ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Тәжікстан сыртқы саясат мекемесінің басшысы Сироджидин Асловтың Қазақстанға ресми сапары шеңберінде онымен кездесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Тәжікстан сыртқы саясат мекемесінің басшысы Сироджидин Асловтың Қазақстанға ресми сапары шеңберінде онымен кездесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөздер барысында қазақ-тәжік екіжақты ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен болашағы және өңірлік өзара ықпалдастық пен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды. "Ерлан Ыдырысов тәжік әріптесіне Душанбе қаласында биылғы шілдеде өтетін Сыртқы істер министрлер кеңесі мен қыркүйекте өтетін ШЫҰ саммитін сәтті өткізуге тілегін білдірді. Саммит аясында Қазақстан және Тәжікстан Президенттері арасында кездесу жоспарланғандығы да айтылды", - делінген хабарламада.
Е.Ыдырысов Қазақстан үшін Тәжікстан Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық серіктестіктерінің бірі екенін атап өтті. Тараптар үшін екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары - кен өндіруші өнеркәсіп, түрлі түсті металлургия, машина жасау, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, көлік және коммуникация, сонымен қатар ауыл шаруашылығы салаларында өзара ықпалдасу.
Сұхбаттасушылардың айтуынша, ынтымақтастықтың жаңа нысандарын дамытудың басты тетігі - биыл Душанбе қаласында кезекті отырысы өтетін Экономикалық ынтымақтастық бойынша екіжақты үкіметаралық комиссияның қызметін белсендіру. Екі елдің сыртқы саяси мекеме басшылары, сонымен қатар, Орталықазия өңірінің су-энергетикалық хал-ахуалын талқылады. "Бұл саладағы ынтымақтастық өзара сенімділікті арттыру, ашықтық пен барлық елдер мүдделерін өзара ескеруді қамтамасыз ету арқылы мүмкін болады деген сенімдеміз", - деп мәлімдеді ҚР СІМ басшысы.
Е.Ыдырысов аймақтық интеграция үдерісінің зор маңызын ерекше атап өтті. "Біз аймақтағы интеграциялық байланыстарды ынталандыруға тырысамыз. Орталық Азия әрқашан сыртқы саясатымыздың басым бағыты болды және болып қалады және біздің күшіміз осы қатынастарды дамытуға бағытталатын болады", - деді ол.
Екі елдің сыртқы саясат ведомствосы басшылары өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығының деңгейі мен мазмұнына қанағат білдірді. Соның ішінде, қазақстандық министр Тәжікстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымында (ШЫҰ) төрағалық етуін атап өтті және оның "Ынтымақтастық, өзара даму және өзара гүлдену" ұранымен өтіп жатқан төрағалығы Ұйым дамуы мен нығаюына жаңа дем береді деген сенімділігін білдірді. Сонымен қатар, Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдағаны үшін тәжік тарапына алғыс айтылды.
Келіссөздердің басты қорытындысы екі елдің саяси сұхбатының нығаюына мүмкіндік беретін екі ел сыртқы саясат ведомстволары арасындағы 2014-2015 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылуы болды.