.kz / Елена Бахарева

"Алматыбасжоспар" ҒЗИ" ЖШС-нің мәжіліс залында ине шаншар жер болмады. Алматылықтардың жиналуына маңызды себеп бар - қаланың Бас жоспарына енгізілген түзетулерді стратегиялық экологиялық бағалау мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Тұрғындармен мегаполистегі қазіргі экологиялық жағдайды, алдағы уақытта қандай болатынын және жақсарту үшін не істеу керектігін талқылау жоспарланған еді. Бірақ әңгіме бұл тақырыптармен шектелген жоқ. Қала тұрғындарын өз аудандарының болашағы толғандырды. Ең қызықты сұрақтардың жауабын TengriHome тыңдап қайтты.

"Алматыбасжоспар" ҒЗИ" ЖШС-нің мәжіліс залында ине шаншар жер болмады. Алматылықтардың жиналуына маңызды себеп бар - қаланың Бас жоспарына енгізілген түзетулерді стратегиялық экологиялық бағалау мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Тұрғындармен мегаполистегі қазіргі экологиялық жағдайды, алдағы уақытта қандай болатынын және жақсарту үшін не істеу керектігін талқылау жоспарланған еді. Бірақ әңгіме бұл тақырыптармен шектелген жоқ. Қала тұрғындарын өз аудандарының болашағы толғандырды. Ең қызықты сұрақтардың жауабын TengriHome тыңдап қайтты.

"Компот" пен "Татарканың" болашағы

Іс-шара таңғы тоғызда басталатыны хабарланған, ал қатысушыларды тіркеу сегізде басталды.

"Алматыбасжоспар" ғимаратына жақындағанда-ақ жедел жәрдем мен полиция көліктерінің кезекшілікте тұрғанын байқауға болады. Демек, халық көп жиналмақ. 

Фото © Tengrinews.kz / Елена Бахарева

Ерте келгенімізге қарамастан, кіреберісте үлкен кезек қалыптасқан. Қала тұрғындары алаңдаулы:

  • "Мынау не қылған қалың топ? Бәрін өткізе ме?"
  • "Зал бар болғаны 90 адамға арналған дейді, бәріміз сыймай қалсақ қайтеміз?"
  • "Біз мұнда таңғы жетіден бері жүрміз. Ол кезде де адамдар тұрған еді".
  • "Мен жұмыстан сұранып келдім, ішке кіріп, сұрағымды міндетті түрде қоюым керек".

Абырой болғанда, бәрін ішке кіргізді. 

Фото © Tengrinews.kz / Елена Бахарева

Іште - қыспақ пен қапырық. Қолдарына бір бума құжат пен басып шығарылған бас жоспарды ұстаған алматылықтар жан-жағына қарап, Маяк, Татарка, Компот аудандарының болашағын кімнен білуге болатынын сұрастырып жатыр. Оларға талқылау аймағының екіге бөлінгені түсіндірілді. Бір залда экологиялық бағалау бойынша тыңдауға дайындалып жатса, екінші залда аудандық сәулетшілер тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. 

Көпшілік жер үйлер мәселесін білуге келген. Фото © Tengrinews.kz / Елена Бахарева

Көпшілікті жеке сектордағы учаскелердің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысынан (ЖТҚ) көпқабатты тұрғын үй кешеніне (КТК) өзгерту мәселесі қызықтырады. Бұл туралы 2025 жылдың желтоқсанында өткен Бас жоспар бойынша тыңдауда белгілі болған еді. 

"Татарка ауданында бастапқыда аумақты "Ж1" - ЖТҚ деп белгілеп, кейін "Ж4" - көпқабатты үйлер құрылысына ауыстырған. Бірақ бізде 9-10 балдық сейсмикалық аймақ, тектоникалық жарықтар, өзендер мен өзендердің буферлік аймақтары, жер асты сулары бар. Оған қоса коммуникация мәселесі де күрделі - аумақтың 60 пайызында кәріз жүйесі жоқ. Экологиялық жағынан алсақ, меніңше (мамандығым қала құрылысшысы), Татарка ауа ағыны сақталған соңғы аудандардың бірі. Бұл ағынды сақтау үшін біз керекпіз. Біз қаланың қалған өкпесіміз", - деп түсіндіруге тырысты Медеу ауданындағы жеке сектор маңызын алматылық Гүзел есімді тұрғын.

Халық арасында "Компот" деп аталып кеткен аудан тұрғындары да өз учаскелерінің болашағына алаңдаулы. Бұл - Алматының Медеу ауданындағы (Кіші Алматы өзенінің арнасы, Бөгенбай батыр көшесі, Достық даңғылы және Көктөбе массиві шекарасында) аз қабатты үйлер орналасқан шағынаудан.

"Компот" тұрғындары "сөйлейтін" футболкалар киіп келген. Фото © Tengrinews.kz / Елена Бахарева

Мұнда жаңа Бас жоспар аясында жеке үйлерді бұзып, зәулім үйлер салу жоспарлануы мүмкін. Бұл жоспар әлі күшінде ме?

"Компот пен Татарка аудандарына келетін болсақ - ол жақта ЖТҚ аудандары қалмайды. Даму аясында көпқабатты емес, үш-төрт қабатты аз қабатты құрылыс қарастырылған. Бұның бәрі желтоқсандағы талқылада айтылды. Бәрі көрсетілді. Мұның бәрі тек келісімшарт негізінде жүзеге асады. Бұл 2040 жылға дейін жоспарланған. Бүгінде инвестор анықталған жоқ", - деп жауап берді тұрғындардың сұрақтарына Медеу ауданы бойынша сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдос Дүйсебай.

"Компоттың" бастамашыл тобы өкілдерінің айтуынша, қазір олар екіұдай күйде отыр. Олардың аумағына құрылыс салатын инвесторлар әлі жоқ. Бірақ қазірдің өзінде тұрғындар үйлерін кеңейте алмайды немесе жаңасын сала алмайды-мыс. 

"Жоқ, бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Сонымен қатар биылғы жылдың аяғына дейін мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Бізге құжаттар тапсырылады, біз оларды қарастырамыз. Комиссия олардың басым бөлігін мақұлдап жатыр. Тіпті бұл жер учаскелері қызыл сызық бойында орналасқан жағдайда да. Комиссия бұл мәселелерді қарап, тұрғындардың жылжымайтын мүлкін рәсімдейді", - деп сендірді шенеунік.

"15 минуттық қала". Алматы қандай болмақ?

Таңғы тоғызда жұрттың бәрі негізгі қоғамдық талқылау өтетін басты залға асықты. Мұнда 300-ге жуық адам жиналған. Залда бос орын жоқ. Тыңдаушылар мен спикерлер бүктелген қағаздарды желпуіш ретінде пайдаланып отыр. Залдағылар желдеткіштер толық қуатында жұмыс істеп тұрғанын, бірақ бөлменің адамға лық толы екенін айтып түсіндірді. Ешкімнің кіруіне шектеу қойылмады.

Фото © Tengrinews.kz / Елена Бахарева

Алматының жақын болашақта қандай болатыны туралы қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов баяндай бастады:

"Алматының Бас жоспары - қаланың 2040 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары. 2030 жылға қарай мегаполис халқының болжамды саны 2,7 миллион адамнан асады, ал 2040 жылға қарай - 3,6 миллионға жетеді. Бұл тұрғын үйлер, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, көлік магистральдары мен инженерлік желілер салуды талап етеді. Сонымен қатар мұндай ауқымды даму қоршаған ортаға түсетін жүктемені сөзсіз арттырады".

Ықтимал салдарды талдау үшін қаланың басты құжатына стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) жүргізілді.

"Біз стратегиялық экологиялық бағалаудың барлық үш кезеңінен өтіп, Экология министрлігінен оң қорытынды алдық. Енді біз осы қорытындыны жариялауымыз керек - 2040 жылға дейін қала экологиясында қандай өзгерістер болады", - деп түсіндірді "Алматыбасжоспар ҒЗИ" ЖШС басшысы Асхат Садуов.

Оның айтуынша, мегаполисті дамытудың төрт сценарийі қарастырылған: Бас жоспардан бас тарту және тағы үш нұсқа. Олар туралы толығырақ жазған болатынбыз. Қысқаша айтқанда:

  • бірінші нұсқа барлығын сол қалпында қалдыруды көздеді;
  • екіншісі - 2023 жылғы Бас жоспарды ұстану;
  • үшіншісі - аумақты Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы шегінде жан-жақты кеңейту;
  • төртіншісі - қазір ұсынылып отырған нұсқа.

"Ең тиімді нұсқа таңдалды. Ол қаланы бірнеше орталыққа біркелкі бөлуге негізделген. Қала ықшам бөлінгендіктен, үлкен магистральдар тартудың қажеті болмайды, нәтижесінде инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме азаяды. Бұл ықшам қала немесе "15 минуттық қала" тұжырымдамасы, мұнда адамдар 15 минуттық жаяу қашықтықта барлық орталық қызметтерге қол жеткізе алады. Осылайша, олар қала орталығына ағылмай, өз тұрғылықты жерінде қалады. Бұл көлік кептелісін және жалпы қалаға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі", - деп сипаттады таңдалған нұсқаны Асхат Садуов.

Стратегиялық экологиялық бағалау. Зерттеу нені көрсетті?

Стратегиялық экологиялық бағалаудың негізгі тезистерін табиғатты қорғауды жобалау сарапшысы, СЭБ әзірлеушілер тобының жетекшісі Гүлнәр Жүнісова ұсынды. Оның айтуынша, басты сын-қатер мегаполис халқының жылдам өсуі және соның салдарынан қоршаған ортаға түсетін жүктеменің артуы болды.

"2024 жыл ішінде PM2,5 ұсақ дисперсті бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы ДДСҰ нормативтерінен 4,8-ден 6 есеге дейін асып түсті. Жыл бойы азот диоксидінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуінің ондаған мың жағдайы тіркелді. Бұл бөлшектердің қауіптілігі - олар өкпеге терең, қан айналымына өтіп кетеді. Максималды концентрация негізінен орталық аудандарда және ірі көлік магистральдары бойында байқалады. Бұл жүйелі шешімдерді қажет ететін созылмалы жағдай", - деп атап өтті сарапшы (спикердің сөзі туралы толығырақ мына жерден оқыңыз).

Қазақстанның экологиялық аудиторлар палатасының Алматы және Алматы облысы бойынша өкілдігінің басшысы Әсет Тазабеков: қаланың 80 нүктесінде атмосфералық ауаға 25 700 өлшеу жүргізілгенін айтты. Оның 43 пайызы нормадан асқанын көрсеткен.

"Біз ағаш жапырақтарын химиялық элементтерге зерттедік. Олар арқылы қалада кадмий мөлшерінің тым жоғары екенін білдік. Шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кетудің максималды көрсеткіші 4,1 болды. Айнабұлақ шағынауданында кобальт пен никель мөлшері жоғары. Сондай-ақ ең ластанған аймақ - Гагарин "бульвары" бойында, Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аралықта нормадан асу жағдайы тіркелді. Сонымен қатар топырақты зерттедік. Іс жүзінде әрбір сынамада мышьяк бар екені анықталды", - деп деректер келтірді Әсет Тазабеков.

Сондықтан қоғамдық көлікті дамыту - мегаполис басымдығы. Бұл қалай жүзеге асатыны туралы жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев айтып берді.

"Біз үш ірі көлік-ауысып отыру торабын құрамыз. Біріншісі қаланың батыс қақпасында - "Барлық" торабы. Екіншісі - Алматының шығыс бөлігіндегі "Шығыс қақпасы". Үшіншісі - "Солтүстік" - Қапшағай тас жолы мен ҮАААЖ қиылысында орналасады. Барлық үш торапты көліктің жаңа түрі SkyTrain байланыстырады, ұзындығы 42 шақырым болатын екі желі тартылады", - дейді спикер.

Метро желісін 40 пайыздан аса, яғни 50,6 шақырымға дейін ұзарту жоспарланған.  Желілер қайда тартылатынын мына жерден оқыңыз. 

Алматылықтар не үшін келді? "Сұрақ-жауап" сессиясы

Спикерлер сөзінен кейін сұрақ қойғысы келетіндер өте көп болды.

Фото © Tengrinews.kz / Елена Бахарева

Алматылықтар микрофондарға үш қатар болып кезекке тұрды. Барлығына ескерту жасалды: тек экологияға қатысты сұрақтарға жауап беріледі.

"Залда саяжай иелері бар екен, қызанақ ала келіпті. Тек бізге қарай лақтырмаңыздар", - деп әзілдеді модератор Совет Сейітов жағдайды жұмсарту үшін.

Алматыда құрылыс салушылар қаланы көгалдандыруға міндеттеледі

Бірінші сұрақ көгалдандыруға қатысты болды. Қала тұрғындарының бірі қаланы көгалдандыру бойынша нақты талдау жасалды ма деп сұрады.

"Бүгінде көгалдандыру деңгейі жан басына шаққанда шамамен бес шаршы метрді құрайды. Бұл нормативтен төмен. Бас жоспарда көгалдандыру көлемін ұлғайтып, 16 шаршы метрлік нормативке жеткізу міндеті қойылған. Бұл жыл сайын 10 мыңнан астам ағаш отырғызылатынын білдіреді. Бұл ретте жергілікті өсімдік түрлеріне басымдық беріледі", - деп жауап берді Гүлнәр Жүнісова.

"Жасыл желек" өзекті тақырыптардың бірі. Мәселен, қоғам белсендісі Рысбек Тайжанов былай деп сұрақ қояды: "Өзіндік шағын бақшасы бар аз қабатты үйлердің орнына көпқабатты үйлер бой көтереді. Олай болса, жел бағыты мен жасыл желек мәселесі қалай шешілмек?"

"Біз жалпы қала құрылымына стратегиялық бағалау жүргіземіз, бірақ шағын учаскелерге, нақты бір аумақты салуға қатысты ұсыныс ретінде құрылыс сараптамасынан өту кезінде нақты тұрғын үй кешенінің жел жүктемесіне зерттеу жүргізуді және оны метеорологиялық сипаттамаларды, оның орналасуын Бас жоспардың жобалық шешімдеріне байланыстыра отырып жобалауды ұсынамыз. Көгалдандыруға келсек, қаладағы әрбір құрылыс салушыға көгалдандыру бойынша талап қойылады - аумақтың кем дегенде 20-30 пайызы көгалдандыруға бөлінуі тиіс", - деп нақтылады Гүлнәр Жүнісова.

"Ешкім күштеп сатып алмайды және бұзбайды"

Экология тақырыбына қарамастан, тұрғындар басқа да сұрақтар қойды. Мысалы, "Компот" ауданының тұрғыны: "Түзетілген Бас жоспар азаматтардың жеке меншікке және тұрғын үйге қолсұғылмаушылыққа қатысты конституциялық құқықтарын қалай қамтамасыз етеді?" - деп қызығушылық танытты. Ол жеке сектордың басым бөлігі болашақта бұзылуы мүмкін екенін меңзеп отыр.

"Алматыбасжоспар" басшысы Асхат Садуов Бас жоспардағы түзетулер, соның ішінде учаскелерді аймақтарға бөлуді өзгерту, ертең-ақ біреу келіп, жерді сатып алып, құрылыс бастайды дегенді білдірмейтінін түсіндірді. Құжатта мегаполистің 2040 жылға дейінгі даму жоспары туралы айтылған.

"Конституциялық құқықтар бұзылмайды. Егер сіздің аумағыңыз  жаңартылатын болса, тұрғын ретінде сіздің пікіріңіз ескеріледі. Ешкім күштеп сатып алмайды және бұзбайды. Егер кем дегенде бір тұрғын қарсы болса, ешкім ешқашан бұзбайды және сатып алмайды. Сіздің келісіміңіз - бірінші кезектегі мәселе. Егер сіздер ұжымдық түрде ЖТҚ-ны қалдыру туралы шешім қабылдасаңыздар және инвестор сіздермен келісе алмаса, онда ешкім сіздің учаскеңізді сатып ала алмайды, бұл - сіздің қолсұғылмайтын меншігіңіз", - деп атап өтті Асхат Садуов.

"Маяк ауданында көпқабатты құрылыс болмайды"

Түрксіб ауданының өкілдері жеке сектор орнына көпқабатты үйлер салу экологиялық жағдайды қалай жақсартатынын түсіндіруді сұрады.

"Ағаштар кесіліп, олардың орнына бес емес, 270 адам тұратын тоғыз қабатты үйлер салынады. Көлік көбейеді, инженерлік желілерге салмақ түседі. Мұндай құрылыс экологиялық жағдайды жақсартпайтынын, керісінше ауданға түсетін жүктемені арттыратынын түсіну үшін ғалым болудың қажеті жоқ", - деп сұрады тыңдауға келгендер.

Гүлнәр Жүнісова төрт нұсқа ішінен ең оңтайлысы таңдалғанын еске салды.

"Реновацияға келетін болсақ, оған ЖТҚ кіреді. Бірінші фактор - жеке сектордың орталық кәріз жүйесімен қамтылмауы. Екіншісі - жылыту мәселесі. Әрқайсыңыз бір қазандықпен жылынасыздар. Біз өмір сүріп жатқан төменгі биіктікте "шығарылатын" бірнеше шағын көз бар. Біз математикалық модельдеу жасап, спутниктік түсірілімді қарағанымызда, қыста негізгі зиянды шығарындылар - көлік пен осы шағын көздер, яғни жеке сектор екенін көрдік", - деп түсіндірді ол.

Маяк шағынауданының тұрғыны: неге СЭБ-те теріс әсердің алдын алудың орнына, тек олардың орнын толтыру шаралары ұсынылады? - деп нақтылады.

Фото © Tengrinews.kz / Елена Бахарева

Неге жеке секторды сақтай отырып, аймақтарға бөлуді қарастырмайды?

"Функционалдық аймақтарға бөлуді қазіргі қалпында сақтау - бұл дамудың нөлдік нұсқасы. Біз оны талдап көрдік және ол, өкінішке қарай, ең төменгі балл алды. Біз бәрін сол күйінде қалдыра алмаймыз, өйткені балдық бағалауда бұл аумақты реновациялаудан әлдеқайда төмен. Орталық кәрізбен қамтылмаған және сапалы сумен жабдықтаудың балама көздері жоқ жеке құрылыс технологиялық тұрғыдан орталықтандырылған қамтамасыз ету мен орта қабатты құрылыстан жеңіледі. Сіздерде Маяк ауданында көпқабатты құрылыс болмайды, өйткені аумақтың құрылыс биіктігі бойынша шектеуі бар", - деп жауап берді Гүлнәр Жүнісова.

Мамандар бәрін сол күйінде қалдыру мүмкін емес екенін атап өтті. Халық санының өсуін және туу көрсеткішін бақылау ешкімнің қолынан келмейді. Алматыны кіру үшін жауып тастау да шешім емес.

"Біз адамдарға бала тууға тыйым сала алмаймыз, мұнда келуге немесе "сізге баспана бере алмаймыз" деп айтуға да құқығымыз жоқ. Ал жер жоқ, тапшылығы өте жоғары. Сондықтан Түрксіб пен Алатау аудандарын қайта жаңғыртуға тура келіп отыр, түсінесіз бе? Реновация жүргізу керек. Мұны жасамауға да болар еді. Сондықтан қала өз мүмкіндіктері аясында дамуы тиіс. Меніңше, болашақта тіпті аспалы үйлер пайда болады. Дирижабль сияқты, бірақ ол кейін. Ал әзірге жерге салып жатырмыз. Сол себепті қаланы реконструкциялау мен реновациялау қажеттігін айтуға мәжбүрміз", - деп түсіндірді кейін TengriHome-ға Қазақстан қала құрылысшылар одағының басшысы Любовь Нысанбаева.

"Жер асты суларын сору салдарынан бос кеңістіктер пайда болуы мүмкін"

Алматы халқы өсіп, мұздықтар еріп жатыр. Бостандық ауданының тұрғыны Едіге Сейітхан спикерлерге мегаполистің ауыз су мәселесі болашақта қалай болатыны туралы сауал тастады.

"Бостандық ауданында су жинау станциясы салынып жатыр. Бұл жоғарғы жақта орналасқан, тәулігіне тоғыз мың текше метрге есептелген "Ерменсай" су жинау құрылысы болмақ. Болашақ даму жоспары Бас жоспармен бірге есептелді. Бүгінде су тұтыну көлемі тәулігіне 700 мың текше метрден асады, ал қолданыстағы қуаттылық миллионнан асады. Сондай-ақ Наурызбай ауданында жер асты су жинау "түйіндерін" салуды жоспарлап отырмыз. Орталық бөлікте ұңғымалар болады", - деп сендірді энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай.

Мәселе жер асты суларын пайдаланатын су жинау нысандары туралы болып отыр. Маяк шағынауданының тұрғыны Анастасия Сурцевада қарсы сұрақ туындады:

"Жер асты суларын алу үшін су жинау құрылыстары салынатыны айтылды. Жер асты суларын сорып алу салдарынан бос кеңістіктер түзілуі мүмкін. Бұл болашақта сейсмикалық жағдайға қалай әсер етеді?"

Бірақ жиын соңында қойылған бұл сұраққа ешкім жауап берген жоқ. Ұйымдастырушылар залдағы наразылық шуына қарамастан тыңдау аяқталғанын хабарлады.

Қойылып үлгермеген сұрақтар енді мамандарға жазбаша беріліп жатыр. Алматылықтар үстелдерді қоршап алды.

Біз Асхат Садуовқа ең маңызды сұрақты қойдық: егер қала тұрғындары Бас жоспармен келіспесе, оған ықпал ете ала ма, әлде бұл шешіліп қойған мәселе ме?

"Алматыбасжоспар" басшысының айтуынша, тұрғындар өз ескертулері мен өтініштерін бере алады, бірақ олар тек экологиялық мәселелерге қатысты болуы тиіс.

"Алдағы 60 күн ішінде мемлекеттік сараптама бойынша біз барлық сұранысты талқылап, қоғамдық тыңдау хаттамаларын ұсынамыз. Егер мемлекеттік сараптама қандай да бір өзгерістер немесе түзетулерді талап етсе, біз оған жауап беріп, өзгертуге тиіспіз", - деп сендірді Асхат Садуов.

Сараптамадан кейін Бас жоспар министрліктердің қарауына жіберіледі. Одан әрі - Премьер-министрдің кеңсесіне жолданады. Содан кейін ғана ол бекітілуі тиіс. Осыдан кейін Бас жоспар негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕЖЖ) әзірлеу басталады. Осы құжат қаланың болашақ құрылысының нақты шекараларын айқындайды.

Тағы оқыңыз:

Алматының жаңа Бас жоспары: қала қалай дамиды?

Алатауға дейінгі желі: Алматыда метроны дамытудың егжей-тегжейі айтылды

Авторы: Елена Бахарева

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Join Telegram